Петропавл маңында 5 блокпост қойылады
Петропавл маңында 5 блокпост қойылады
Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков бүгін шұғыл түрде онлайн брифинг өткізіп, облыс орталығының карантинге жабылуына байланысты түсінік берді.
«Петропавлда эпидемиологиялық ахуал күрделі. Наурыз, сәуір, мамыр айларында вирус жұқтырғандардың саны Петропавлда небәрі 26 болған. Өткен тәулікте облыс орталығында КВИ жұқтырған 24 адам тіркелді. Соңғы бір аптада ауырғандар саны 105-ке жетті. Қазіргі уақытта инфекциялық стационарлар 43% -ке толық. Аурудың таралуын болдырмау және тұрғындардың арасында санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шектеу шаралары қолданылады», - деді Болат Жұмабеков.
Петропавл қаласының периметрі бойынша 5 блокпост қойылады. Олар Мамлютка қаласы, Бескөл ауылы, Булаев қаласы, Солнечный шағын ауданы және Шаховское елді мекені бағыттары бойынша орналасады.
«9 қарашада қала жабылады. Сол себепті осы уақытқа дейін тұрғындар тұрғылықты жеріне шығып немесе оралулары қажет. Кейін, 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда, тек ПТР тест нәтижесі арқылы кіріп-шығуға болады. Қала тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдар, азық-түлік, бірінші қажеттілік бұйымдарын тасымалдаушылар кедергісіз өтеді. Бірақ қызметкерлердің тізімін жергілікті әкімдікке жіберу қажет. Блокпосттар апаттық құтқару қызметтері мен жедел-жәрдем автомобильдері үшін ашық болады. Қала ішінде тұрғылықты мекенжайынан жұмыс орнына дейін және кері қайту үшін жұмыс берушіден анықтама болуы қажет. Қоғамдық көліктер тек дүйсенбі-жұма аралығында сағат 06.30-дан 22.00-ге дейін жұмыс істейді», - деді Петропавл қаласының әкімі.
Болат Жұмабековтың айтуынша, Петропавлда медициналық ұйымдар, азық-түлік емес дүкендер мен базарлар, азық-түлік дүкендері, қызмет көрсету және туризм саласының нысандары, спорт мекемелері, қоғамдық тамақтандыру нысандары, білім беру мекемелері, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен Call орталықтары жұмыстарын жалғастырады. Алайда, олардың жұмыс уақыты шектеулі болмақ. Сондай-ақ ол коронавируске қатысты қалалық әкімдікте call орталықтың жұмыс істейтінін еске салды, оған 87152 35 00 17 телефон нөмірі арқылы хабарласуға болады.