Ер адам бұрынғы жұмыс берушісін 7 миллионнан астам теңгеге тонап кетті
Ер адам бұрынғы жұмыс берушісін 7 миллионнан астам теңгеге тонап кетті
119
оқылды
Алматы қаласы Жетісу ауданының №2 аудандық сотында  «ZOOM» бағдарламасы арқылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 3-бөлігі 1,3 тармақтарымен сотқа берілгендер Ж.,Т. және А.-ға  қатысты қылмыстық іс қаралды. Соттың үкімімен Ж.,Т. және А. кінәлі деп танылып, әрқайсысы 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді. 2020 жылдың қаңтар айында сотталушы Ж. өзінің қыстық күртешесінің қалтасынан бұрынғы жұмыс орны, яғни «С» жеке кәсіпкерлігінің  қоймасының кілтін тауып алады. Сол сәтте оның ойында бөтеннің жеке мүлкін жасырын ұрлау туралы пиғыл туындайды. Өз ойын жүзеге асыру мақсатында ол Т. және А. есімді таныстарымен сөз байласып, бірнеше күннен соң жеке кәсіпкерліктің аумағына заңсыз кірген. Қоймаға кірген соң жалпы құны 2 489 072 теңге болатын циркуляторлық насостарын ұрлап кеткен. Өздерінің қылмыстық ниеттерін жалғастыра отырып, сотталушылар бірнеше күннен соң қоймаға қайтадан заңсыз кіріп, жалпы құны 5 508 460 теңге болатын кәсіпкерліктің мүлкін ұрлаған. Осылайша, жәбірленушіге 7 997 532 теңге сомасында материалдық шығын келтірілген. Сотта сотталушылар  өз кінәсін толығымен мойындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.