«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының біріккен отырысы өтті. Жиында қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының биылғы 10 айда атқарған жұмысы, Шымкент қаласындағы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалардың іске асу барысы баяндалды.
Қазіргі таңда қала тұрғындарының 94,7 пайызында ауызсуға толықтай қолжетімділік бар. Биыл ауызсумен қамту бойынша 30 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, жыл соңына дейін оның 20-сын аяқтау жоспарда тұр. Сондай-ақ тағы 34 мың тұрғын ауызсумен қамтамасыз етіледі. Өз кезегінде басқарма басшысы Жолшыбек Шайхисламов Шымкент қаласы тұрғындарына 2025 жылға дейін ауызсу, табиғи газ және электр қуаты 100 пайыз қожетімді болатынын жеткізді. Отырыс барысында Тұран ықшамауданы тұрғындарының 2 қараша күні «КТК» телеарнасы мен әлеуметтік желілерде жариялаған шағымы қаралды. Алдағы уақытта халық наразылығын тудырған мәселелер оң шешімін табатын болды. Атап айтқанда, «7-20-25» бағдарламасы бойынша алынған көпқабатты үйлердегі жылу, газ және ауызсумен қамтамасыз ету және тұрғын үйдің ішкі-сыртқы сапасын жақсарту күн тәртібіне енгізілді.Әбілмансұр ЖАСАН