Жүргізуші қорқатын муляждар қойылуда

Жүргізуші қорқатын муляждар қойылуда

Көңіліне желік бітіп, тақтайдай жолда тежеусіз құйғытқан көлік жүргізушісін не тоқтата алады? Әр шақырым сайын полицей қоюға мүмкіндік жоқ. Ішкі істер министрлігі басқа қулыққа басты: жолдардың апаттар жиі болатын учаскелерінде жарқылдауық маягі бар автомашиналардың муляждарын орнатып жатыр.

Бұлардың алғашқылары Ақмола об­лысында пайда болды. «Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдарда жарақаттану және өлім-жітім деңгейін төмендету мақсатында Полиция департаменті тұрақты негізде респуб­ликалық және жергілікті маңызы бар жолдарға тексеру жүргізеді. Мәселен, 2020 жылдың 10 айында Әкімшілік полиция 1 884 тексеру жүргізді. Оның ішінде ха­лықаралық маңызы бар тасжолдарда – 52, республикалық маңыздағы трассаларда – 224, облыстық жолдарда – 248, аудандық жолдарда – 253, шаруашылық маңызы бар тасжолдарда – 15 және қалалар көшелерінде 1 092 тексеру жүргізді. Нәтижесінде, 14 586 шақырым жол қамтылды», – деп хабарлады ІІМ. Оның қорытындысында жол қозға­­­лысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын және инженерлік құрылыс­­­­­тарды тиісті деңгейде ұстамағаны үшін жол-коммуналдық ұйымдардың лауазымды адамдарына 145 әкімшілік материал тол­тырылды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларына негізінен жылдамдық режимін бұзу себепші екені анықталды. Әкімшілік полиция басқармасы ҚазАвтоЖолмен бірлесіп, автожолдардың авариялық-қауіпті тұс­тарына жарқылдауық маягі бар полиция көліктерінің әзірге 5 макетін орнатты. Мысалы, 2-еуі Нұр-Сұлтан – Петропавл жолында тұр. Макеттер – тасымалданбалы, яғни орны ауыстырылып тұрады. Сонымен қатар бұл жолдың кілт бұрылыстарында жарықдиодты жыпылықтайтын катафоттар орнатылған. Полиция бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырады.

Айхан ШӘРІП