«Nur Otan» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында салынып жатқан құрылыс нысандарына бақылау жүргізді.
Қазіргі таңда бұл тұрғын үй алабында 9 қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Тағы бір көпқабатты тұрғын үй желтоқсан айына дейін пайдалануға берілмек. Ал №10 тұрғын үй маңына көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 123 пәтерлі №9 тұрғын үйдің құрылысын «Норис и К» ЖШС-і жүргізген. Жоба құны – 1,6 миллиард теңге. Бұл туралы «Норис и К» ЖШС-нің учаске басшысы Абиболла Жұмағалиев айтты. – «Нұр Ақтөбе» шағынауданындағы №23 және №9 тұрғын үйлер уақытылы пайдалануға беріледі. Құрылыс материалдары дер кезінде жеткізілді. Қазір әрлеу жұмысы жүріп жатыр. Нысанды жыл соңына дейін тапсырамыз, – дейді ол. Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аслан Жарасбаевтың айтуынша, шағынауданда өткен жылы 1 352 адамға пәтер берілген. Биыл 6 көпқабатты тұрғын үйдің 5-і, 11 аз қабатты үйдің 8-і тапсырылады. Құрылысы аяқталатын 13 үйде 1 632 пәтер орналасқан. Сонымен бірге 71 аз қамтылған көпбалалы отбасына «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Қазір оған конкурс жарияланған. «Комиссия мүшелері «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе-4» тұрғын үй алабында салынып жатқан үйлердің сапасын қарады. Қазіргі таңда «Нұр Ақтөбе-1» тұрғын үй алабында 11 аз қабатты тұрғын үй, ал «Нұр Ақтөбе-4» тұрғын үй алабында көпқабатты 4 үй салынып жатыр. Жылдың соңына дейін бәрінің құрылысы аяқталып, 365 отбасыға пәтер кілті тапсырылады деп жоспарлануда. – Үйлер екі жылға дейін кепілдікте болады. Егер пәтердің сапасына қатысты қандай да бір мәселе туындаса, олқылық кетсе, мердігер ұйымдар өз қаржысы есебінен жөндейді, – деп атап өтті «Nur Otan» партиясының Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов. Тұрғын үй алабына жүргізген бақылау жұмыстарынан соң комиссия мүшелері құрылыс сапасына оң бағасын берді. Ә.ЖАСАН