Тіркелмеген SIM картаны таратқандарға айыппұл салынды
Тіркелмеген SIM картаны таратқандарға айыппұл салынды
134
оқылды

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті абонентке тіркелмеген SIM карта таратқан ұялы операторлардың кейбір дилерлерін тексеруді аяқтады.

Нәтижесінде 4 сауда нүктесіне, соның ішінде «Технодом» және «Мечта» электроника дүкендеріне айыппұл салынды. Телекоммуникациялар комитеті елімізде 42 млн SIM карта сатылғанын анықтады. Егер оны халық санына шақса, әрқайсысына 2-3 абонент нөмірінен келеді. Бірақ, іс жүзінде бәрі басқаша.

«Жақында іске қосылған арнайы сервис арқылы азаматтар бірнеше мың нөмірдің иесі екенін анықтауда. Әрине, бұл азаматтар сол нөмірлер арқылы кімнің, қайда және не үшін қоңырау шалғанынан хабарсыз. Сол себепті, байланыс операторына хабарласып, белгісіз нөмірлерді бұғаттайды. Ал, бұғатталған SIM картаның пайдаланушылар байланыссыз қалады. Сондықтан да біз қазақстандықтардың құқықтарын қорғау үшін осындай тексеру жүргізу қажет деп есептейміз»,– деді комитет төрағасы Виталий Ярошенко.

Сондай-ақ, министрлік өкілі бұл мәселеде азаматтардың да жауапкершілік танытуы маңызды екенін ескертті.

«Абоненттік нөмірді сатып алған кезде азаматтар шарт жасауды талап етуі, өз мүддесін қорғауы тиіс. Өйткені дилерлер көбінесе өз әрекеттерінің заңсыз екенін біледі және азаматтардың аңғалдығын пайдаланады. Сондықтан, SIM картаны сатып алу барысында тіркеуді ұсынбаса өзіңіз талап етіңіз»,– дейді В.Ярошенко.

Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы «заңсыз» SIM картаның нарығын жою жөніндегі жұмыстың жалғасатынын айтты.