Аңқасы кепкен өңірдің азабы әзір бітпейді
Аңқасы кепкен өңірдің азабы әзір бітпейді
180
оқылды

Қазақстанда ауызсу тапшы екені мәлім. БҰҰ сарап­шы­лары қазақ елін суға тәуел­ді мемлекет деп атай­ды. Еліміз қажетті судың 85%-ын ғана жер бетіндегі өзен-көл­ден алады. Көбі жерасты құ­дық суын тұ­тынады. Тағы бір үл­кен бөлігі теңіз суын пайда­ла­на­ды. Мы­са­лы, Маңғыстау өңірі жыл сайын Кас­пийдің 1,2 мил­лиард текше метрден астам суын ішіп қояды екен.

Сусаған өңірлер саны артуда

Бүгінде әрбір қазақстандыққа шаққанда сумен қамтылу деңгейі жылына небәрі 6 мың текше метр­ден келеді. Мұның қанша­лықты аз екенін мынадан көресіз: Грузияда бұл көрсеткіш әр тұрғынға шаққанда 11 миллион 613 мың текше метр, көрші Қырғыз Респуб­ликасында 11 мил­­лион 763 мың м3. Түрікмен­станмен не Тәжікстанмен салыс­­­тырсақ, айыр­машылық тіптен ала­пат! Қынжылтатыны сол, Қазақстан аумағында су ресурстары біркелкі бөлінбеген. Мәселен, елдегі барлық су қорының үштен бірі – 34,5%-ы жалғыз Шығыс Қазақстан облы­сының еншісінде. Тағы 21,2%-ы – оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Су ресурстарының 13,4%-ы – батыс облыстарда. Ал ең кедейі – елорда мен оның айналасы: солтүстік облыстар еншісінде – 4,2%, орталық өңірлерде бар-жоғы – 2,6%. Ғалымдардың болжамынша, жердің жылынуы және парник газының артуы кесірінен құр­лық­тарды шөл басады. Бетін аулақ қыл­сын, егер сондай заман туса, нағыз «ақтабан шұбырынды» сонда бол­­­­­­мақ: шөліркеген халық жаппай шығыс пен оңтүстікке шұбыруы мүм­­­­­кін. Осылайша, республикамыздағы кәусармен молынан қамтылған өңір – ШҚО болып отыр: онда әрбір шаршы шақырымға 290 мың текше метр судан келеді. Мысалы, Грузияда бұл көрсеткіш 878 мың м3, Қырғыз Республикасында әр шар­шы шақырымға 245 мың текше метрге тең.

Суды аңсаған өңір

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінiң Су ре­сурстары комитетінің мәліме­тін­ше, Маңғыстау облысы – елдегі ең шө­лір­кіген №1 өңір саналады. «Онда тұщы судың қайнар көзі жоқ деуге болады. Сондай-ақ Атырау және Қызылорда облыстары судың өткір тапшылығын бастан өткеруде», – деді комитет. Жердің «қызуы» көтерілген сайын аңқасы кепкен облыстар, елді мекендер саны күрт артуы ықтимал. Парник газы шырқау шегіне жетіп, қыста қар, күзде жауын жаумай қалса, бүкіл солтүстік және орталық облыстар Сахарадай шөлге айналып шыға келмек. Әрине, бұл осы он­жылдықтағы емес, шамалы әрідегі перспектива болуы мүмкін. Қазір Қазақстанға шөлдеген батыс об­лысты сумен жабдықтау мәселесін шешу керек. Мәселен, өңірдегі тұзды суларды тазартып, ішуге жарамды етуге ар­налған басқа да жобалар қолға алынуда. Мысалы, Үкімет «Каспий» су тұщыту зауыты жобасына «Нұрлы жол» бағдар­ламасы аясында мем­лекеттік бюджеттен 3 миллиард 138,3 мил­лион теңге салды. Ол тәулігіне 20 мың текше метр су өндіруге қау­қарлы. Жобаны іске асырған Caspiy әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­рациясының дерегінше, «Каспий» зауытына бекітілген тариф жеке және заңды тұлғаларға 1 текше метрі үшін 216,89 теңге.

Су жоқ, сабыр таусылды

Маңғыстаулықтар суға қатысты мұң-зарын айтып, жиі наразылық білдіреді. Мысалы, биылғы тамызда Мұнайлы ауданының тұрғындары биліктен су тапшылығы түйткілін шешуді талап етті. Бұған қоса, Маң­ғыстау жақта су өте қымбат. Айталық, суының тарифі жоғары өңірлердің бірі Нұр-Сұлтанда 1 текше метр судың бағасы – 50 теңгедей, кәріз суы – 25 теңге. Маңғыстау облы­сының «астанасы» Ақтауда 1 текше метр судың құны – 223,87 теңге, кәріз суы – 104,90 теңге. Жергілікті шенеуніктер жұрт­шылықтан түсіністік танытуды өті­неді. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақовтың айтуынша, келесі 2021 жылы «Кас­пий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін ұлғайту жоспарланған. Әкімдіктің мәліметінше, облысқа жазғы уақыт­та әртүрлі көздерден тәулігіне 150 мың текше метр ауызсу келеді. Бірақ бұл аз. Маңғыс­таулықтарға қосымша 37 мың текше метр су жетпей қалады. Бұған халық саны­ның өсуі себеп болуда. «Кейінгі кезде су тапшылығына қатысты шағымдар әлеуметтік желіні кернеп тұр. Жазғы маусымда ауызсуды тұтыну еселеп артады, тиісінше, наразылық та өседі. Біз оның бәрін көріп-біліп отырмыз. Бұл мәселе әсіресе, Мұнайлы ауда­нына, Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр, Сайын Шапағатов ауыл­дарында өткір сезіледі. Аталған елді мекендерде су 2-3 сағатқа бе­рі­ле­ді», – дейді әкімнің орын­басары. «Каспий» қуатын арттыру жоба­сы мемлекетке 10,5 миллиард теңгеге түспек. Құрылысы жүруде. Алайда тек 2021 жылғы желтоқсанда аяқ­талады деп мәлімделді. Әлдебір кедергілер туса, әрі ысырылуы ғажап емес. Онда маңғыстаулықтардың азабы ұзайды. Әкімдік дерегінше, Кендірлі курорттық аймағында тәулігіне 50 мың м3 Каспий суын тұщы­лан­ды­ратын тағы бір кәсіпорын тұрғы­зылуы тиіс. Әзірге оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірлену үстінде. Содан кейін құжат мемса­раптамаға тапсырылады. Егер жоба бюрократиялық сергелдеңге салын­са, құрылысы уақытылы басталмаса, онда Жаңаөзен тұрғындары да су тапшылығының зардабын ары қарай тарта бермек.

Жуынды суды қайта жарату маңызды

Маңғыстаулық Жасұлан Нұр­мағамбетов Экология министрлігіне хатында өңірді пайдаланылған тұщы суды жинап, қайта қолдану режиміне көшіруді ұсынады. Мұндай тәсіл дамыған елдердің кейбірінде ен­гізіл­ген. «Мысалы, автожуулар пайда­ланылған суды жинап, қарапайым фильтрден өткізіп, көлік жууға қайта жаратсын. Бұл қоршаған ортаны қорғау, суды үнеммен жұмсау үшін қажет. Жалғыз Маңғыстау емес, еліміздегі барлық шөлді және шө­лейтті өңірлерде судың жетіспеуі мәселесі туындайды. Сондай-ақ теңіз суын тұщыландыру жүйесі кең өріс алуы керек. Бұл мәселе Маң­ғыстау, Атырау және Қызылорда облыстары үшін өзекті», – дейді қоғам белсендісі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мыр­зағалиев бұлай жасауға болатынын айтады. Өйткені қолданыстағы Су кодексінің 92-3-бабына сәйкес, дара кәсіпкерлер мен заңды тұл­ғалар, соның ішінде автожуу орын­дары да «техникалық сумен жаб­дықтау схе­масын таңдау кезінде суды қайталап пайдалануды қам­тамасыз етуі» қажет. Рас, оны жа­самағаны үшін ауыр жаза жоқ. Бізде бастамалар тек салмақты жазамен ғана ілгері­ле­тіледі. Демек, билік болашақта суды қайталай қол­дан­байтын кә­сіпкер­лерді жа­залауға кірісуі мүмкін. – Ішуге жарамды тұщы судың тапшылығы – Қазақстандағы ең көкейкесті проблеманың бірі. Сон­­дықтан мәселені шешудің тиім­ді, негізгі жолдарының бірі – қолда бар суды қайталай пайдалану және тұзды суды тұщыландыру. Маң­ғыстау атом-энергетикалық комби­­­­натында (МАЭК) суды тұщы­ланды­­ру қондыр­­­ғылары ұтым­ды жұмыс істеп тұр. Маңғыстау өңірінде жер бетіндегі тұщы су жоққа тән. Мұнай кен орын­­­­дарының және іргелес ауыл-кент­­­тердің суға деген қажет­­тілігін ҚазТрансОйл ұлттық ком­­­паниясы Астрахан-Маңғышлақ магистральді су құбыры арқылы Еділ-Волга суын жеткізу есебінен өтеп отыр. Сондай-ақ «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС де теңіз суын тұщыландырып жет­кізуде», – деді Мағзұм Мыр­зағалиев. Қазақстан Каспий суын қар­қынды сіміруде. Бір жыл ішінде МАЭК- Қазатомөнеркәсіп Кас­пийден 1 миллиард 286 миллион текше метр теңіз суын алған. Одан 218,196 миллион м3 ауыз су жа­салыпты. Бұдан өзге, Құрық ауылында теңіз суын тұщыландыратын зауыт құры­­­лысы басталған. Ол ел игілігіне тап­­­сырылып, толық қуатына шыға алса, облыс тәулігіне қосымша 50 мың тек­­­ше метр тұщыландырылған суға қол жеткізбек. Бұл зауыт Құрық, Жетібай секілді бірнеше ауылдың және Ақтау қаласының бір бөлігін, жалпы саны 200 мыңдай адамды ауызсумен қамтуға мүмкіндік беруі тиіс. Қалай болғанда да, кәусәрдің әр тамшысы құндылыққа айналатын заман таяп қалғанға ұқсайды.

Елдос СЕНБАЙ