Вакцина бәсекесі: ресейлік екпе де сәтсіз шықты

Вакцина бәсекесі: ресейлік екпе де сәтсіз шықты

Пандемия әлем жұртшы­лы­ғын дүрбелеңге салғалы адам­зат­та бір ғана мақсат болғандай еді, ол – коронавирусқа қарсы ек­пені әзірлеу. Бірақ вакцина дайындау ісі алпауыт елдер үшін бә­секе алаңына ай­налып шыға кел­ді. Адам ғұмырына жана­шыр­лықтан емес, бақталас­тық­­тан туған әрекет енді жемісін бер­мей жатқандай.

Өзгелерді сынаған Ресей жаңылысты

Жазда клиникалық кезеңде тұрған Оксфорд университеті мен AstraZene­ca компаниясының екпесі сәт­сіз­дік­ке ұшыраған еді. Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы осы вакцинадан үміт күткен болатын. Осы оқиғадан кейін Ресейдің ақпарат құралдары әлем назарын өздеріне бұрғысы кел­ген­дей әсер қалдырды. Тіпті, АҚШ пен Қытайдың өзі коронавирус ин­фе­к­циясына қарсы екпені дайындап үл­гермей жатқанда Ресей екпені ал­ғашқылардың бірі ретінде шыға­рып, тіркеп қойғанын айтып жар сал­ды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы бұған қатысты мүлде мә­лім­деме жасаған жоқ. Осыдан-ақ Ресей вакцинасына күмән келтірер жө­німіз бар. 11 тамызда Владимир Пу­тин Ре­сей­дің әлемде бірінші бо­лып коро­на­вирусқа қарсы вакцинаны тіркегенін хабарлап, айды аспанға бір-ақ шы­ғарды. Путин екпенің өте тиімді екенін, тұрақты им­мундық жүйені қалыптастыратынын және бар­лық қажетті тексерулерден өт­ке­нін атап өтті. Әйтеуір еліміздің әуел­ден «аты бар, заты жоқ» ресейлік вак­­­цинаға қызығып шыға келгенін ұқпай дал болғанымыз жасырын емес. Ол жай­лы сәл кейінірек. Бірін­ші өзгелерден өзін зор санаған Ресей вак­­цинасының қазіргі жағдайын шо­лып көрейік. Ресейдің сынақтан өтпей жатып тіркеп жүргені – Гамалея атындағы институт әзірлеген коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасы. Институт осы мақсатта 100 млн рубль шығындаған. Қыркүйектің басында Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі екпенің адамдарға арналған алғашқы партиясын шығарғанын мәлімдеді. Көп ұзамай «Спут­никтің» клиникалық сынағының соңғы кезеңі басталды. Оған 40 мыңға жуық ерікті қатысып жатыр. Вакцина араға үш апта салып екі рет егіледі. Егер ерікті қайтыс болса, жақындарына 2 млн рубль, ал бірінші топтағы мүгедек болып қалса, 1,5 млн рубль төленеді. Медицина сарапшылары вак­цинаны қазір қолданысқа шы­ғарудың қауіпті эксперимент еке­нін айтса да, «үздікке» балаған екпе сынаққа қатысқан адамдарға жаппай кері әсер етіп жатыр. Еріктілердің дене қызуы 40 гра­дустан асып, жүрек қағысы ми­нутына – 140-160-қа барған. Одан бөлек үздіксіз қалшылдап, діріл­дегендерін айтыпты. Алайда Ре­сей­дің билік өкілдері мен ме­ди­цина саласының жетекшілері ек­пеге шаң жуытқысы келмей­тіндей. Вакцинаны танымал адамдар да қабылдағанға ұқсайды. Мәселен, соның бірі – Владимир Путиннің қызы Катерина Тихо­нова да вак­цина салғызыпты. Ал «Открытые медиа» ресурсына сұхбат берген Ресей фармацевтика нарығы өкілдерінің жауабы бір арнада тоғысыпты. «Екпенің тиімділігі енді маңызды емес. Бастысы – Ресей бүкіл әлемнің алдында келеді. «Спутник» нашар болып шықса да, түк етпейді. Қысқа қарай тағы да вакцина жасалады, бірі жақсы әсер етіп қалар» дейді олар. Аңғарсаңыз, ресейліктер үшін әлемде «үздік болу» маңызды, бірақ іс жүзінде олай емес секілді. Адамдардың қауіпсіздігі мен өміріне назар салып отырғанын көрмейміз. Енді бір сауал, «Қа­зақстан неге Ресей вакцинасына құмартты?». Талай қозғалған мә­селе болса да, өзектілігін жоймаған сұрақтың бірі осы болатын. Расында, нәтижесі бұлыңғыр дүниеге иек артқымыз келетіні қалай?

Өзі жарымаған өзгені жарытпас  

Ресей вакцинасын сатып алу жайлы әңгіме шыққалы көп даудың тиегі ағытылды. Бұған қарсы пікір айтқандардың қарасы көп болған. «Еліміз Ресейдің сынақ алаңына айнала ма?» деген де даурықпа сөз тарады. Осы шағын дүрбелеңді басқысы келді ме, тамыз айының ортасында Денсаулық сақтау министрлігі «Еліміз COVID-19-ға қарсы ре­сейлік жаңа вакцинаны сатып алуды жоспарлап отырған жоқ. Сынақтар аяқталғанға дейін күте тұрамыз» деп хабарлады. Бұдан кейін «Қазақстан мен Ресей коронавирусқа қарсы вакцинаны жеткізу туралы келісімге қол қойды» деген ақпарат тарады. Шынында да, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен РФ денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко кездесті. Бұл келіссөз бойынша екпенің 2 миллионнан астам данасы елге жеткізілмек болған. Кейін ол 5 миллионға дейін артуы мүмкін екені қоса айтылды. Қазақстан үшін вакцинаның қажетті көлемін Н.Ф.Гамалея атындағы эпи­де­миология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы жасап беруге дайын екен. Оны Қа­зақстанға «Ресейдің тікелей ин­вестициялар қоры» тасымалдап бермек екен. Тамызда Денсаулық сақтау министрлігінің экс-ресми өкілі Бағдат Қожахметов «әзірге Қазақстан вакцина сатып алу жөніндегі ешқандай келісімшартқа қол қойған жоқ. Өйткені ол вакцина сынақтардың төртінші, клиникалық кезеңінен әлі өткен жоқ. Сондай-ақ вакцина тек ресейлік сертификаттаулардан ғана емес, халықаралық серти­фикаттардан да өтуі тиіс. Сон­дықтан бұл сұрақ бойынша әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ» деген. Соңында бұл әңгіме жылы жабылды. Қазір клиникалық сынағы сәтсіз өтіп жатқан ресейлік екпенің жай-күйі белгілі. Меди­цина сарапшысы Қайырғали Кө­неев те Ресей вакцинасына күмән келтіретінін жасырмады. – Ресей ғалымдары дайындап жатқан екпе әлі дәлелденген жоқ. Оның тиімділігін анықтау үшін кемінде 1 000 адамға егу керек. Сосын қауіпсіз екеніне көз жеткізу керек. Оған біраз уақыт қажет. Білуімше, бұл екпе қаңтар айында дайын болады деген. Қазір АҚШ-та екпе дайындап жатыр. Міне, олардың екпесі тиімді әрі қауіпсіз болуы мүмкін. Ал Ресейдің екпесіне күмәнім бар. Егер зерт­хана иелерінің сөзіне сенсек, біздегі халықтың 60-70 пайызында ПТР-тестте коронавирус инфек­циясы анықталмаса да, антидене қалыптасып үлгерген. Бұл бізде ұжымдық иммунитет жүріп жатыр деген сөз. Сондықтан Қазақстан халқының 60-70 пайызы симп­томсыз түрде де, ауыр түрде де COVID-19 диагнозына шалдықты. Демек, бұл адамдарға екпе салудың қажеті жоқ. Екпе не үшін са­лынады? Екпе – ұжымдық имму­нитетті көтеру үшін керек. Адам вирус жұқтырғанын білмей, екпе салдырса, онда аутизмдік дертке шалдығуы мүмкін. Тіпті, мутацияға ұшырауы ықтимал. Бұл – қауіпті. Сол себептен екпені инфекция жұқтырмаған адамға салу қажет. Ал мұны кім зерттеп жатыр, – дейді ол. Түйіндей келе айтарымыз, әлемде дайындалып жатқан вакциналардың көбі клиникалық кезеңге келіп сүрініп отыр. Ал Ресейдің екпе әзірлеудегі қазіргі амалын жанкештілікке балаймыз ба, әлде сол баяғы «үздік» болуға ұмтылыс па, ол жағы беймәлім. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі «вакцинаны әлі алмаймыз» деп даудың түйінін қойған. Сонымен, вакцина бәсекесінде ешкімнің де асығы алшысынан түсіп тұрған жоқ.

Мадияр ТӨЛЕУ