Қазақты қорлағанға – 2 жыл, Путинді сынағанға – 3 жыл

Қазақты қорлағанға – 2 жыл, Путинді сынағанға – 3 жыл

Ұлтаралық араздықты қоздырған Қостанай облысының тұрғыны Кирилл Божко екі жылға сотталды. Ол енді қоныс колонияда жазасын өтейді. Сотталушының кінәсі бейне­жазба мен арнайы сараптама арқылы дәлелденді. Сот барлық мән-жайды ескере отырып, Божконы 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Қыркүйектің соңында украиналық блогермен сұхбаттасқан рудныйлық Кирилл Божко халыққа қасақана тіл тигізіп, қазақтарды маймылға, қазақ тілін маймыл тіліне теңеген. Сұхбат жүргізіп отырған блогердің өзі «Ұлы қазақ халқына алғыс айтуың керек!» деп әлгіні ақылға шақырса да, сепаратистік пиғылын жайып салған «бесінші колонна» мүшесі райынан қайтпаған. Ертеңінде тағы бір видеосы тарады. Аптығы басылып, жүні жығылып қалған Кирилл Божко қазақ халқынан кешірім сұрап, өзінің удай мас болғанын айтып ақталды. Негізі, кейбір диаспора өкілдері ойына келгенін айтады да, артынан «жаздым, жаңылдым» деп көп жағдайда оңай құтылады. Бірақ бұл жолы құқық қорғау органдары көз жұма қарауға болмайтынын түсінсе керек. Өйткені әлеуметтік желіде халық шулап, Божконы жөнге салуды талап еткен. Адвокат Бауыржан Азанов мұны тым жеңіл жаза деп санайды.
– Екі жыл қоныс-колония деген не? Божко құдды бір жұмысқа келіп кеткендей, күндіз үйінде жатады да, кешке түрмеге барады. Бүтін бір халықты маймылға, оның тілін маймыл тіліне теңеу деген сұмдық қой. Өз басым 174-баппен талай іске қатыстым. Сонда дін жолында жүрген жігіттердің жай бір хадисті біреуге жеке хабарлама ретінде жолдағаны үшін 5, 7, 9 жылға сотталғанын көрдім. Олармен салыстырғанда Божконың жолы болған. Меніңше, Божко тұрғылықты жерінде берілетін «отбасылы, пәлен баласы бар, тәртібі жақсы» деген мінездеменің арқасында қатаң жазадан құтылған сияқты. Мысалы, Манас Бестаев деген журналист 5 жылға сотталды. Оны да 174-баппен айдап жіберді. Мен сот үкімімен келіспеймін. Бұл жерде басқа себептер болуы мүмкін, – дейді заңгер.
Кирилл Божконың үстінен атышулы 174-баптың 1-тармағы бойынша іс қозғалған. Ол тармақта «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасалса... екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеледі не сол мерзiмге бас бостандығынан айырылады» деп жазылған. Яғни, сот Божконы мейлінше жеңіл жазалауға тырыс­қанға ұқсайды.

Досов пен Божконың ісін салыстырған сарапшылар Рудный тұрғынына соттың бүйрегі бұрды деп есептейді. Өйткені Божко халықтың тілін, ділін, тіпті дене бітімін мазаққа айналдырды. Ал Досов сынаған Путин – өзге мемлекетті билейтін адам. Билік әлеуметтік топқа жатпайды. Саясатты сынау тұтас халыққа қарсы болу деген сөз емес. Керісінше, пікір алуандығы мен демократияның көрінісі. Оның үстіне, Ресей тарапы Досовтың үстінен ешқандай арыз түсірмеген. Қостанай сотының қара қылды қаншалықты қақ жарғанын осыдан-ақ аңғарамыз.

Осы орайда 2016 жылы Ресей президенті Владимир Путинді айыптап, Кремльдің Сирия мен Украинадағы әрекетін сынаған ақтөбелік Санат Досовтың 3 жылға сотталғаны ойға оралады. Айыбын мойын­даған азамат кәмелетке толмаған төрт бірдей баласы барын айтып, өзін бас еркіндігінен айырмауды сұраса да, судья рақым қылмаған. Досов пен Божконың ісін салыстырған сарапшылар Рудный тұрғынына соттың бүйрегі бұрды деп есептейді. Өйткені Божко халықтың тілін, ділін, тіпті дене бітімін мазаққа айналдырды. Ал Досов сынаған Путин – өзге мемлекетті билейтін адам. Билік әлеуметтік топқа жатпайды. Саясатты сынау тұтас халыққа қарсы болу деген сөз емес. Керісінше, пікір алуандығы мен демократияның көрінісі. Оның үстіне, Ресей тарапы Досовтың үстінен ешқандай арыз түсірмеген. Қостанай сотының қара қылды қаншалықты қақ жарғанын осыдан-ақ аңғарамыз. Айтпақшы, Санат Досов екі жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босады. Желідегі «сәуегейлер» Кирилл Божко да жазасын толық өтемейді деп топшылайды. Сот үкіміне Orda Life YouTube-арнасына берген сұхбатында заңгер Абзал Құспан да қарсылық білдірген.
– Қазақ халқының ар-намысына тигені үшін Қылмыстық кодексте өз алдына бөлек баптар қаралуы қажет. Ондай бап, мысалы Түркияда бар. Түркия Республикасында түрік мемлекеттілігіне, түрік халқына қарсы сөз сөйлегендер 301-баппен сотталады. Ал біз қазақтың дастарханына шығып билеген, тыр жалаңаш күйде сәукеле киген, домбыра сындырған әрекеттердің намысқа тиетінін анық біле тұра ешқандай шара қолдана алмай отырмыз, – депті адвокат. Әрине, 174-баптың айыз қандырған кездері де аз емес. Мысалы, «Қазақстан Ресейге қосылуы керек, орыстілді қауым шетқақпай көріп жатыр» деп шулатып жүретін Ермек Тайшыбековті алайық. Бастапқыда құзырлы орындар оның шовинистік һәм сепаратистік сарындағы үгіт-насихатын елемеген. Ақыры қазақ қоғамы өре түрегелгенде ғана нақты қимылға көшкен. Русофил қазақ бірінші рет 2015 жылы «ұлттық араздықты қоздырды» деп айыпталып, төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Ол кезде Тайшыбековтің үстінен ұлт патриоттарының өтініші негізінде қылмыстық іс қозғалған. Блогер 2017 жылы мерзімінен бұрын түрмеден босады. Саяси көзқарастары үшін оны «арандатушы», «Қазақстан тәуелсіздігіне қарсы адам» дейтіндер баршылық. 2015 жылғы сотта соңғы сөзін сөйлеген Тайшыбеков Қазақстан мен Ресей біріксе, қисынды болатынын және Қазақстанды ұлы мемлекет деп мойындамайтынын мәлімдеген. Рақым­шылықпен еркіндікке шыққан Ермектің идеологиясы бәз баяғы қалпында қалыпты. «Өз ойыңызды өзгерттіңіз бе?» деген сұраққа: «Өзгерткен жоқпын. Өз ұстанымым бо­йынша мен атеистпін, материалистпін, ультратехнократпын, орыс империалисімін, пронеміс-произраилдік бағытты ұстанатын русоцентристпін», – деп жауап беріпті. Сондықтан ғой, биыл қыркүйекте тағы да тұтқындалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Шығыс Украинада сепаратистер жа­ғында ерікті ретінде соғысып, Қазақстанда темір торға тоғытылған «бесінші колонна» мүшелері – өзінше бір тақырыпқа татитын үлкен әңгіме.
«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып» деп басталатын Конституцияда тең құқықтылыққа кепілдік берілген. Ақсың ба, қарасың ба, орыссың ба, қазақсың ба, христиансың ба, мұсылмансың ба, – заң алдында бәрі бірдей. Дүрдараздыққа жол жоқ. «Әркімнің өз көйлегі өзіне жақын» деп өзгенің құндылығын мойындамайтын, менікі ғана жөн дейтін бірбеткейлік жақсылыққа апармайды. Иә, мейірбан мінез-құлық ұлтымыздың бойында әзелден қалыптасқан. Бірақ қазақтың төзімділігін шарасыз көнбістікпен шатастырмау керек. «Ашылғанға – алақан, жұмылғанға – жұдырық» деген қағида бар. Ел иесі, жер иесі қазақ халқын қорлағандарды заңмен жазалап қана жолын кесе аламыз.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ