ПТР-тесттің бағасы қымбат, кезегі ұзақ
ПТР-тесттің бағасы қымбат, кезегі ұзақ

ПТР-тест тапсырудың әу­ресі қайта басталды. Жұрт то­сын шешімге наразы. Өйткені Семей қаласының көліктегі бас мемлекеттік санитар дә­рі­гердің  қаулыға сәйкес шы­ғыс қазақстандықтарға ПТР-тесттің теріс нәтижесі бол­маса өңірден шығуға ты­йым салған. Ал кезек пен тест бағасына наразы  ел дүбірі ба­сылар емес. Солтүстіктегі қа­уым да шығыстағылардың да­тына қосыламыз деп отыр.

2 қарашада Шығыс Қазақ­станның көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігері өңір тұрғындары мен қала қонақтарына жолаушылар пойызы мен ұщаққа ПТР-тестінің теріс нәтижесі болмаса, жол жүру мүмкін емесін мәлімдеді. Мұны естіген аймақ тұрғындары зертханаға асықты. Өйткені қаулы бойынша 3 қараша күні жол жүретін азаматтан да ПРТ-тест нәтижесі сұралады. Осылайша, зертхана алдында ұзын-сонар кезек пайда болып, наразылар қатары көбейген. Қаулы күшіне енгені сол-ақ екен, вокзал мен әуежайда СЭС қыз­меткерлері жұмысына кіріскен. Анық­тамасыз ешқайда жібермейді. Сен­бі күнге билет алып, буынып-түйінген ел қайтсе де тест тапсыру үшін барын салған. Ал кезектің жа­йына келсек, әлеуметтік қашықтық пен маскалы режим жайына қалған сыңайлы.

2 күн кезекте тұрдым

Карантин талабы жеңілдеген тұс­та жұрт қанатын кең серпи бастады. Ойда-қырда қалған заттарын түген­деп, ағайын-туыспен қауышты. Тө­тенше жағдай басталғанда әй-шәйға қарамай «қозғалған» студенттер ар­миясы еді. Енді олар жатақханадағы заттарын жинастырып, керегін үйіне алып кету үшін үлкен қалаға жол тартқан-ды. Қырсыққанда Семейге басқа облыстан келген бір топ студент ПТР-тест тапсыруға мәжбүр болған. Студент­тердің бірі зертхана­дағы жағдай мен кезек жайын тәп­тіштеп айтып берді. Медицина факуль­теті студенті неліктен жауап­тыларға наразы? «2 күн кезекте тұрдым. Бірінші күн барғанымда  алты сағат уақытым­ды босқа жұмсадым. Өйткені жа­уаптылар кезекті қолдан жасап отыр. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Егер арамызда инфекция жұқтырған адам болса, өзгеміз үшін зертхана жауап бере ала ма? Мәселен, олар бізге мобильді қосымша арқылы анкета толтырып базаға жіберу керек екенін айтпады. 1-күні тест тапсыруға бар­ғанымызда осы туралы ескерткенде, ешкім кезекке тұрып, уақыт жоғалт­пай үйлеріне қайтатын еді. Ал анкета толтырғандар біздің кезекте тұрға­нымыз­ға қарамастан ішке кіре берді. Біз болсақ шарасыз күйде қалдық. Не түсіндіретін адам жоқ, не 2 метр ара­қашықтық, маскалы режим дегенге қарайтын бірі жоқ», – дейді Балауса Айдарқызы. Әлеуметтік желіде зертхана маңында түсірілген видео тараған-ды. Қима-жима халық, наразылық біл­дірген ел дауысынан құлақ тұнады. Ал студент видеодағы көріністі растап отыр. Әрі зертхана дәрі­герлерінің әрекетіне ренжулі. ПТР

ПТР-тест тапсыру – қымбат

Желіде видео таралғанда-ақ тест бағасына наразылардың көп екенін байқадық. Instagram-парақшадағы пікірде ПТР-тест бағасының ел бойынша бір сомада болмауы да жұрт­ты алаңдатады. Мәселен, Ал­маты тұрғындары 12 мың теңгеге, Се­мейдегілер 9 мың теңгеге тест тап­сырған. Ал зертхана сайтында 19 қа­заннан бері ПТР-тест тапсыру бағасы 8 460 теңге деп көрсетілген. Әри­не, мұндай бағада тест тап­сырудың арнайы шарты бар. Десе де, сәл де болса арзан баға екені рас. «Айта кетерлігі, қалада студенттер бар. Бірі жұмыс істеп жүр. Ендігісі өзім сияқты қалған заттарын алуға келген. Мысалы, маған ПТР-тест бағасы қымбат болды. Семейге Алматы облысынан келдім. Келіп-кету, жатын орын шығыны бар. Оған ПТР-тест тапсыру жыры қосылды. Неліктен студенттерге жеңілдік қарастырылмағанына таңым бар. Мысалы, тестті 9 мың теңгеге тап­сырдым. Қарапайым студент шәкірт­ақысының жартысы деуге болады. Тым болмаса, 30-40% жеңілдік жа­сағанда жөн еді», – дейді студент Балауса Айдарқызы. Бағаны арзандату жайын Мем­лекет басшысы да бірнеше рет айт­қан-ды. Әлемде зертханалар желісі кеңейгеніне және тестілеу бағасының төмендегеніне қарамастан елімізде ПТР-тест құны түспей тұрғанын тілге тиек еткен. Оған қоса Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне ба­ғаға талдау жасауға бұйрық берген еді. Мысалы, vedomosti.ru таратқан мәліметке сүйенсек,  көршілес Ре­сей­де ПТР-тест бағасы 5 859 теңгеден (1050 рубль) басталады. Көп өтпей Солтүстік Қазақстан об­лысында да карантиндік шектеу шаралары күшейді. Бұдан былай ПТР-тест нәтижесі болмаса аймақтан басқа қалаға шығу мүмкін емес. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәліметі бойынша, тест тапсыру үшін  жеке тұлғалар 8 мың теңге, заңды тұлғалар 9 мың теңге төлейді. СҚО-да ПТР-тестті 4 зертханада тапсыруға болады. «Ата-анам күзгі демалыс қар­саңында Алматыға баруды жос­парлады. Билет алып қойған еді. Ал қаулы бойынша ПТР-тест тапсыру керек. Елдегі пандемия жағдайы қалай өрбитіні белгісіз. Олар Ал­матыға келген күннің өзінде, мұнда жағдай өзгеріп, Павлодарға қайту үшін тағы да ПТР-тест тапсырса ше? Екі есе шығын емес пе? Одан да Ал­матыға алған билеттерін өткізуге кеңес бердім. Жағдай қалыпқа келген соң, оңтүстік астанаға келудің сәті түсер», –  дейді Адия Тасболатқызы. Осындайда неліктен баға қымбат деген ой туады. Бұл елімізде зерт­ханалық талдау жүргізу сферасында бәсекенің жоғын білдіре ме? Өйткені ақылы тест тапсыру үшін 5-6 ЖСШ көмегіне жүгінесіз. Ал  соның ішіндегі кейбір зертхана сіздің қалада жоқ болуы мүмкін. Бірақ баға жайын қозғағанда бастапқыда ПТР-тест тапсыру бағасының 19 мың теңге болғаны еске түседі. Қазір орта есеппен 9 мың теңгеге тест тапсыруға болады. Алайда  бұл соманы кез келгеннің қалтасы көтермейді. Сәуір-мамырдағы баға сценарийіне мән берсек, желтоқсан-қаңтарға қарай елдің ойындағы баға кәсіп­керлердің «түсіне кіруі» мүмкін...

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ