Жалдамалы пәтерден ұтасыз ба, ұтыласыз ба?
Жалдамалы пәтерден ұтасыз ба, ұтыласыз ба?

Жастарға арналған  сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай бағдарламасы көптің көңілінен шықты. Бір ғана Алматы қаласында бағдарламаның 6-пул кезегі бастау алмақ. Қала әкімдігі 5-9 қараша аралығында жұмыс істеп жатқан жастар арасында Наурызбай ауданында жалдамалы пәтерге ие болу үшін өтініш берудің басталғанын хабарлады. Жинаған ұпай мен бағы қатар шапқандар Alma City-5 шағынауданындағы бір бөлмелі 350 пәтердің бірін иелене алады. Ал ұпай жинау үшін не қажет? Бағдарламаға қанша рет өтініш тапсыруға болады?

2019 жылы Елбасының нұс­қауымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласында жұмыс істейтін жастарды 3 мың жал­­дамалы пәтермен қамту бағдар­­­ламасы іске қосылған-ды. Содан бері әр мегаполистегі жауаптылар пәтерді кезең-кезеңімен тап­сы­руды бастап кеткен. Мысалы, Алматы қаласында almaty-jastary.kz сайты арқылы бағдарламаның қыр-сырымен танысасыз. Өтініш берушілердің дені сайттың тиімді екенін атап өтті. «Бағдарлама мегаполистерде жұмыс істеп жүрген жастар үшін тиімді. Сұранысқа ие 100 ма­мандық жайына да мән берген. Бір ғана Алматы қаласын алатын болсақ, бізде өтінім беру арнайы сайт арқылы жүзеге асады. Басқа қалалармен салыстырғанда, Ал­маты қаласында өтінім беру жүйе­лендірілген. Яғни, арнайы сайттан іздегеніңізді табасыз. Өзім екі рет өтініш бердім. Әрі алдыңғы кезең­дердің қалай аяқталғаны, нәти­жесі жазылған. Бұл ұпай есептеуде, пәтер алу-алмау көрсеткішіңді бағалау үшін ыңғайлы», – дейді Алматы студенттер Альянсы ұйымының төрағасы Жасұлан Бостандықұлы. Ал бағдарлама арқылы жалда­малы пәтерге ие болудың шартына аз-кем тоқталайық. Өйткені ал­ғашында жастардың айлық та­бысы 101 мың теңгеден кем бол­мауы қажет еді. Жаңа өзге­рістерге сәйкес қазір міндетті жалақы мөлшері – 110 мың теңге. Ұпай есептеуге келсек, сұранысқа ие 100 мамандықтың бірін меңгерген өтінім берушіге 10 ұпай қосылады. Некеге тұрған жастарға 5 балл, отбасындағы әр балаға 5 ұпай және жеке бизнесі бар тұлғаға 5 балл қосылады. Айта кетерлігі, бұрын жалдамалы пәтерді қала шетінде орналасқан тұрғын үй­лерден берген болса, қазір Нау­рызбай ауданынан пәтерлі болуға мүмкіндік бар.

Екі рет өтініш бердім

«Былтыр бірінші кезеңде 200-ден астам пәтер берілді. Өтініш тапсырғандардың ішінде мен де бармын. Жинаған ұпайым жет­пегесін, екінші кезеңде тағы да өтініш тапсырдым. Қате­леспесем, бірінші кезеңде ең тө­менгі ұпай 14 болды. Ал менің жинаған ұпа­йым – 6. Бастапқыда тұрғын үйлерді Алатау ауданынан берген, қазір Наурызбай ауданы да қо­сылған екен. Өзім екінші кезең қо­рытындысы бойынша Аққент тұрғын үй кешенінен пәтер алдым. Айына 11 мың теңге пәтерақы төлеймін», – дейді Барлық Нұ­рсерікұлы. Иә, жалдамалы пәтерге қолы жеткен жастар 8-12 мың теңге аралығында пәтерақы төлейді. Төлем құны пәтердің шаршы метріне қарай өзгереді. Бастысы, бағдарлама жастардың пәтерақыға жұмсайтын шығынын қысқартып, банктегі есепшотқа ақша жинауын көздейді. Мәселен, жобаға екі рет өтініш берген Жасұлан Бос­тандықұлы есепшотты әуелгіден ашпағанына өкінетінін айтып қалды. «Осы жылдың басында бағ­дарламаға өтініш бердім. Алматы қаласындағы тіркеудің уақытына байланысты конкурстан шет­тетіліп қалдым. Яғни, шарт бойын­ша 2 жыл тұрақты тіркеуде тұру керек. Менде бірнеше ай жетпей қалды. Одан кейін жа­лақым жетпеді. Бұрын айлық табыс мөлшері 101 мың теңге еді. Қазір 6-кезең өтіп жатыр. Құ­­жат­тарымды тапсырдым. Тұр­ғы­лықты мекенжайым бойынша барлығы сәйкес келіп тұр. Оның үстіне, есепшот ашу мәселесіне мән берілген. Осы жолы кем­ші­лігім банктегі депозитімнің уа­қытында болуы мүмкін. Өйткені есепшот ашқаныма 2 жыл болды. Мүмкіндігінше депозит мер­­зімі көп болса, ұпай қосылады. Мерзімі неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым жақсы. Қазір құжат тапсырғанда бәрін ескеріп отырмын», – дейді Жасұлан Бостандықұлы. Бағдарлама шартына мән берсек, сіз әр кезең сайын өтініш бере аласыз. Тек құжаттарыңыз жоба талабына сәйкес болуы ке­рек. Айтпақшы, бағдарламаға 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар қатысады. Бірақ өтініш берушілердің сөзіне мән берсек, шаһарда тұратын жергілікті жас­­тар бағдарламаға қатысуға құ­лықсыз. Олар аталған бағдар­­ла­маға қатысқанша, ипотекамен үй алуды ойлайды.

Бағдарламаға қатысқысы жоқ

«Бағдарлама туралы Зерендіде өткен республикалық жастар лагерінде естідім. Сол жерде министрлік өкілдері жобаның ар­тықшылығын түсіндірді. Әлеу­меттік желіде де бағдарлама туралы ақпарат көп. Алғашында кешкісін жұмыста отырып-ақ бағ­дарламаға өтініш бердім. Құжат­тарды ЭЦҚ кілті арқылы онлайн тапсырдым. Әрине, дос­тарыма жалдамалы пәтер алуға кеңес бергенім бар. Бірақ таныс­тарым бұл бағдар­ламамен пәтер алғысы келмейді. Әйтпесе, тұрақ­ты тір­кеуі бар, айлық табысы жеткілікті бірнеше танысым бар. Білуімше, қаланың жергілікті жастары бағдар­ламаға өтініш беруге құ­лық­сыз. Олар бұған қа­рағанда ипотекамен үйлі болғанды жөн көреді», – дейді Барлық Нұр­серікұлы. Иә, жастар шамасы келсе ипотека рәсімдегісі келеді. Бар тапқанын соған салып, қаржы нарығындағы жағдайды бақы­­­лайды. Неге? Өйткені көкейде «инфляция бола қалса, төлеп жүрген ақшап түк болмай қалар» деген алдамшы үміт бар. «Жастардың ойында «бес жыл осында байланып қаламын ба?» деген сұрақ бар. Бұған қоса, инфляция деген ұғым тағы бар. Мысалы, қазір 100 мың теңге 5 жылдан кейін құнсыз болып қалуы мүмкін. Сондықтан олар барынша ипотекамен үй алып, айына 100 мың теңгесін соған құюды жөн көреді. Айта кетер­лігі, қазір жастардың қолында бас­тапқы төлем жоқ. Банк ар­қылы үй алғыңыз келсе, кемінде 3 жыл банкке ақша жинауыңыз керек. Сонда кіріс-шығыс анық­­­тама­сынсыз үй алуыңыз мүмкін. Оның өзінде нақты емес, әйтеуір бір үміт. Ол үшін үнемі есепшотқа ақша салып отыру керек. Ал қазір жастардың орташа жала­қысы қанша? Ары кетсе, 150 мың теңге болар. 150 мың теңге жала­қымен банкке барсаңыз, сізге үйді ипо­текаға бермейді», – дейді Алматы студенттер Альян­сы ұйы­мының төрағасы Жасұлан Бостандықұлы. Сондықтан ұйым төрағасы мемлекет жасаған жағдайды пай­даланып, жалдамалы пәтер алуға кеңес береді. Ал жастарға «артық ақшаң болса, есепшотқа сал» деп айтудан жалықпайды. Өйткені тұрғын үйге қатысты қандай бағ­дарлама шықса да, айналып келіп есепшоттың мерзіміне келіп тіре­леді екен.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ