Парламент Мәжілісінің жұмысшы комиссия отырысында «Жалдамалы еңбек мәселелері бойынша заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланғаны белгілі. Талқылауға қатысқан «Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіптік одағы» ҚБ-нің Атырау облыстық филиалының төрайымы шақырылған Атырау қалалық мәслихатының депутаты Салтанат Рахимова жалдамалы жұмысшылардың еңбек қатынастары реттелмей келгені туралы айтып берді.
«Бұған дейін мемлекетімізде пайдаланылып отырған жалдамалы жұмысшылардың еңбек қатынастары реттелмей келгені рас. Заң жобасы соны реттеуге, яғни кадрлық агенттіктер мен рекрутингтік компаниялар арқылы жұмысқа тартылатын жұмысшылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Заң жалдамалы жұмысшылардың негізгі жалақысын теңестіру, оларды сақтандыру, зиянды еңбек жағдайлары үшін өтемақы төлеуді қарастырып отыр, яғни жалдамалы жұмысшылардың құқықтарын қорғауда бірқатар оң өзгеріс болмақ», – дейді Салтанат Рахимова. Әлеуметтік желіде жалдамалы жұмысшылардың жалақылары теңестірілетіні туралы да ақпарат тарады. Бірақ заң жобасы жалдамалы жұмысшылардың негізгі жалақысын көтеріп теңестіруді ғана көздеп отыр. «Кәсіпорынның өз жұмысшыларына төлейтін сыйақы, өтемақы мен түрлі ынталандыру жүйесі жалдамалы жұмысшыларға қолданылмайды. Сондықтан бірдей лауазымда жұмыс атқаратын тұрақты жұмысшы мен жалдамалы жұмысшының еңбекақысының арасында бәрібір теңсіздік пайда болады. «Бірдей еңбек үшін бірдей еңбекақы» принципі бұзылады, жалдамалы жұмысшыларды кемсітушілік пайда болады», – дейді депутат. Олар заң жобасына біліктілігі мен мамандығы, атқаратын жұмыстары бірдей жалдамалы қызметкер мен тұрақты қызметкердің жалақылары бірдей болуы тиіс және жалдамалы жұмысшыларға ұжымдық шарттың барлық жеңілдіктері мен әлеуметтік қорғау тетіктері қолданылуы тиіс деген норма енгізуді ұсынған екен. Өкінішке қарай, бұл қолдау таппапты. Тағы бір маңызды ұсыныстың бірі – қауіпті және аса қауіпті өндірістік нысандарда жалдамалы жұмысшылардың еңбек күшін пайдалануға тыйым салу болатын. «Біріншіден, қауіпті және ерекше қауіпті еңбек жағдайлары бар кәсіпорындар өз қызметкерлерін, отандық мамандар дайындауы керек. Сонда ғана ұрпақ сабақтастығына кепіл болатын еңбек династиялары құрылады. Еңбек династияларын көтермелеу – бұл ұжымдар мен қолайлы климатты құрудың, әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың және әлеуметтік серіктестікті құрудың негізгі факторларының бірі. Қауіпті объектілердегі қызметкерлердің ауыспалы салдары өндірістік мәдениеттің төмендеуіне, зиянды және қауіпті кәсіпорындар мамандарының құзыреті мен жауапкершілігінің төмендеуіне әкеп соғады, айналып келгенде, мұның бәрі кәсіпорындардағы қауіпсіздікке кері әсерін тигізеді. Сондықтан экономикалық объектілердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін оларды уақытша кадрлық агенттіктер арқылы тартпай, кәсіпорындар өз кадрларын даярлауы қажет. Екіншіден, қауіпті және ерекше қауіпті өндірістік объектілердің қызметкерлері толыққанды түрде әлеуметтік қамтамасыз етілуі керек», – дейді Салтанат Рахимова. Оның айтуынша, мұндай компаниялардың қызметкерлері толық әлеуметтік қорғалуға құқылы, сондықтан олар зейнеткерлікке шыққанға дейін барлық жеңілдік пен кепілдікті сақтауы керек, зейнеткерлікке шыққаннан кейін олар компания тізімінде қалып, жеңілдіктерге ие болуы керек. Расында да, жалдамалы қызметкер ауырған жағдайда кәсіпорындар оларды кадрлық агенттіктер арқылы тартылған жаңа кадрлармен алмастыра салады. Сондықтан кейіпкеріміз жалдамалы жұмысшыларды қауіпті және ерекше қауіпті объектілерге жұмысқа тарту дұрыс емес деген пікірді айтып отыр. «Қазір елімізде 300 мыңнан астам адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Кәсіби аурулар бастапқы сатысында нашар анықталады, кәсіптік патологиялық көмек жеткіліксіз, кәсіби ауруларды анықтау деңгейі өте нашар. Жалпы, Қазақстанда кәсіптік аурулар мәселесі мұқият көңіл бөлуді талап етіп отыр. Сондықтан өтемақы төлемеу үшін жұмыс берушілер кәсіптік аурулардың алғашқы белгілері анықталысымен немесе араға уақыт салып жұмысшылардың құрамын жаңартуға, «ескі» («науқас») жұмысшыларды жаңа («сау») жұмысшылармен алмастыруға тырысады. Өзінің барлық жемісті жылдарын зиянды жағдайларда жұмыс істеуге жұмсаған жұмысшыларға мұндай көзқарасты болдырмау үшін қауіпті нысандарда жалдамалы жұмыс күшін пайдалану дұрыс емес», – дейді депутат. Сондай-ақ жалдамалы еңбекке мерзім қою керек деген ұсыныстары да назарға алынбаған. Бұл, әсіресе ауыр және зиянды өндіріс орындарындағы жұмысшыларға қатысты қолданылуы керек еді. «Жалдамалы жұмысшыны оның нақты жұмыс істейтін жеріне жіберудің нақты мерзімі белгіленбеуі кадрлық агенттіктердің іс жүзінде компанияларда тұрақты жұмыс орнында қызмет істейтін жұмыскерлермен еңбек келісімшарттарын шексіз ұзарта беруіне мүмкіндік береді. Біз жалдамалы еңбекті тек 1 жылға дейін пайдалануды, егер 1 жылдан асып кететін болса, онда сол кәсіпорынға тұрақты жұмысқа қабылданатыны туралы норма енгізуді ұсынғанбыз. Ірі компаниялар кадрлық агенттіктермен өзара сөз байласып, тұрақты жұмыс орындарын аутсаффингке ауыстыру арқылы үнемі жалдамалы еңбекті пайдаланбауы үшін белгілі бір шектеулі мерзім енгізу қажет. Әйтпесе, біздің барлық жұмысшымыз болашақта тұрақты жұмыс орындарында істей жүріп, уақытша жалдамалы жұмысшы статусынан арылмайтын болады», – дейді Салтанат Рахимова. Заң жобасын осындай нормалармен толықтырған жағдайда ғана жалдамалы еңбек қатынастарын толыққанды реттеуге мүмкіндік болатынын айтып отыр. Әйтпесе, жалдамалы жұмысшылардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауға әлі толыққанды қол жеткізілген жоқ.