Жамбыл облысының полицейлері жеті жылдан бері халақыралық іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады. 2020 жылдың 4 қараша күні Жамбыл облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері Қырғыз Республикасының ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесе отырып 33 жастағы қылмыскерді қолға түсірді. «Қылмыскер адам өлтіргені үшін 2013 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген. Ол 2013 жылдың 21 маусымында түнгі сағат 01.00 шамасында Мерке ауданында өзі жанжалдасып қалған 40 жастағы ер адамды тапаншамен атып, оқиға орнынан қашып кеткен», - делінген облыстық Полиция департамеентінің хабарламасында. Қазіргі уақытта қылмыскер Қырғыз Республикасының Шу облыстық Ішкі істер басқармасында уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бүгінгі таңда оны Жамбыл облысына экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.