Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданындағы отбасы құрт сатып, одан түскен ақшаға үй салып алған. Ниетқабыловтар отбасы сүт өнімдерін өндірумен айналысып жүргеніне көптеген жылдың жүзі болды. Олардың шаруашылығында 20-дан астам сиыр бар. Құрт жасау процесін тездету үшін қарапайым ет тартқышты қолданады. Соның көмегімен үйде жасалған құрт зауытта шығарылғандай болып көрінеді. Пішіні де бірдей, біркелкі болып шығады. “ Әйелім екеуміз сиыр сауамыз. Қыста сүт аз болса да құрт дайындауды тоқтатпаймыз. Еңбекқорлыққа үйренген балаларымыз, бізге үй шаруашылығына көмектеседі”, – дейді Сарықұдық ауылының тұрғыны Дулат Ниетқабылов. Күніне олар 400-дей құрт дайындайды. Оны арнайы дайындалған жылы бөлмеде құрғатады. Әр апта сайын отағасы құртты сату үшін қалаға барады. Әлия Ниетқабылованың айтуынша, қазір сұраныс көп, 1-2 мыңдай сатады екен. «Біздің құртты тіпті Атырау тұрғындары да сұрайды”, – дейді ол. – 15 жыл ата-анамызбен тұрдық. Бір жыл бұрын ғана өз шатырымызға қол жеткіздік. Мұның бәрі табанды еңбектің арқасында. Осындай күш-жігермен тапқан ақшаның әрбір тиынын үнемдейсіз”, – деп мойындады Дулат Ниетқабылов. Алдағы уақытта сүт бизнесімен айналысатын отбасы цех салып, құрт өндіретін жабдық сатып алмақ.