Елбасы және түлеген Түркістан
Елбасы және түлеген Түркістан
132
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев киелі Түр­­кістан­ға бір кезде: «Әр­бір халық, әрбір тәуелсіз мем­ле­кет өзінің рухани ор­талығын нақтылап алуы ке­рек. Қа­зақстанның ру­ха­ни орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елі­нің рухани жү­регі» деп биік баға бер­ген болатын. Бұл пі­кір Түр­кіс­танның қайталанбас да­ра­лығын, онда тұлға, та­­рих және дін туралы ір­гелі түсініктердің бір нүк­теге шо­ғырланып, тұғырлы мем­ле­кетті­гі­міздің ұлы құ­бы­лы­сы­на айналғанын дәйек­тейді.


Қазіргі сәулетті елорда­мыз­дың ізашарының бірі болған, қилы заманда қазақтың ас­қақ айбарына айналған бі­ре­­гей әрі шежірелі шаһар Түр­­кістан – Қазақстанның та­­лайғы тарихын бүгінгі ты­ныс-тіршілігімен үзбей бай­ла­­ныстырып келе жатқан құт­ты мекен, баянды қоныс. Ол уақыт пен кеңістіктің та­ри­хи контексте түйіскен кие­лі мекені ретінде еңсемізді биік­тетіп, ауыз толтырып айтар та­қырыптың алтын арқауы болуға лайық. 

Жалпы, Түркістанды қай­та тү­лету идеясын еліміз тәуел­сіздік алған алғашқы жыл­дан бастап көтеріп, оны жү­зеге асыруға ден қойған Тұң­ғыш Президен­тіміз екенін атап айту әділетті болмақ. 

Со­ның айшықты бір айғағы – Түр­кістанда 1991 жылы Ел­ба­­сының жарлығымен Ха­лы­қ­аралық қазақ-түрік уни­вер­ситетінің ашылуы. Ол үшін Н.Ә.Назарбаевтың абырой-бе­делі арқасында Түркиядан қо­мақты қаржы тартылды.

Ұлы ақын, ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың атын иеленген оқу орны – түр­кі әлеміндегі тұңғыш ха­лық­а­­­ра­­лық университет. Оның ашы­лу салтанатында Ел­ба­сы: «Келешекте бұл Түркі ха­лық­­тарына ортақ оқу орнына ай­налады. Түркістанды осы уни­­верситет өркениет биігіне кө­­теруге тиісті» деген үлкен мін­­дет жүктеген еді. Соның ай­­нымай орындалып келе жат­қанын қазірден-ақ көріп отыр­мыз. Бүгінде Түркістан Нұрсұлтан Әбішұлының 2018 жыл­ғы 19 маусымда қол қойған жар­лығы негізінде облыс орта­лы­ғы мәртебесіне ие болып, өсіп-өркендеу үстінде. Аталған күн­нен бастап тұтас өлкенің жаңа тарихы басталды. 

 

БАЙТАҚ МЕКЕН БАЯНЫ 

Түркістан – мыңжылдық өр­кениеттердің торабы болған, тарихи кезеңдердің шежіресін жинақтаған, сан ұлт пен ұлыстың ұйытқысына айналған байтақ шаһар. Археологиялық қазбалар мен түрлі мәдени қабаттарды ақ­тарғанда табылған, сақ-ғұн дәуірінен бастап оғыз-қыпшақ за­манына дейінгі аралыққа тие­сілі талассыз жәдігерлер осы­ны растайды.

Елбасы 2000 жылы қазан­да Түркістанның 1500 жыл­ды­ғына арналған ғылыми кон­­ференцияда жасаған баян­да­масында: «Түркістан – ұлттық бос­тандығымыз бен елдігіміздің ақ ордасы. Қазақ халқының ұлт­тық мемлекеттілігін дүниеге әкел­ген алтын бесік әрі оны ке­мел­­­дендірген өнегелі мектеп»  деген тұжырым жасаған бо­л­­а­тын.

Жалпы, түркілік ұғымның жүгін арқалаған Түркістан шаһа­ры – ерте дәуір, орта ғасыр және жаңа заман тарихында ерекше орны бар, ұрпақтар сабақтастығы үзіл­меген жер. Оны облыс ор­та­лығы етіп бекіткенде Елбасы нақ­ты шешімге келмес бұрын бір­қатар мәселені ой тезіне, ақыл таразысына салғанын айта кету керек.

Алдымен қаланың ілгері замандағы және қазіргі дәуір­дегі мән-маңызы тарихи, сая­си, мәдени экономикалық, инф­­­рақұрылымдық тұрғыдан зер­де­ленді. Бұл арада көршілес туыс түркі халықтарының ор­тақ, та­рихы түйісетіні, соған орай, эт­носаралық және мемлекетара­лық байланыстар салмағы арта тү­сетіні де ескерілді.

Түркістанның тарихы және оның бүгінгі географиялық шарт­тары айналадағы көрші­лерімізбен өзара қарым-қа­тынасымызды тиімді ұйы­м­дас­тыру­ға мүмкіндік береді. Бұл рет­те Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы Түркістанға Өз­бек­стан президенті Ислам Каримов са­пармен келгенде айтқан мына сөзін бағдар етуге әбден болады: «Сонау алыс замандардың өзін­де де біздің бабаларымыз та­рих­тың шешуші кезеңдері мен сын сағаттарында осы арада бас қосып, болашақ жөнінде осы ара­да пәтуаласқан. Күллі Шығыс әлеуметі имандай ұйитын ұлы ғимараттың ішінде айтылған серт пен уәдеге болаттай берік бол­ған. Сол дәстүрден айнымау – біздің де парызымыз. Өйткені біздің мойнымызға тағы да заманауи заңғар жүк артылып отыр. Білекке білек, жүрекке жү­рек, тілекке тілек қоса білсек, сон­да ғана алда тұрған сын бе­лестен абыройлы өте аламыз».

Түркістан өлкесінің аса маңызды стратегиялық сипаты оның халықаралық ауқымдағы сая­сат, экономика, мәдениет, тіл, дін мәселелері бойынша мүд­делер шарпысқан уақытта үне­мі шекаралық меже бол­ға­нынан көрінеді. Ол Ұлы Жі­бек жолы арқылы бір жағы­нан Қытай мен Еуропаны жал­ғастырып жатса, екінші жа­­­ғынан Орталық Азия мен Ұлы даланы байланыстырады. Оғыз-қыпшақ, Қарахан, Хорезмшах, Шыңғыс хан, Ал­тын Орда кезеңдері, одан бергі Жошы, Шағатай ұлыстары, Әмір Темір мен Қазақ хандығы дәуірлеріндегі саяси, мәдени, діни, экономикалық ахуал ай­мақ­та бір-бірімен сабақтаса өр­біді. Отырар қаласы бұрынғы қуатынан айырыла бастаған тұста оның аймақтық беделі мен саяси-мәдени салмағы Түр­кістан шаһарына ойысып, арадағы рухани сабақтастық отырарлық ұстаз Арыстан баб пен оның шәкірті Ахмет Ясауи ара­сында жалғасты. Түркістан өңі­рінің жалпытүркілік маңызы арта түсті. «Шежірелі өлке мұ­сыл­мандар үшін де қасиетті болып саналады. Ел ішінде «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген қанатты сөз айтылады» деген Елбасы пі­кірі аймақтың осынау бір ғана қы­рын айшықтайтын айғақты сөз.

Патшалық Ресей заманында «Түркістан» империя құра­мын­­дағы әкімшілік-аумақтық бір­ліктің атауы болып, бағзыдан түркі халықтары мекендеп келе жатқан Орталық Азия өңірін қам­тыды. Ойшылдарымыздың «Қазақтың түп атасы – батыр тү­рік», «Арғы атам – ер түрік, біз – қазақ еліміз» секілді тұ­жы­­рымдарға табан тіреуі те­гін емес. Өкінішке қарай, боль­­­­­ше­виктік саясат түркілік та­нымның тамырына аяусыз бал­та шапты. Түркі бірлігін сөз етіп, Түркістан автономиясын құр­мақшы болған арыстар қу­ғын­ға ұшырап, жапа шекті. Түр­кіс­танды облыс орталығына ауыс­тыру туралы жарлыққа қол қойғанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Жиырмасыншы ғасырда қазақ­тың біртуар азаматтарының ел мүддесі үшін жүргізген саяси күр­е­сі де Түркістан атауымен тығыз байланысты болғанын бі­ле­міз»  деуі тарихтың сол бір талайлы тұсын меңзегені еді.

Тарих сахнасында аз ғана уа­қыт бой көрсеткен Түр­кі­стан Автономды Кеңестік Социа­листік Республикасының ғұ­мы­ры, өкінішке қарай, ұзаққа бар­май, 1924 жылы «бөліп ал да, билей бер» саясатының құрбаны болды. Сөйтіп, ғасырлар бойы Түркістан өлкесінде қанаттаса тіршілік етіп келе жатқан бауыр­лас, тілі жақын, тағдыры ұқсас, та­рихы ортақ, тілегі бір қазақ, өз­бек, қарақалпақ, қырғыз, түркі­мен халықтарының арасына сына қағылды. Тіпті, әу баста бір­дей ды­бысталып, жалғыз ма­ғы­наны біл­дірген «түркі» және «тү­рік» сөз­дерін бір-бірінен ажы­ра­та қа­райтын жағдайға жет­тік.


ЕЛДІКТІҢ АЛТЫН ТҰҒЫРЫ
Елбасы Н.Ә.Назарбаев сонау 1991 жылдың өзінде Орталық Азия елдерінің экономикалық интеграциясын іске асыру идея­сын ұсынғанда өңірдегі эко­номикалық мүдделердің, м­әдени-тарихи тамырлардың жа­қындығын, тілдің, діннің, тіп­ті экологиялық мәселелердің де, сыртқы қатерлердің де ортақ екен­дігін ескеріп, байырғы бір­лігіміздің заманауи жаңа үлгісін қалыптастыруды мақсат еткен еді.
Кеңес Одағы кезінде Қа­зақ КСР Министрлер Кеңе­сі­нің тө­рағасы болып қызмет ат­қарған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Әзірет Сұлтан ке­се­несіне арнайы барып, жағ­дайы­мен танысады. Содан бе­рі бұл қалаға деген ықы­ласы ке­мімей, оның болашақ тағ­ды­ры жөнінде әрдайым терең то­л­ғанып келгеніне жанында жүр­ген үзеңгілес серіктерінің бәрі куә.

Елбасы Түркістан қаласының ұлттық, өңірлік және жаһандық ауқымдағы беделі мен маңызын арттыратын шешімдер мен ша­­раларға қолдау көрсетуді ұдайы назарда ұстап отырды.

Тәуел­сіздіктің елең-алаңында Түр­кияға барған сапарында сол елдің басшыларын шақырып, Түркістанға өзі ертіп барып жүр­ді. Өзбекстан президенті Ис­лам Каримовпен кездесіп, «Түр­кістан меморандумына» қол қойған 1992 жылы Елба­сы­ның: «Бұдан былай түркі ха­лық­тары басшыларымен киелі Түр­кістанда кездесіп тұратын бо­ламыз» деген пікірі бір­лік­тің басты мәселе екенін білдірген пәтуалы тұжырым болатын.

Ешқашан сөзі мен ісі алшақ бо­лып көрмеген Нұрсұлтан Әбі­шұлының мұрындық бол­­уы­мен әр жылдары Түркі­стан шаһарына бауырлас Түр­к­ия Республикасының пре­зи­дент-тері Тұрғыт Өзал, Сү­лей­ман Демирел, Ахмет Сезер, Аб­дулла Гүл, Режеп Ердоған ар­найы келіп, Ясауи мазарының ба­сында дұға оқыды. Бұл – түр­кі­нің қара шаңырағын ұстап қал­­ған қазақ топырағына де­ген риясыз көңілдің, шексіз құр­мет­тің белгісі.

Сол кезеңде ел Прези­денті, ма­қаламыздың басында айтыл­ған­дай, Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қа­зақ-түрік университетін сал­дыр­ды. Сонымен қатар түрік ағайындармен тізе қосып, олар­­дың қаражатына Ясауи ке­се­несіне жөндеу жүргізіп, қа­бырғасы дымданып, бұзылу ал­дында тұрған қастерлі жә­дігерді жаңғырту, іргесін нығайту мүмкіндігі туды.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлының араласуымен Түр­кістанды түлетуге тікелей сеп­тігін тигізген төмендегідей іл­кімді істер атқарылғанын атап өт­кен жөн:

2000 жылы Түркістан қа­ласының ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілген мерейтойы салта­на­тында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев көпшілік алдын­да мазмұнды баяндама жасады.

2002 жылы Түркістанда өт­кен Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы да еліміздің өмі­ріндегі айтулы оқиғаға айналды.

2009 жылы Әзірбайжанның Нахчыван қаласында ұйым­дас­­­тырылған Түркітілдес мем­ле­­кеттер ынтымақтастығы кеңе­­­сінің саммитінде Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы­мен Түркі академиясы құрылып, Түр­кістанның аталған елдер та­­ри­хындағы орнын зерделеу тап­­сырылды. Бүгінде аталған ака­­демия Қазақстанның астана­сын­да табысты жұмыс істеп ке­леді.

2015 жылы Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұ­расының тізбесіне енгізілді. 2016 жылы осы халықаралық ұйым деңгейінде Қожа Ахмет Ясауи жылы аталып өтті.

Мұның бәрі түгел түркінің қадірменді тұлғасына айналған, таяуда Әзірбайжанның астанасы Ба­куде өткен Түркітілдес мем­ле­­кеттер ынтымақтастығы кеңе­сінің Құрметті төрағасы мәр­тебесін алған Елбасымыздың ұйыт­қы болуымен бірлесіп атқа­рылған үлкен шаруалар еді.



ІЗГІ МҰРАТТАР ІЛІМІ

Түркістан – әйгілі жерлесіміз Ахмет Ясауидің ілімі арқылы ис­лам дінін дәстүрмен астас­ты­рып, оның байтақ өлкеге таралуына өл­шеусіз үлес қосқан қасиетті ме­кен. Осы қалада ғұлама ой­шыл көзінің тірісінде-ақ жалпы түр­кі әлемінің, яғни ұлы Түр­кістан­ның рухани ұстазы ретінде та­н­ылды.

Бұл туралы Елбасы өзінің «Та­рих толқынында» атты кі­та­­бында былай деп жазды: «Түркілердің тұңғыш сопысы – Қожа Ахмет Ясауи 1093 жылы туған. Ол Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстанда да, бар­лық түркі халықтарына ұлт­тық рухани ілім жүйесін өр­нектеп берді. Нақ осы Ясауи ілі­мі арқылы ислам қазақтардың ру­хани өмір салтына айналды да, кейінгі сегіз ғасырдың өн бойын­да соларды жебеп келді. Қа­зақ хандығы мен қазақ халқы құ­рылғанда, солардың бастау-бұ­лағында осы ілім тұрды. Ясауи­дің ұстазы Арыстан бабтың Оты­рардағы кесенесі мен Қожа Ах­мет Ясауидің Түркістандағы ке­сенесі – қазақтардың ұлттық ру­х­аниятының аса маңызды ор­талықтары».

Н.Ә.Назарбаевтың «Ға­сыр­лар тоғысында», «Сындарлы он жыл» атты кітаптарында да да­нышпан бабамыз Ясауидің ілімі туралы толғамдары ұсынылған.

Бұған қоса Елбасымыздың қа­сиетті шаһарға әр сапары жақ­сы жаңалығымен есте қалды.

Мәселен, Түркістанға 2010 жыл­дың 26 мамырындағы жа­саған сапары кезінде ол Қо­жа Ахмет Ясауи атындағы Ха­лықаралық қазақ-түрік уни­верситетіндегі кездесуге жи­налған жастардың алдында ұлы баба мұрасын оқып-үйрену және оның мәні жөнінде сөз қозғады. Сөй­тіп, ясауитанудың, оның мұра­сын игеру саласының жаңа бе­леске көтерілуіне алғышарт жа­салды.

Ал 2011 жылы наурызда Түр­кістанда зиялы қауым өкіл­дері­мен жүздескенде Елбасы ой­шыл дана бабамызды руха­ния­тымыздың асыл тірегіне ба­лап, «қазақ даласының Кон­фуцийі» деп бағалаған еді. Елор­дамыздағы еңселі мешіт ғи­маратының «Әзірет Сұлтан» аталуы да сондықтан.

Тарих тереңіне үңілсек, қазақ хандығы 1598 жылдан бастап Түр­кістан шаһарына ордасын тігіп, ХVІІІ ғасырдың соңына дейін бұл өлкеде әуелі Еңсегей бой­лы ер Есім, одан кейін Сал­қам Жәңгір, Батыр, Тәуке, Әбіл­қайыр, Қайып, Болат, Әбіл­мәмбет, Абылай хандар билік ет­кені белгілі. Бұл әйгілі хандар мен қазақтың көптеген игі жақ­сыларына Әзірет Сұлтан жа­нынан топырақ бұйырды. Ел­басы «Тарих толқынында» кі­табында бұған да тоқтала келіп, төмендегідей тұжырымды ой ай­тады: «Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесі қазақ мемлекеттігінің нысанына айналып, кейінгі уа­қытта жалпыұлттық зиярат-қо­рым (пантеон) қызметін ат­қарды. Қазақ халқының ұлы пер­зенттерінің мүрделері осы жерде сақ­таулы. Сондықтан осынау тамаша ескерткішті қалпына келтіріп, бас біріктірер ортақ кін­дікке бүкіл ұлттың назарын ау­дарып отырғанымыз дұрыс».

Сөзімен ғана емес, нақты нұсқау беріп, игі істерге ұйытқы болған Тұңғыш Президенттің Әзірет Сұлтан кесенесіне деген қамқорлығы арқасында көне шаһардың шынайы шежіресін айқындау бағытында атқарылған еңбектердің өзі бір төбе.

Соның нәтижесінде Ясауи кесенесіне әлемнің түкпір-түкпірінен ағы­лып, зиярат етушілер қатары жыл­дан-жылға көбейіп келеді.


КИЕЛІ ШАһАР КЕЛЕШЕГІ
Тұңғыш Президентіміздің мем­лекеттік деңгейдегі аса маңызды шешімдер қабылдау ісін­де алдын ала байыпты бол­жам жасап, алыстан ойлайтын айрық­ша қасиетінің бар екені бізді талай рет тәнті еткен бо­ла­тын. Түркістан қаласын об­лыс орталығына айналдыру мә­селесіне қатысты 19 жыл бұрын айт­қан сөзі – соның нақты бір дә­лелі. 
Атап айтқанда, Елбасы Түр­кістан қаласының 1500 жыл­дығына арналған ғылыми кон­ференцияда жасаған баян­да­ма­сында: «Түркістанды об­лыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа ай­налдырудың басы» деген еді. Сол айтқаны бүгінде ақи­қат­қа айналып, бұлжымай орын­далғаны баршаға белгілі. 
Бұған қоса, аталған шара Шым­кент шаһарының тұрғын хал­қының саны 1 миллионнан аса­тын республикалық маңызы бар қалаға айналып, тынысы ашылуына, жаңаша өсіп-өркен­деуіне жағдай жасағаны анық.

Көз жетпесті көздейтін кө­­реген Елбасы облыс орта­лы­ғын ауыстырған бетте бір­ден екі бірдей маңызды құжат­қа – Түркістан қаласын дамы­ту тұжырымдамасына жә­не  Turkistan арнаулы эко­но­­микалық аймағын құру ту­ралы жарлыққа қол қойды. Со­ған сәйкес, қаланы дамыту­дың мақ­сат-міндеттері, басым­дық­тары мен жүзеге асыру жолдары пысықталып, ауқымды шаралар қолға алына бастады.

Бүгінде әкімшілік ғимарат­­тарды, тұрғын үйлерді, әлеу­­­­мет­тік және инженерлік инф­­рақұрылымды қамтитын, Түр­­­­­кістанда қолға алынған жал­пы құны 275 миллиард тең­ге кө­леміндегі қыруар қар­жы қа­рас­тырылып, жүзеге асы­­рылмақ 150 құрылыс жоба­сы­ның 102-сі – биылғы жылдың еншісінде.

Қазірдің өзінде қаланың ажа­рын аша түсер жаңа нысандар – облыс әкімдігінің ғимараты, ме­диа орталық, «Нұр-Сұлтан» алаңы, олимпиада резерві спорт мек­тебі, автовокзал ашылғанын, зәулім шығыс моншасы салынып жатқанын айта кету керек.

Тарихи Түркістан шаһары өз за­манындағы қала құрылысы технологиясының озық үлгіле­рі­не негізделіп салынған, ор­та­­ғасырлық араб-парсы және түр­кілік сәулет өнерінің жетіс­тік­терін бойына жинақтаған қо­ныс болған. Ендеше, қаланың келешектегі архитектуралық келбетін қалыптастырғанда, сөз жоқ, тарихи сабақтастықтан бас тартуға болмайды. Батыстың постмодерндік әшекейлерінің түр­кілік дәстүрлі айшықтармен үйлесім тапқаны абзал. Бұл рет­те Елбасының құрылыс зат­тарының бәрін сырттан та­сы­малдай бер­мей, Сауранның саз балшы­ғын ұқсата пайдаланған бая­ғының ше­берлерінен өнеге алып, отан­дық өнімдерді кәдеге жа­рата білу керектігін ескертуі орынды.

Тарихи ескерткіштерді рес­тав­рациялаудағы түйткілдерді жүйелі әрі түбегейлі шешу, кө­не­ден келе жатқан ұлттық қо­лөнерімізді кейінгі ұрпаққа жет­кізу, шеберлік құпиялары мен қолөнер технологияларын сақ­тау, нығайту және жаңғырту үшін Түркістанда білікті шеберлердің басын қосатын, тәжірибесін тарататын «Ұлы Жібек жолының ұлттық дәстүрлі қолөнер орта­лы­ғын» ашу мәселесінің қолға алынғаны да – Нұрсұлтан Әбішұлының нұсқауы.

«Елбасының: «Тарихы терең Түркістанның туризм үшін де маңыз­дылығы ерекше. Қаланың то­ғыз жолдың торабында орна­ласуы сыртқы туристер мен жер­­гілікті тұрғындар үшін өте қолайлы» деп байлам жа­сауы қазірден қолға алынып жат­қан талай ілкімді істерге түрткі болды. Мәселен, өңір­дің тұрғындарын, киелі қала­ның қонақтарын қолайлы кө­лік инфрақұрылымымен лайық­ты қамтамасыз ету үшін Түркістан халықаралық әуе­жайы құрылысының сапалы жүр­гізілуіне Нұрсұлтан Әбішұлы ба­са мән беріп отыр.

Сонымен қатар 2018 жы­лы Ақ­мола облысындағы ту­рис­тік ны­сандарға барған кез­­де сөйлеген сө­зінде ол: «Түр­­кістанды тез ара­да да­мы­та­мыз. Онда жақсы ту­рис­тік ор­талық жасау керек. Қа­зір­дің өзінде туристер барып жа­тыр, 100 мың турист болып қал­­­ды. Олардың санын әлі кө­бей­­туге болады» деп, жаңа об­­лыс орталығының болашағын ұдайы ойлап жүретінін тағы да аңғартты. Мұның ар жа­ғын­да көрші Өзбекстанның Таш­­кент, Бұхара, Самарқанд сияқ­ты тарихи қалаларымен Түр­­кістанды туристер ағыны ар­­­қылы байланыстырудың ел­а­ралық достыққа да, өзара тиім­­ді экономикалық дамуға да пайдасы ұшан-теңіз екені жө­­ніндегі жанашыр ойдың жат­қаны белгілі. 

Түркістанның өсіп-өр­кен­деуі тек Қазақстанның мәр­тебесін кө­теріп, әлемдік қо­ғамдастық ал­дындағы беделін биік­тетіп қана қой­май, күллі түр­кі дүниесінің абы­ройын асы­рары анық.

Облыс орталығы киелі қа­лаға көшкен соң Елбасы бая­ғы бабалар үлгісімен «Көне Түр­кістан жаңа Қазақстанның шы­райлы шаһарына айналады» де­ген сөздерді тасқа қашап жаз­ды­рып еді. Сол көреген бол­жам­ның қазірдің өзінде жү­зеге асып, ақиқатқа айнала бас­та­ға­нына барша халық куә.

Ғұлама ғасырлардың те­реңі­нен тамыр тартқан Түркістан әр­­бір атқан күннен үміт күтіп, әр таң­ды жаңа жоспарлармен қарсы алады. Оның келешегі кемел, ер­­теңі еңселі болатынына біз кә­­­м­іл сенеміз, өйткені қастерлі қа­­ланы жарқын бо­лашаққа бас­таған бү­гінгі ұлан-ғайыр өз­­ге­­рістердің ба­сын­да Тәуелсіз елі­­міздің Тұңғыш Президенті – Ел­­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі тұр.


Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ, 
ҚР Тұңғыш Президенті – 
Елбасы Кеңсесінің басшысы