Атыраудың экономикасы мен әлеуеті бәсеңдемейді
Атыраудың экономикасы мен әлеуеті бәсеңдемейді
281
оқылды

Бұл туралы Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атап өтті.

Атырау облысы – әлеуметтік-эко­номикалық әлеуеті жағынан көш бастап тұрған өңір. Ірі инвесторларды айтпағанда, отандық инвесторлар тарапынан атқарылып жатқан жүйе­лі жұмыстар көзге көрініп, аймақ соңғы жылдары өркениетті елдің орталықтарындай дамып келеді. Әр аймақтың климаттық және басқа да ерекшеліктеріне сай проблемалары Атырау өңірін де айналып өтпейтіні анық. Брифингте аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аймақ жұртшылығын мазалап отырған өткір мәселелерді ортаға салуы – сөзімізге дәлел. Айта­лық Атыраудың экологиясы жергі­лік­­ті тұрғындарды ғана емес, аймақ­ты басқарушы органдар үшін де өзекті екені сөзсіз. Аймақ басшысы жергілікті атқарушы биліктің аймақ­тың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында қандай шараларды қолға алып жатқанын айтты. Қазір Атырау­дың оң жақ жағалауында кәріз суын тазарту кешені құрылысының жоба­лау техникалық құжаттары дайын­да­луда. Сол жақ жағалаудағы кәріз суын тазарту ғимаратының құрылы­сы 2020 жылы аяқталады.

Айта кету керек, қазіргі қолда­ныс­тағы кәріз суын тазарту нысаны 1978 жылы пайдалануға берілген. Со­дан бері бірде-бір рет күрделі жөн­деу­ден өтпеген. Ал жаңа кешен іске қосылғаннан кейін пайдала­ныл­ған суды уақтылы тазартуға мүмкіндік туады. Бұл ең алдымен экология үшін маңызды. Лас су топыраққа, жерасты суына, тұтастай экожүйеге зиянды.

Тазарту қондырғылары жұмыс процесін жылдамдатады, тазартыл­ған ақпа суды шаруашылық қажетті­лік­­терге қайтадан пайдалануға болады.

– Атыраудың экологиясын жақ­сар­туға арналған нақты жоспар бар. Алдыңғы кезекте – бұған дейін Аты­рау­да болмаған кәріз суын тазарту кеше­нін іске қосу. Біз бір кешенді салдық, жақын уақытта екіншісін салуды бастаймыз.

Кәріз сулары булану алаңына еш­қандай тазартудан өтпестен құйы­лып келді. Сол себепті экологияға өлшеусіз залал келтірді. Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін қазіргі қол­да­ныстағы «Сасықсай» жабылады. Бұл алаң бірнеше жылдан бері тұр­ғын­дар тарапынан шағым туғызып келген еді. Кәріз суын тазарту кешені пайдалануға берілгеннен кейін ақ­па­су ағыны булану алаңына кел­ген­ше тазартудың толық сатысынан өтеді. Сол арқылы жерасты суы, то­­пырақ, атмосфералық ауа да таза­ра­ды, – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту – жергілікті атқарушы орган­дар­дың міндеті. Осыған байланысты зиянды заттардың атмосфераға түсуі­не мониторинг жүргізу назарға алы­нып отыр. Жергілікті бюджеттен мониторинг жүргізуге өлшеу құрал­дарын, автозертхана алуға 172 млн теңге бөлінді.

Бүгінде облыс аумағында ауа райына бақылау жүргізетін 45 станса жұмыс істейді, оның 17-сі – облыс ау­дандарында. Атырау қаласында 28 стан­са бар, оның 20-сы НКОК ком­па­­­­ния­сына, 4-АМӨЗ, 7- «Каз­гидро­мед» РММ Атырау филиалына тиесілі.

Қазір Атырау облыстық әкімдігі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында алматылық «Экосервис-С» компаниясымен бір­ле­сіп ауа сапасына онлайн монито­ри­нг жүргізу жүйесін іске қосуды қарастырып жатыр. Жоба аясында облыс орталығындағы ауа ластануы­ның нысаналы көрсеткішін орнату жос­парлануда. Мәліметтер геоақ­па­рат­тық порталда және қала көше­ле­рін­дегі LED экрандарда көрсетіліп тұрады.

 

Балық – байлығымыз

Атырау облысындағы өзендерде жүргізілген түп тереңдету жұмыстары оң нәтиже көрсетті. 2017 жылы Жа­йық, Қиғаш өзендеріндегі балық өте­тін арналардың түптерін терең­дету жұмыстары басталды. Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, аталған шара алғашқы нәтижелерін көрсете бас­таған.

– Су көлемін және гидрогео­ло­гия­лық режимді арттыру жобалары ба­лықтардың кедергісіз өтуіне, ба­лық қорын сақтауға, мекендеуіне және табиғи өсіміне қолайлы жағдай жа­сауға бағытталған, – деді Нұрлан Ноғаев.

Жайық өзенінің түбін тереңдету жұмыстарына республикалық бюд­жет­­тен 2,151 млн теңге бөлінген. Жал­пы ұзындығы – 62 шақырым. 16,9 шақырым жаңа арна қазу жос­пар­ланған. Жайықпен бірге Қиғаш өзе­нінің де түбі тереңдетілді. Осы мақ­сатқа республикалық бюджеттен 5,453 млн теңге бөлінген. Жүргізілген жұмыстардың жалпы ұзындығы – 154 шақырым, 2020 жылы аяқталады деп жоспарланған.

– Балық аулайтын өндірістік кооперативтер жыл басынан бері белгіленген лимит аясында 6 555 тон­­на балық аулады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 4 038 тонна болған еді. Өткен жылмен са­лыс­тырғанда кәсіптік балық аулау кө­ле­мі 2 517 тоннаға артты. Бұл жүр­гі­зілген түп тереңдету жұмыстарының оң нәтиже көрсеткенін аңғартады. Соның арқасында балықтардың өзен­­ге уылдырық шашуға өтуі жақ­сар­­ды, су қоймасында балық қоры сақ­талды. 2018 жылдың аяғында бол­­ған балықтың жаппай қырылу дере­гіне қарамастан, жақсы нәти­же­лер бар, – деді Нұрлан Ноғаев.

Атқарылған шаралар өзендердің гидрогеологиялық режиміне де оң әсер етеді. «Қазгидромет» РММ ай сайын Жайық өзеніндегі су сапа­сы­на, йон, биоген мен органикалық зат­тарға, ауыр металдарға мони­то­ринг жүргізіп отырады. Жайық өзеніндегі су сапасы нормадағы көрсеткіштерден аспаған. Сонымен қатар өзендегі су бассейніне де зерт­теу жүргізілуде. Жобаның басты мін­­д­еті – Жайық өзеніне антропо­ген­­дік факторлардың әсерін азайту жөнінде ұсыныстар дайындау. Зерт­теу барысында өзен түбіндегі шөгін­ді­лерден, балықтан, судан сынамалар алынады, зертханалық жағдайда сараланады. Зерттеу қорытындысы­мен мамандар өзеннің су бассейніне адамдардың ықпалын төмендетуге мүмкіндік беретін тұжырым шығ­а­ра­ды.

 

«Іскер ана» жобасы
еңбекті ақтап тұр

Брифингте аймақ басшысы Нұр­лан Ноғаев Атырау облысында ха­лық­тың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз то­бын қолдауға ерекше назар ауда­ры­­лып отырғанын айтты. Биылғы сәуір айынан бері өңірде «Іскер ана» эксклюзивті жобасы жүзеге асып келеді. Бұл бастама көпбалалы ана­лар­ды, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған, аз қамтыл­ған отба­сындағы аналарды бейінді оқы­туға, өз істерін ашуға, істерін кеңей­туге бағытталған.

Жоба қатысушылары екі апталық курстан өткеннен кейін шеберлік сабақ­тарына қатысады. Жаттық­ты­ру­шы мамандар көшбасшылық қағи­даларынан бастап бизнес сала­сы­ның әмбебеп маманы болуға дейін­гі саты­лық жолдарды үйретіп, бағыт береді. Биыл сәуір айынан бері жоба­ға Атырау облысының 900-ден астам тұрғыны қатысқан. Оның ішін­­де облыс орталығынан қашық ауыл­дар­­да тұратын әйелдер, «Жусан» ар­найы операциясы аясында елге де­пор­тацияланған 7 көпбалалы жал­ғыз­­басты ана бар. Осы жобадан 319 үздік түлек заттай грант алды. Оларға өз істерін алға қарай жалғас­ты­ру үшін қажет құрал-жабдықтар берілді.

– Қазір «Іскер ана» жобасы қаты­су­шыларының жұмыстарына мо­ни­торинг жүргізілуде. Жыл со­ңын­да курстан өткен барлық ананың қатысуымен салтанатты шара өтеді. Қорытынды шарада жоба қатысу­шы­ларының тауарларынан жәрмең­ке-көрме ұйымдастырылады, – деді Атырау облысының әкімі.

Айта кетейік, қазір жобаның көп­­­теген қатысушысы жаңа кәсіп мең­­геріп, өз бизнестерін ашқан.

Өңірде жұртшылықты мазалап отыр­ған мәселенің бірі – дәрігер­лер­дің жетіспеушілігі. «Әкімдік тарапы­нан жүргізіліп келе жатқан жүйелі жұ­мыс нәтижесінде, дәрігер маман­дар тапшылығы азайып келеді. 2016 жылы өңірге 160 медицина маманы керек болса, биыл бұл көрсеткіш 30 маманға дейін төмендеді. Алдағы уақытта бұл мәселені түбегейлі шешеміз» деп мәлімдеді облыс әкімі.

Одан бөлек, облыс әкімдігі тара­пы­нан өткен жылы 231 түлектің оқуы­на қаржы бөлінсе, оның 53-і – меди­цина саласын таңдаған. Биыл медицина мамандығында облыс әкім­дігі 56 бакалавр, 48 рези­ден­ту­раның оқу ақысын қаржы­лан­ды­руда. Аймақ басшысының айтуынша, алдағы уақытта маман жетіспеушілігі түбегейлі шешімін таппақ.


Атырау-Астрахан жолына төзім керек

Аймақ басшысы Н.Ноғаевтың ай­туынша, «Ресей Федерациясы шека­­расы – Атырау» жолын қалпына кел­тіруге бағытталған жұмыстар жос­­парға сай жүзеге асып жатыр. «Жал­пы ұзындығы 277 шақырым бола­тын жолдың бүгінгі таңда 60 ша­­қы­рым бөлігіне жөндеу жұмыс­та­ры басталды. Жобалық-сметалық құ­жат­­тамаға сай құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқ­та­луы тиіс. Бірақ құ­ры­лыс қарқыны жақсы болған­дық­­тан, құрылысшылар ерте бітіруі де мүм­кін» деді аймақ бас­шы­сы. То­лық­­тай пайдалануға 2022 жы­­лы бері­ле­ді деп жоспарланып отыр. Екінші бағыт – Атырау-Ақтөбе жолы, оның 27 шақырымы төселді. Ал 88 ша­­қы­рымы салынып жатыр, қалған 40 ша­қы­­ры­мын­да дайындық жұмыс­та­ры жүру­де» деді аймақ басшысы.


Дифференцияланған тариф пен электронды билет жүйесі

Атырау – дифференцияланған та­риф пен электронды билет жүйесі ен­­гізілген Қазақстандағы үшінші қала.

Аймақ басшысының айтуынша, қоғамдық көліктегі жол ақысына енгізілген дифференцияланған та­риф тиімділігін көрсеткен.

­– Өткен жылдың қазан айында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырауда электронды билеттеу жүйесі қанат­қақ­ты жобасы енгізілді. 11 қазанда жол ақысын төлеу жүйесін элек­трон­ды түрге ауыстыру үшін дифферен­ция­ланған тариф іске қосылды. Қа­зір қоғамдық көліктегі жол ақы­сын төлеудің 85 пайызы электронды түрде жүргізіледі деп сеніммен айтуға болады, – деді әкім.

Бүгінде электронды билеттеу жүйесі тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл бола­шақта қолма-қол ақшаны кө­лең­келі айналымнан шығаруға, жо­лау­шы легінің нақты мөлшерін анық­тауға, бюджетке салық түсім­де­рін көбейтуге, тасымалдау­шы­­лардың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде автопарктердің авто­бус­тар құрамын, материалдық-техни­ка­лық базасын жаңартуға, жолаушылар тасымалы саласындағы мамандар­дың еңбекақыларын, қызмет көрсету деңгейін көтеруге жол ашады.

Аймақта қоғамдық көлік қатына­сын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асып жатыр. Бағдарлама аясында Атырауда 160 жаңа автобус алынды. Келер жылы 170 дана автокөлік Семей қаласынан сатып алынады. Бүгінде Атырау қаласының тұрғындары 120 мың жолақы картасын алды.

 

Атырау облысы