«Бесінші жатахқана» – студенттік шақтың естелігі

«Бесінші жатахқана» – студенттік шақтың естелігі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журна­лис­тика факультетінде «Айқын» газетінің Алматы қаласындағы мен­шікті тілшісі, әріптесіміз Абай Аймағамбеттің «Бесінші жа­тақ­хана» атты кітабының тұсауы кесілді. Бесінші жатақ­хана деген атау бір Абай емес, қазақ журналистика сала­сын­да еңбек етіп жүрген көп әріптесімізге ыстық. Өйткені бұл – журфактың жатақханасы.

Абай бұл кітабында студенттік жылдардың жарқын естеліктерін майын тамыза жаза білген. Ол кейіп­­­керлерді де алыстан іздемепті. Олар – автор­дың құрдастары, сту­дент­тік жылдардың қызығы мен қиындығын бір­ге өткізген курстас­та­ры. Олар – қазір әлемнің түрлі айтулы универси­тет­терінде білімін шың­даған, журналистикада өз жо­лын таба білген жастар.

«Журналистика факультетінің 85 жылдығына орай белгілі журна­лис­­тер­мен шеберлік сабақта­рын өткізу, түлектермен кездесу және тү­­лек­тер­дің шығармашылығымен та­ныс­тыру сияқты түрлі шара ұйым­­­дастырылып келеді. Бүгінгі шара өз түле­гіміз Абай Аймағамбет­тің «Бесін­ші жатақхана» кітабының тұсаукесері – осы игі істердің жал­ға­сы. Абайдың қаламы жүйрік екен. Тілі майда, ойы ұшқыр. Кітапта ойдан құрастырып ештеңе айт­па­ған. Өз көзімен көрген, тіпті бастан кеш­кен оқиғаларды мәнді, маңыз­ды жайт­тарды әдемі жеткізе білген. Абай­дың қаламгерлік қары­мы қа­тая берсін!» деген Журна­лис­ти­ка факультетінің деканы, фило­ло­­­гия ғылымдарының кандидаты Са­ғат­­бек Медеубекұлы оған сәтті­лік ті­ле­ді.

Жиынға факультеттің ұстаз­да­ры, студенттер мен кітап авторының курс­тарстары, анығын айтқанда осы кітаптың нағыз кейіпкерлері қаты­сып, игі тілектерін арнады.

Абай осы кітап арқылы журна­лис­тика факультетіне, өз құрбы-құр­­дастарына үлкен ескерткіш жа­сады. Осыған дейін ара-тұра әлеу­меттік желілерде жариялап жүрген естеліктері енді тұтас бір жинаққа айналды. Тасқа басылған ой, қызықты сәттер ешқашан ұмы­тыл­майды. Өкшемізді басып келе жатқан кейінгі толқын кітап­ты оқи отырып ой түйеді, өмір­лік сабақ алады. Тілі жеңіл, оқиғасы түр­лі қы­зыққа толы кітап оқырман қауым­­­ның көңілінен шығады деген сенімдеміз.


Гүлнар ТӘЖИЕВА