«Ештеңеге қарамай...» сурет салады
«Ештеңеге қарамай...» сурет салады
189
оқылды

Nur Otan партиясының қол­да­уы­мен, Ұлттық музей­дің ұйым­дас­ты­руымен суретші Нұралы Шыма­нов­­тың «Ештеңеге қарамай...» атты сурет көрмесі өтті.

Шараның негізгі мақсаты — тағдыр­дың жазуына мойымай өмір­мен күресе білетіндерді өз­гелерге үлгі ету. Жыл мезгіл­дері, от­басы, адамның көңіл күйін бей­нелейтін картиналардың қай-қайсысы да бір-бірін қай­тала­майды.

Суретшінің әкесі Нұртас Шы­манов­тың айтуынша, ұлы күн ұзаққа сурет салудан жалық­пайды екен.

— Нұралының кішкен­тайы­нан таби­ғатқа ықыласы жоғары болды. Қол­өнерге бейім, әрбір су­ретін қайта­лан­байтын ерек­шелікпен салуға талпына­ды. Бас­таған ісін соңына дейін жет­кіз­бейінше жаны тынбайды. Кейін­гі жыл­дары күн ұзаққа су­рет салуға ден қой­ған соң, көр­ме­сін өткізсек деп мақ­сат қой­дық. Жыл­дың төрт мезгілін салған кез­де әр маусымның ерекшелігін бей­нелегенді жақсы көреді. Өйт­кені суреттері «сөйлеп» тұрса екен деп ар­ман­дайды. Баламның шы­ғармашы­лы­ғын құрметтеп кел­ген көпшілікке алғыс айта­мын, — деді Нұртас Шыма­нов.

Өмірдің қиындығына мойы­майтын қайсар жандардың ең­бек­қорлығы – көпке үлгі. Nur Otan партиясы республи­калық қо­ғамдық қабылдау бөлмесінің кон­сультанты Жұмажан Жүке­нов қай­сар жандардың еңбек­қор­лығын көпші­лік­ке жиі наси­хаттау керегін айтты.

— Талант қай кезде де өнер­і­мен көпшілікті таңғалдырады. Нұралының боямасыз өмірді бейнелеген карти­на­ларының қамтитын тақырыбы ауқымды. Қоғамда қайтпас қайсар жандарды жиі насихаттағанымыз абзал. Адамның жан дүниесін тебірентер пейзаждары таби­ғатты көз алдыңа әкеледі. Әлеуметтік тақырыптағы суреттері қоғамдағы өзек­ті мәселелерді сипаттайды. Елбасы ел ішіндегі таланттарды іріктеп, еңбегін халыққа үлгі етуді әрдайым айтып отырады. Сондықтан партия таланттар­ды қолдауға әрдайым әзір. Қиындыққа мойымайтын қайсар жандардың еңбек­қорлығын насихаттаймыз, — дейді Жұмажан Жүкенов.

Ал Нұралының анасы ұлының көрме­сін өткізу үшін көп ізденгенін, партиядан қолдау тапқанына алғысын білдірді.

— Ұлым бала күнінен сурет салуға, қолөнерге бейім. Үнемі ізденеді. Сурет салуда өзінің жеке қолтаңбасын қалыптастыруға тырысып жүр. Табиғат, жыл мезгілдерін бейнелегенді ұнатады. Болашақта танымал суретші болсам деген талабы таудай. Ұлымды қолдап келген көпшіліктің қамқорлығына дән ризамын. Тағдырдың жазуына мойы­майтын ұлыма халықтың қолдауы қанат бітіргендей болды, — деді Гүлжанат Шыманова.

Қайсар жандардың еңбегін насихат­тау келешекте жалғаса бермек.


Майра БАҚЫТ