Nur Otan партиясының қолдауымен, Ұлттық музейдің ұйымдастыруымен суретші Нұралы Шымановтың «Ештеңеге қарамай...» атты сурет көрмесі өтті.
Шараның негізгі мақсаты — тағдырдың жазуына мойымай өмірмен күресе білетіндерді өзгелерге үлгі ету. Жыл мезгілдері, отбасы, адамның көңіл күйін бейнелейтін картиналардың қай-қайсысы да бір-бірін қайталамайды.
Суретшінің әкесі Нұртас Шымановтың айтуынша, ұлы күн ұзаққа сурет салудан жалықпайды екен.
— Нұралының кішкентайынан табиғатқа ықыласы жоғары болды. Қолөнерге бейім, әрбір суретін қайталанбайтын ерекшелікпен салуға талпынады. Бастаған ісін соңына дейін жеткізбейінше жаны тынбайды. Кейінгі жылдары күн ұзаққа сурет салуға ден қойған соң, көрмесін өткізсек деп мақсат қойдық. Жылдың төрт мезгілін салған кезде әр маусымның ерекшелігін бейнелегенді жақсы көреді. Өйткені суреттері «сөйлеп» тұрса екен деп армандайды. Баламның шығармашылығын құрметтеп келген көпшілікке алғыс айтамын, — деді Нұртас Шыманов.
Өмірдің қиындығына мойымайтын қайсар жандардың еңбекқорлығы – көпке үлгі. Nur Otan партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Жұмажан Жүкенов қайсар жандардың еңбекқорлығын көпшілікке жиі насихаттау керегін айтты.
— Талант қай кезде де өнерімен көпшілікті таңғалдырады. Нұралының боямасыз өмірді бейнелеген картиналарының қамтитын тақырыбы ауқымды. Қоғамда қайтпас қайсар жандарды жиі насихаттағанымыз абзал. Адамның жан дүниесін тебірентер пейзаждары табиғатты көз алдыңа әкеледі. Әлеуметтік тақырыптағы суреттері қоғамдағы өзекті мәселелерді сипаттайды. Елбасы ел ішіндегі таланттарды іріктеп, еңбегін халыққа үлгі етуді әрдайым айтып отырады. Сондықтан партия таланттарды қолдауға әрдайым әзір. Қиындыққа мойымайтын қайсар жандардың еңбекқорлығын насихаттаймыз, — дейді Жұмажан Жүкенов.
Ал Нұралының анасы ұлының көрмесін өткізу үшін көп ізденгенін, партиядан қолдау тапқанына алғысын білдірді.
— Ұлым бала күнінен сурет салуға, қолөнерге бейім. Үнемі ізденеді. Сурет салуда өзінің жеке қолтаңбасын қалыптастыруға тырысып жүр. Табиғат, жыл мезгілдерін бейнелегенді ұнатады. Болашақта танымал суретші болсам деген талабы таудай. Ұлымды қолдап келген көпшіліктің қамқорлығына дән ризамын. Тағдырдың жазуына мойымайтын ұлыма халықтың қолдауы қанат бітіргендей болды, — деді Гүлжанат Шыманова.
Қайсар жандардың еңбегін насихаттау келешекте жалғаса бермек.
Майра БАҚЫТ