Елордалық жастарға баспана беріледі
Елордалық жастарға  баспана беріледі

Жыл соңына дейін елі­міз­дің үш ірі қаласында жұмыс істейтін жастар жалға бері­летін пәтерлерін алады. Үкі­мет сағатында айтылған ке­зекті мәселенің бірі – осы.

Елбасының тапсырмасымен Жастар жылына орай, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұ­мысшы жастарға тұрғын үй беру бойынша ережелерді бекіткен болатын.

Осыған сәйкес, қарашаның 5-10 күндері аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы 29 жасқа тол­маған жастарға сатып алу құқы­ғынсыз 5 жылға берілетін жалда­малы пәтерге өтінім қабыл­да­нады. Жалдамалы пәтерде тұр­ғысы келетін жастар осы уақыт аралығында Smart Astana қосым­шасы арқылы электронды өтінім беруі қажет. Жалға берілетін тұр­ғын үйге жалпы білім беретін мек­тептердің, техникалық және кәсіп­тік, орта білімнен кейінгі, жо­ғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу жоспарларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын жастар өтініш бере алады. Нарықта сұранысқа ие 100 мамандықтың тізіміне сәйкес, кәсіпті игерген аза­маттар, жас отбасылар, жас кәсіп­керлер, бюджеттік ұйымдар­дың қыз­меткерлері басым санат­тарға жатады.

Нұр-Сұлтанда биыл бір және екі бөлмелі 1 050 пәтер беріледі (30-70 шаршы метрге дейін). Нұр-Сұлтан қалалық «Тұрғын үй» қорының директоры Нұрсұлу Қожахметованың айтуынша, елордалық жастарға 1-2 бөлмелі 1 050 пәтердің кілті желтоқсан айынан бастап табысталады. «Барлық талапқа сай болған өтініш иелеріне екі бөлмелі – 202, бір бөлмелі – 848 пәтер беріледі. Пәтер жалдау құны айына шамамен 5-15 мың теңге. Жалдау құны пәтерлердің ауданына байланысты болады. Пәтерлердің ауданы – 30-45, 46-70 шаршы метр. Сатып алу құқығы берілмейтіндіктен, жастар 5 жылдан соң пәтерді босатады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін осы бағдарламаны электронды түрде жүргізуді жөн көрдік. Өтінім Smart Astana порталы арқылы электронды түрде қабылданады. Жалдамалы үйден үмітті болсаңыз, Smart Astana порталында ЭЦҚ арқылы онлайн режимде өтініш жібере аласыз. Өтініш бергеннен кейін біз оны өңдейміз. Өңдеу уақыты бірнеше күнді алады. Осы­дан кейін өтінім берудегі кем­шіліктерді жою үшін сізге бір күн береміз. Егер сіз тізімде бір нәр­сені ұмыт қалдырсаңыз немесе нақ­ты мәртебеңізді, деректерді нақ­тылағыңыз келсе, әр үміткерге құ­жат­тарды толықтыруға бір күн береміз» дейді Нұрсұлу Қожахметова.