Алматыда «Қазақ ханымы» халықаралық конкурсы өз мәресіне жетті. Бұл – елімізде алғаш рет аналар арасында өткен ірі байқау. Шараға 4 мыңнан астам келіншек қатысты. Олардың басым бөлігі – көпбалалы аналар. Олар бала-шағасын тәрбиелеп, отбасына ие болумен қатар түрлі салада еңбек етіп, кәсібін жүргізіп отыр. Қатысушылар еліміздің барлық өңірлері мен Қытай, Қырғызстан және Моңғолиядан келді. Байқаудың жартылай финалына өткен 25 келіншек өзара бақ сынасты.
Бұл байқауды ұйымдастырудағы мақсат – «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөздің мәнін ашу, әйел заты қанша нәзік болғанмен, қазақтың болашағының тізгінін ұстайтын ұрпаққа тәрбие беретін алып күш пен мықты рух иесі екенін көрсету. Ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, көненің көзін білетін, заманауи үрдістен қалыспаған, көпке үлгі бола алатын қазақ әйелінің образын насихаттау. «Заманауи қазақ әйелі қандай болу керек?» деген сұраққа жауап іздеп, қазақи тәрбиені бойына сіңірген қазақ келіншегінің бейнесін ашып көрсету.
Конкурстың басты шарттары бойынша шаңыраққа ие болу, қазан-ошаққа қаншалықты епті, өнері бар ма, қандай кәсіп иесі, ол кәсібінің мазмұны қандай деген сұрақтардың бәріне мән берілді. Әділ қазылар алқасы қазақ әйелінің сұлулығына, ішкі жан дүниесінің байлығына үңілді.
– Кейінгі жылдардағы қоғамдағы үлкен дерттің бірі – көпшіліктің жылтыр дүниеге құмарлығы. Той-томалақтың бәрі сол. «Тойған қазақ тегін іздейді» дегендей, енді тегімізді іздейтін кез келген сияқты. Біздің тектілігіміз анада. Қазақтың, Ұлы даланың Айғанымдары, Бопайлары, Домалақ анасы қазіргі кезде де бар. Өкінішке қарай, олар көлеңкеде қалып қалды. Енді біз сол аналарымызды ел алдына шығарып көрсетсек деген ой. Бұлар отбасы, ошақ қасында отырған аналар емес. Бала да тәрбиелеп, кәсібін де дөңгелетіп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүрген аналар. Бұл конкурс әкімшіліктің күштеуімен өткізіліп жатқан кезекті бір науқан емес, келіншектеріміз конкурсқа қатысуға әлеуметтік желілер арқылы өз ықтиярымен өтініш білдірді. 4 мың келіншектің ішінен мықтылары таңдалып, нағыз лайықты келіншектерге жүлделер тапсырылды, – дейді әділқазылар алқасының төрайымы, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада. – Бұл конкурстың мақсаты – ықылым заманнан келе жатқан қазақ келіндерінің бойындағы жігерді, рух биіктігін көрсету. Арлы, намысты қазақ әйелінің болмысын іздедік. Сондай болмысты елге үлгі етіп көрсеткіміз келді.
Финалға шыққан келіншектер өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, күй тартты. Би билеп, театрландырылған көрініс қойды. Әділқазылар алқасы жартылай финалға қатысқан 25 келіншектің 10-ын таңдап алды. Олардың қазақтың салт-дәстүрін қаншалықты білетінін тексеріп, сұрақтар қойды.
Байқау қортындысы бойынша 31 жастағы үш баланың анасы талдықорғандық Маржан Алтыбаева тәж бен 10 миллион теңге ақшалай сыйлықтың иегері атанды. Бірінші орынды алматылық Баян Мұсаева еншілесе, екінші орын атыраулық Жанар Қадыроваға, үшінші орын ақтаулық Гүлнар Жайыққа бұйырды. Олар байқау демеушілері дайындаған ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Үлкен сайыста көптің алдында өз білімін, білігін, өнерін көрсете білу де оңай шаруа емес. Байқау жеңімпазы Маржан Алтыбаева барлық сынақтан барынша мүдірмей өтуге тырысты. Ол байқау жеңімпазы болғанын сезіне алмай тұрғанын, оған ұзақ уақыт дайындалғанын айтты. Ол өзі жеңіп алған қомақты соманың бәрін қайырымдылыққа, аз қамтылған отбасыларға қол ұшын беруге жұмсайтынын айтып, елді риза етті.
Халықаралық конкурс алдағы уақытта дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрады деген мақсат бар. Асыл аналарды дәріптеу, олардың қоғамдағы, отбасындағы, бала тәрбиелеудегі болашақ ұрпаққа сіңіріп жатқан еңбегін бағалау осы бір конкурспен шектелмейді. Алдағы уақытта да түрлі шаралардың ұйымдастырылып тұратыны сөзсіз.