Той тәртібін түзеуге не кедергі?
Той тәртібін түзеуге не кедергі?
216
оқылды
Жуырда редакцияға «Пә­лен мекеменің құрыл­ға­нына 27 жыл толуына орай» тойға шақыру кел­ді. Бұл бізге қазақтың «бояу­шы, бояушы дегенге сақалын бояпты» деген сөзін еске түсірді. Соңғы кездері той­дың түрі көбейіп кетті деп даурығып жүрге­ні­міз­де мұнысы енді тіпті өрес­кел болды.

Домалақ датаны былай қойған­да, мынаның қасында 25 жылдық, 15 жылдық деп әр 5 жыл сайын той тойлап жатқанымыз жайына қал­ды. Енді 27 жылдық деп дүркіре­тіп той істеген мекемеден келер жылы 28 жылдық тойға шақыру алсақ, таң қалмайтын сияқтымыз.

Айтса айтқандай-ақ қазір той­дың түрі көп. Сәби өмірге кел­ген­нен бастап шілдехана, бесікке салу, 1 жасқа толу, тұсаукесер, тілашар, мектепке бару, зейнет жасы, күміс той, гауһар той тағы­сын тағы жал­ға­сып кете береді. Бұрынырақта әулетте 5-6 жасы үлкен әжелердің басын қосып, ырымын жасап өткізе салатын осынау жөн-жорал­ғы­ны қазір кейбір ағайындар аста-төк ұлан-ғайыр тойға ұластырып жүр. Кішкентай кезімізде әкеміз «туған күннің несі той, шындап келгенде өмірің өтіп бара жатыр» дейтін. Сол айтпақшы 70-80-90-100 жасты шүкіршілік етіп тойлауға болатын шығар. Ал енді жыл сайын әрбір туған күнді мейрамханада өткізіп, оған кемі 70-80, тіпті 200 адамға дейін шақырып дабыралату­дың не қажеті бар?

Жуырда әлеуметтік желіні шу­лат­­қан тағы бір тойдың куәсі бол­дық. Оның аты – «Шүкіршілік» тойы. Дәстүрімізге «жаңадан ен­ген» бұл тойдың жөні де, бәсі де бө­лек болды. Жалпы, ислам дінінде ысырапшылдыққа өте қатты мән берілген. Қасиетті Құранда: «Ішің­дер, жеңдер, бірақ ысырап етпең­дер. Алла ысырап етушілерді сүй­мей­ді» делінген. Сондай-ақ Исра сүресі 27-аятта «Шынында ысы­рап­қорлар Шайтанның туысы. Ал шайтан, Раббысына өте қарсы» деп ысырапшылдыққа байланысты терең түсініктеме айтылған. Енде­ше Құран аяттарын жаттап ала­тындай атағы бар Амангелді қажы­ның 100 рет Меккеге барып келге­нін дүркіретіп тойлауы – көпшілік­тің «жағасын» ұстатты.

Үлкен қажылықта 22 рет, умра қажылығында 78 рет болған ол осы уақытқа дейін 16 мыңнан астам Қазақстан қажысын Сауд Арабия­сына алып баруға жетекшілік жа­сапты. Діни сауатын елімізде мед­реседен бастаған ол білімін Каир қаласындағы университетте жетіл­дір­ген. 17 жылдан бері турис­тік ком­­панияда қажылық бөлімнің мең­герушісі, Рухани білім жетілдіру институтының директо­ры, тағы­сын тағы атағы дардай қажының бұл іс-әрекеті қалай болғанда да жұрт­шы­лыққа ерсі көрінді. Ұлан-ғайыр тойында ортаға уәзірлерімен шық­қан патшадай болып жасанып шығуы, тойға жиналған қауымның оған таң қалып, қаумалап суретке түсіріп жатқаны – табынушылық болып кеткен жоқ па деген ой да қылаң береді.

Иә, Алла қажылығын қабыл ет­сін, дегенмен әлеуметтік желіні шу­латқан бейнетүсірілімнен оқыр­ман­дардың түрлі пікірін көруге бо­ла­ды. Біреулер қажылық компа­ния­­ны басқарып отырған адамның жұмысы онсызда Меккеге барумен байланысты емес пе десе, енді бірі мына әрекетімен Алланың рақы­мын еселеп қайтарып алған жоқ па дейді. Бірі – оның әрекетін жақта­са, тағы біреулері – мұндай астам­шы­­лық­тың қажет емес екенін айту­да.

Несін айтамыз, қазір ысырап­шы­лыққа аса жол беріп жатқаны­мыз рас. Той-томалақ дейсіз бе, марқұм болған адамдарды ақырғы сапарға аттандыру барысы да ысыраппен өтуде. Хадистерде: «Жақын туысқа, пақыр-міскінге һәм жолда қалған жолаушыға тиісті жақсылығыңды жаса! Мал-дүниең­ді орынсыз шашып-төгіп, ысырап қылма. Шүбәсіз, ысырап­қор­лар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!» дейді. Одан да жоқ-жітікке көмектессек сол сауап екен.

Айта кетейік, Өзбекстан прези­денті Шавкат Мирзиёев осы жыл­дың сәуір айында Премьер-ми­нистр­лер мен әкімдерге және атқа­ру­шы билік өкілдеріне той-жиындарда сауық-сайран құрып жүруге тыйым салып, мейрамхана­лар алдында қызметтік көлік тұрған жағдайда шенеуніктерді қызметінен қуып, үстінен қылмыстық іс қозға­ла­тынын айтқан болатын. Есесіне, шенеуніктерді жоқ-жітікке көмек көрсетуге шақырған. Одан соң елдегі той салтын сынға алып, ар­найы заң қабылдауға тапсырма бер­ген. Таяуда Өзбекстан Респуб­лика­сының Олий Мәжіліс Сенаты мен заң шығару палатасы осы мәсе­лені арнайы қарады. Өзбек­стан­­да үйлену тойы туралы жаңа ереже қабылданды. Ереже бойын­ша үйлену той кортежі үш автокө­лік­тен аспауы керек. Үйлену тойы­на 250 адам, ал таңертеңгілік па­лауға 300 адам шақыруға болады. Сонымен қатар енді үйлену тойына әншілерді шақыруға шектеу қол­данылатын болады. Тойға 2 әнші­ден артық шақырылмайды. Ән­шілер мен тойды ұйымдасты­ру­шылар өзара шарт жасауға міндетті. Сондай-ақ аталған құжатта үйлену тойының уақытты 10.00-23.00, ал таңер­тең­гілік палау сағат 12.00-15.00 ара­лы­ғын­да өтуі тиіс деген талап бар.

Елімізде, әсіресе той жарысы қызып тұрған шымкенттіктер үшін көрші мемлекеттің бұл бастамасы құптарлықтай-ақ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев орынтаққа отырғаннан кейін-ақ журналис­тер­ге берген сұхбатында ХХІ ға­сыр­­дағы кердең мінезге даңғазалық пен ысырапшылдықты жатқыза­ты­нын, бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажетін айтқан. «Бұл туралы бұрынырақта, әлеуметтік желіде пікірімді де жаз­ған­мын» деген еді.

Алайда елімізде Мемлекет бас­шы­сының бұл бастамасын іліп алып кететін қосшы табылмай тұр.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы