Kundelik.kz: кім-кімді бақылай алмай жүр?
Kundelik.kz: кім-кімді бақылай алмай жүр?
447
оқылды
Қазір рейтинг дәуірі. Сан мен сапаға тең жауап бе­ретін кезең. Аталған екі фак­тордың kundelik.kz жүйе­сіне қатысы бар. Әлем электрон­ды күнделікті 1975 жылдан бастап қолданса да, әлі де жетілдіру керек. Біздің елге жүйенің келгеніне – 3 жыл. Кем-кетігі баршылық.

Біз көзбояуға жаман үйрен­генбіз. Дәл Тұрсынбектің әзілін­дегідей. Ауылға тексеріс кел­генде кедір-бұдырды барынша «жасырып» қоямыз. Мұнда да дәл солай. Рейтингтің әуресі үшін мұғалімді электронды күнделік толтыруға мәжбүрлейміз. Онсыз да жалақысынан қағазы көп ұс­тазға салмақ салып отырған жоқ­пыз ба? Ата-ана сайтқа кірмесе, бала үй тапсырмасын көрмесе, өзі электронды журнал толтырмаса, барлығына мұғалім кінәлі бо­ла­ды. Мысалы, Ақмектеп орта мектебінің мұғалімі Мейіржан Темірбек талап қойғандар әуелі жағдай жасауы керек екенін алға тартты.

«Мұғалімдердің қиналып отыр­ғаны – материалдық база­ның жетіспеуі. Соның ішінде ин­тернеттің қолжетімсіздігі. Әр кабинетте жеке-жеке интернет пен компьютер болмаса, қиындау болады. Телефонмен толтыру ың­ғайсыз. Сағадиевтің кезінде «күн­делік толтырыңдар» деген заң шық­қан. Бұйрық бар. Бар­лық жер қан­дай жолмен болсын, күнделік тол­тыруға мәжбүр. Сон­дық­тан жағ­дайы келсе мек­теп­те, үйде толтырады. Болмаса, қала­ға қа­ты­найды. Kundelik.kz-те рей­тинг бар. Ата-ананың, оқушы­ның кіруі рейтингке әсер етеді. Рейтинг қуалағаннан кейін жұмыс өнбейді. Интернет жо­ғары жылдамдықпен қамтыл­маса, жүйемен жұмыс істеу қиын. Тоқсанның аяғында бүкіл Қазақстан кіргендіктен сайт іс­те­мей қалады. 503 деген қате шы­ғады. Яғни, бір адамның бірнеше рет сайтқа кіруі. Бір мұғалім сайтты 15 парақшадан ашып қояды. Нәтижесінде, Google сізді хакер деп ойлап, автоматты түрде сайттан шығарып тастайды. Kundelik.kz-тен рейтингті алып тастаса игі еді. Сабақты уақы­тын­да толтыру деген тағы бар. Алыс аудан мен ауылды айт­пай-ақ қояйын, қаланың өзінде мұғалімдер қиналып жатады. Сондықтан осы жағын да қарас­тырса дейміз» дейді ол.

Шығысқазақстандық мұғалім­нің пікірін ата-ана да қостады. Kundelik.kz-ті жетілдіре түсу керек. Ата-аналарға мұғалім күн­делікті ескерту жасайды екен. Сайтқа кіріп, шыққаны қада­ға­ланатынын тексереді. Мұғалімді завуч, завучты мектеп директоры, директорды жоғары жақ тек­середі. Сонда өз ықтиярымен орындалмаған әрекет кімге керек? Мұнда пайда көретін кім? Көзіңе шеңбер бойымен бір-бірін қуып жүрген мысық-тышқан елестейді. Әйтеуір, бір-бірін қуып жүреді, бірақ нәтиже жоқ.

– Kundelik.kz баланың үл­герімін бақылап отырғанға жақ­сы. Жүйеге кіресің, кейін қай­та кірсең жөнді істемей қала­ды. Техникалық жағынан әлі де жетілдіре түсу керек. Баға қой­ғанда дәптердегі баға мен Kundelik.kz-тегі баға сәйкес келмей жатады. Пайызбен есеп­тегенде, ТЖБ мен БЖБ шы­ғарғанда көрсеткіш азайып қа­ла­ды. Бұл кәдімгідей әсер етеді. Сондықтан жүйе барлығына тиімді жұмыс істегенге дейін дамыту керек. Жалпы алғанда, жап-жақсы дүние, – дейді ас­та­­­на­лық ата-ана Нұргүл Қадырбаева.

Ата-ана сөзінің жаны бар. Бұл жайында БАҚ-та бір емес, бір­неше мәрте жазылды. Тіпті, мұға­лімдердің электронды күнделік толтыру үшін үйдің төбесіне шыққаны да айтылды. Біздегі көп нәрсенің көшірме екенін ескерсек, мұндай жоба әлемнің бірқатар елінде бар. Соның ішінде Ұлыбритания, Хорватия, Латвия, Ресей, Беларусь, Малайзия, Үндістан, Франция жүйені жақсы қолданады. Мысалы, Ресейде hi-tech, Элжур, Дневник.ру секілді балама бар. Басында бұл жүйе де сыр беріпті. Уақыт өткен сайын жаңарып отырыпты. Қарасаңыз, аталған елдерде мұғалім ком­пьютер үшін кезекке тұрып, қа­лаға сабылмайды. Әр кабинетте планшет бар. Мұғалім сабақта қолына ұстап жүріп-ақ, асықпай толтырады. Елімізде де осындай мүмкіндік қарастырылса жақсы болар еді. Сонда рейтингті де, басқасын да талап етуге болады.

– Kundelik.kz ең бірінші мұ­ға­лімнің онсыз да аз уақытын ұр­­лайды. Жүйені ашсаң, айналып тұ­рып алады. Істегенінен істе­ме­гені көп. Күн сайын кіріп тұр­ма­­саң, пайыз азаяды. Завучтар есеп­­тер деген бөлімге кіріп, кім кіріп тол­тырды, кім толтырмады, ба­қы­лап отырады. Баға қойы­ла­­­тын ескі бағдарламадағы 11-сы­­­нып­қа бүгін түске дейін сабақ өтіп, кешкі сегізге дейін бағасын қой­­­масаң, сұп-сұр түске боялып, баға мүлдем қойылмайды. Түстен кейінгі сабақты ертең таңертеңге дейін енгізу керек. Артықшылығы – ата-ана баласының үлгерімін бір­ден көре алады. Оқушыға үй тап­сырмасы көрініп тұрады. Деген­мен әуресі көп жүйе. Мы­салы, ин­тернет тартпайтын Керімағаш, Сарыбел ауылының мұғалімдері күнделік толтыру үшін сенбі, жексенбі күн­дері Жаркентке келіп, интернет орталықтарда, туыстарының үйін­де kundelik.kz-ті толтырады, – дейді А.Розыбакиев атындағы орта мектеп мұғалімі З. Бексұлтан­қызы.

Жоғарыдағы мұғалім сөзі­нен тағы бір мәселенің басы қылтияды. Республиканың жап­пай электронды жүйеге көшкені жақсы, әрине. Алайда бес саусақ бірдей емес. Жер мен жердің әлеуетін топшылап, сараптап шыққан жөн болар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы, Сол­түстік Қазақстанның кей ау­дан­дары, Алматы облысы, аумағы үшін интернетке қосылу – өзекті мәселе. Туризмнің иірімі бо­лып отырған Көлсайдың өзінде интернет ұста­­ма­ғансын, ары жағын топ­шы­лай беріңіз. Интернеттің шаруа­сына бай­ла­нысты мәжілісте ауыл­дарды интернетпен қамту туралы Үкімет сағаты өтті. Сонда Бақытгүл Хаменова ұстаздар тарапынан kundelik.kz-ке келетін сын-ескерт­пелерді атап өтті. Мә­жіліс де­пу­татының айтуынша, жал­пы білім беретін 697 мектепте кең­жолақты интернетке қосылу проблема. 93 мектепте интернет жоқ. Тарата айтар болсақ, Батыс Қазақстандағы 30 мектеп, Түр­кіс­тандағы 15 мектеп, Ақмола облысындағы 8 мектеп интернетке қосылмаған.

Сондай-ақ Хаменова интернет жылдамдығының әлсіз екенін Қа­зақ­телекомға сілтеді. Олар келісім­шартында жылдамдықты секун­дына 10 мегабит деп көр­сетсе, іс жүзінде 4 мегабиттен аспай тұр. Сондықтан сайт ұзақ айналып тұрады-мыс. Одан қала берді интернет істемесе ауа райына кінә артады. Өз кезегінде депутат тиісті министрліктен мил­­лион­­даған қаржыны тарифті реттеуге жұм­сауды сұрапты. Жөн-ақ. Хаменованың келесі сөзінің де жаны бар. «Ресей 2021 жылға дейін орта мектептегі интернет жылдамдығын секундына 50-100 мегабитке жос­парлап отыр. Біз де көштен қал­майық». Расымен, 5G дейміз, алды­мен бәрін стандарт жағдайға лайық­тап алмадық па?

Көштен де, көршіден де қал­мау­дың қамын жасау қажет. Сон­дықтан әлеуметті көтеру үшін әлеу­етті жақсарту керек-ау ша­масы. Бәрін бір арнаға тоғыс­тыру – сәтті іс. Бірақ Асан мен Үсен­нің хикаясын еске алыңыз. Сол себепті алдымен арбаның ал­­дыңғы дөңгелегін жөн­деп алайық.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ