Қыс басталмай, малтығып жатыр...
Қыс басталмай, малтығып жатыр...
115
оқылды

Қазақстан қысқа дайын болмай шықты. Салдарынан тек еліміздің ірі мегаполисінің көшелерінен ғана көретін көрініс – ғаламат көлік кеп­телістері енді ұлан-байтақ далада да орнауда. Мәселен, Ақтөбе об­лысында 200-дей автокөлік қарға малтығып тұрып қалған.

Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті маши­налардың қара жолда қаптап жиналуы олардың қарға батып қалуы кесірінен болғанын растады. Тиісті ақпарат түскеннен кейін жолды қардан тазарту жұмыстары басталған.

«Көлік тығыны» «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрамына кіретін «Самара–Шымкент» автожолының 1 076 (кей деректер бойынша 1 153) шақырымынан бастап, 1 240 шақырымына дейін со­зылып жатқан көрінеді.

– 2019 жылғы 3 қарашада сағат 18.33-те ТЖД пультіне «Самара–Шымкент» республикалық маңызы бар автожолдың 1 076-1 240 шақырымдары аралығында (Ақтөбе облысының Қарабұтақ кенті ауданында) 196 автомашина қар құр­сауында қалды деген хабарлама келіп түсті. 4 қарашада таңертеңнен бері жолдарды тазалау жұмыстары жүргізілуде. «Қазақавтожол» ЖШС техникасы жұмылдырылған. Жағдайды бағалау және эвакуациялауға мұқтаж адамдарды анықтау үшін аудандық полиция, тө­тенше жағдайлар және орталық аудандық аурухана бөлімінің 3 бірлік техникасы мен 9 адамы, сондай-ақ 8 өтімділігі жоғары техника жіберілді. Нәтижесінде, 7 стационарлы жылыту пункті орна­тылды, оған эвакуацияланған адамдар жеткізілуде. Барлығы 31 адам эвакуа­цияланды, – деп мәлім етті Төтенше жағдайлар комитеті.

Кешке қарай «Самара-Шымкент» автожолынан, атап айтқанда 1 076-1078 шақырымындағы телімінен, Қалыбай кенті тұсында 50 автокөлік, соның ішінде 20 жеңіл және 30 жүк машинасы қар «қақпанынан» құтқарылды. 96 автокөлік өздігінен жолға шыққан.

Алайда ресми мәлімет бойынша Ка­линин кенті бағытында, яғни «Самара–Шымкент» автожолының 1 132 шақы­рымында шамамен 50-дей автомашина қар астында жатыр.

Ақтөбе облысы ТЖД-да жедел штаб құрылды. 8(7132) 24-75-29 нөмірі бойынша «қауырт желі телефоны» жұмыс істейді. Барлық әлеуметтік желі түр­лерінде жабық жатқан жолдарға шығуға ты­йым салынғаны туралы ақпарат жіберіліпті.

Бұл ретте жалғыз Ақтөбе ғана емес, Қызылорда облысында да жолдар жабылуда.

Бұдан бөлек, ТЖ комитетінің жедел тобы Қарағанды облысының бірқатар қаласы мен елді мекендерін тексеріпті. Тексерумен Жезқазған, Балқаш, Қаражал қалалары, Жәйрем, Атасу, Ақтоғай және Ақсу-Аюлы кенттері қамтылды.

Ал 2019 жылы 5-6 қараша аралығында бүкіл елімізде қысқы кезде төтенше жағ­дайларды жою бойынша іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін даярлау мақсатында «Қыс-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізілетін болды.

Кең ауқымды оқу-жаттығулардың басшылық штабы Қарағанды қаласының ТЖД Дағдарыс орталығында орналасады. Барлық ақпарат соған келіп «құйылмақ». «Қыс-2019» оқу-жаттығулары аясында Қазақстандағы ТЖ-ны жою іс-әрекеттері пысықталып, авариялық-құтқару қыз­меттері және азаматтық қорғау құрама­лары арнайы-тактикалық жаттығулар өткізеді.


Елдос СЕНБАЙ