Елімізде кәсіподақтардың жұмысы қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Олай болар жөні бар. Өйткені кәсіподақтар жұмысы қоғам өмірін тұрақтандыру үшін ауадай қажет. Айталық, еңбек адамдарының заңды құқықтарын жан-жақты қорғауда кәсіпорындарда еңбек дауының алдын алып, шиеленіскен жағдайға дейін жеткізбей, көптеген әлеуметтік мәселені жергілікті жерлерде, еңбек ұжымдарында жедел шешіп беруге жол ашып беріп отырады.
Күні кеше кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіруде әртараптандырылған шараны қолға алу мақсатында «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы ғимаратында дөңгелек үстел өтті. Онда кәсіподақ жұмысының негізгі басымдықтары, басты бағыттары талқыланды. – Кәсіподақ – мемлекет пен жұмыс берушіге тәуелсіз, жалдамалы жұмыскерлердің экономикалық мүдделерін, құқығын ұжымдық шарт сынды түрлі құралдармен қорғайтын қоғамдық ұйым. Кәсіподақтар азаматтық қоғамға ынтымақтастық, әділдік, береке-бірлік тәрізді қажетті құндылықты енгізеді. Бұл құрылымдардың бастапқы міндетінің бірі – қоғамдық мүдделерді теңестіру және дауларды алдын ала келісім аясында реттеу, – деді «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадырұлы. Жиын барысында Алматы облысының кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әсет Қыдырманов өңірде атқарылған оңтайлы жұмыстың жайын баяндады. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық партия филиалы мен облыстық кәсіподақтар федерациясы арасында жасалған меморандум аясында атқарылар шаруаларға тоқталды.Әбілмансұр ЖАСАН