Алаяқ балгерлер ғаламторды игеруде
Алаяқ балгерлер ғаламторды игеруде
126
оқылды

Қазақстанда пандемия жағдайында барлық сала онлайн режимге ауысты. Қашан және кімнен коронавирус жұқтыратынын болжап біле алмаса керек, «балгерсымақтар» да клиенттерін интернет арқылы қабылдауға көшуде. Петропавл тұрғыны интернеттегі жалған балгерге 150 мың теңгесін аударып, алданып қалды.

27 жастағы қала тұрғыны поли­цияға шағыммен жүгінді. Оның ай­туынша, Фатима есімді әйел Instagram-да жігіт жолатпайтын әлдебір дуадан құтқаруға, болашаққа болжам жасауға және өмірді жақ­­сартумен байланысты рәсімдерді орын­дауға уәде етіп, хабарландыру жариялаған. Соның осы қызметтерін пайдаланған бойжеткен 1 ай бойы әйелге ақша аударып тұрыпты. Бірақ жасалған жоралғылардың тиімділігін сезінбепті. Өмірі де өзгермеген. «Рәсімдерді бастаған соң толық орындап шығу шарт екен. Орта жолда тоқтауға болмайды, барлық дұғаны аяқтау керек. Осылайша, ол мені бір рәсімнен келесі рәсімді орындауға және ақша аударуға көндірді, ақша майшам, түрлі шөп сатып алуға қажет деп түсіндірді», – дейді алданған қыз. Нәтижесінде, ол балгерсымақтың банк картасына және телефон нө­­міріне 150 мың теңге аударған. Барлық қаржы қалтасына түскен соң әйел сим-картасын лақтырып тастаған. Қыз алаяқтың құрығына түскенін сонда ғана түсінеді. – Алаяқтар түрлі айланы пай­­даланады. Жыл басынан СҚО-да 300-ден астам интернет-алаяқ тіркелді. Олардың арбауына түспес үшін ең дұ­рысы, күмәнді ұсыныстарға келіс­­пеген жөн. Тауарды тексерілген ин­­тернет-дүкендерден немесе сенімді қосымшалардан сатып алу керек, – дейді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция бас­­­қар­­­­­ма­сы­ның бастығы Петр Климов.

Е.ЕРДЕН