Елімізде адам саудасының тоқтайтын түрі жоқ. Күң мен малай иелену дәуірі ХХ ғасырда аяқталды. Соған қарамастан қазіргі кезде де өзгелерді еріксіз жұмысқа жегіп, еңбегін ақы-пұл төлемей пайдалануға құштарлар жетерлік. Ауыл-қала ортасында «құл» ұстау қиын. Сондықтан бұл кесір тәжірибе шалғайдағы шаруа қожалықтарында, қияндағы кәсіпшіліктерде өріс алған деседі.
Бірақ куәгерлердің дабылдауымен соларға аттанған мемлекеттік еңбек инспекторлары нәтижесіз қайтады. Себебі алыстан шаңдатқан көлікті байқаса, еріксіз еңбеккерлер жертөлелерге жасырынады. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы мамандарды «адам саудасы фактілерін тергеуге» үйретуге кіріспек. Елдің барлық өңірінен келген инспекторлар «Қазақстандағы адам саудасы: еңбекті пайдалануға байланысты істерді анықтаудың, тергеудің және соттарда қараудың қиындықтары» тақырыбы бойынша оқытудан өтуде. Арнайы курстарды осы ведомство, АҚШ елшілігі, Жоғарғы сот, ІІМ, Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырды. Әзірге 6 өңірдің еңбек инспекторлары арнайы дайындықтан өтті. Қазақстанда 2016-2019 жылдары 600-ден астам адам саудасының құрбанына мемлекет 288 миллион теңгеден астам сомаға қызмет көрсетті. Жергілікті атқарушы органдардың дерегінше, 2020 жылдың 1 жартысында 80 адам арнаулы әлеуметтік қызмет алды. Еңбекмині ел Үкіметінің «Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және оларға қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» әзірлейді.А.ШӘРІП