7 қараша күні әлеуметтік желіде Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы маңында бірнеше жүк көлігі жүрген, тіпті қоғамдық дәретхана орнатып жатқан сәт таспаланған видео тарады. Желі қолданушылары бірден наразылық танытып, мұндай ерекше жерге қандай да бір құрылыс жұмыстарының жүргені жөн емес деп қарсылық білдірген. Артынша осы жерде жаңа қонақүй бой көтереді деген ақпарат тарады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Жоба қолға алынса, мұны турист тартудың тартымды тәсілі деуге бола ма? Мамандар мен жауапты адамдар не дейді?
Бозжыра – Үстірттегі Бекет ата мешітіне барар жолдағы шатқал. Кейде мұны шоқы деп те атаған дұрыс деген пікір бар. Бірнеше миллион жыл бұрын тау түзілімдерінен пайда болған жыра расында ерекше көрініске ие. Әрі бұл табиғи ескерткіш Қазақстанның киелі жерлерінің тізімінде бар. Биіктігі 200 метрге жететін, бор үйіндісінен көтерілген әктас шыңдарды ел ішінде «азу тіске» ұқсатады. Міне, осындай ғажап табиғат тартуын осы күнге дейін көпшілік жабайы туризм арқылы тамашалап келді. Маңғыстауға ат басын тірегендердің осы Бозжыраға бармауы екіталай. Былай қарасаңыз, турист тартуға болатындай-ақ жер. Дегенмен осы ретте таяқтың екінші ұшы көрінеді. Әдетте мұндай аймаққа инфрақұрылымдарды енгізгенде, асқан сақтықпен, тәптіштеп талқылау арқылы қоспаса, бір сәтте бәрін бүлдіріп алуға да болады. Жұртшылықтың уайымы да – осы. «Миллиондаған жыл бойы табиғат осынау тылсым әрі қайталанбас ландшафтыны жасады. Бозжыра Қазақстанның символдарының біріне айналды. Осы жерді бір көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келеді. Сондағысы адам саусағының ұшы тимеген, теңдессіз табиғат сұлулығын көруді мақсат етеді. Енді осы орынға келіп құрылыс жүргізу жөн емес. Әрине, туризмді дамыту керек. Бірақ мұндай жолмен емес. Бірегей табиғатымыздың көркем орындарына тиісуге болмайды. Олар сол күйі сақталуы тиіс. Сондықтан туристік индустрия шатқалдан тыс жерде салынып, сол жақтан экскурсия жасалғаны дұрыс», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шекенов. Фотограф-пейзажист Константин Киквидзе сөз арасында табиғаты ерекше аймақтарда қымбат қонақүй салған елдердің мысалын да айтып өтті. «Бірде Намибияға барып, шөл даланың дәл ортасына салынған қымбат қонақүйге тоқтадым. Маған бұл біртүрлі көрінгені рас. Өйткені мұндай жерде лакшери комфорт болғаны қызық екен. Бірақ ландшафтымен сондай әдемі үйлестіре білген, басты ескерткіштерден 30 шақырымдай жерде орналасқан еді. Өз басым қымбат қонақүйлерге қарсы емеспін. Тіпті, туризмдегі қызық сала дер едім. Бірақ сол «Риксосты» неге Бекет ата жаққа салмасқа? Ол жерде инфрақұрылым бар, көріністері де әдемі. Бозжыраға жарты сағатта жетіп баруға болады. Одан да бөлек әдемі локациялар бар. Тәу етіп келген бақуатты туристер қуана-қуана қонақүйге тоқтар еді деп ойлаймын. Құрылыс жүргізуді бастамас бұрын экономикалық тиімділігін, халық наразылығын таразылауға әлі кеш емес», – дейді ол. Бұл әңгіменің ақ-қарасын ажырату үшін Маңғыстау облысы әкімдігіне хабарластық. Баспасөз қызметі желіде тараған видеоға қатысты түсіндірме бере отырып, алдағы жоспар жайлы ақпарат берді. «Бүгінгі таңда «Бозжыра сафари» қонақүйінің жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалау сәулет және қала құрылыс саласындағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілетін болады. Яғни, жоба дайын болғаннан кейін ғана қоғамдық тыңдауларға ұсынылады. Қазіргі уақытта құрылыс басталған жоқ. Желіде таратылған видеода тек 2 күн мерзімге болашақ объектінің жоспарланған орнына инвестор тобының баруына байланысты уақытша шатыр, мобильді әжетхана және жылжымалы генератор орнатылды. Жобаны іске асыруды бастаған кезде ұйымдастырушылар міндетті түрде барлық қажетті қоғамдық, экологиялық тыңдаулар өткізетін болады. Қолданыстағы заңнаманың барлық санитарлық-экологиялық, табиғи нормалары сақталатын болады» делінген баспасөз қызметінің жауабында. Бұдан білгеніміз жобаның соңғы әрі нақты нұсқасы келмеген. Сонымен бірге инвестор тарапынан қай жобаға тоқталатыны талқыланып жатыр. Ал табиғатты аялауға тікелей жауапты министрлік болса еліміздің табиғатын сақтауға мүдделі екенін айтып отыр. «Бозжырада құрылыс нысанын салуға қатысты қоғамдық тыңдау өтуі керек. Тиісті мемлекеттік органдар экологиялық экспертиза жасауы қажет. Соның ішінде еліміздің заңнамасына сәйкес, қоршаған ортаға әсеріне қатысты бағалау міндетті. Мына жағдайда құрылыс ережелерінің сақталуына және экспертиза жасалуына жергілікті органдар, атап айтқанда әкімдік жауапты болып жүргізіп жатыр», – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Сонымен қатар қазір Бозжыра маңында қонақүй салу мәселесі тұрған жоқ деседі. Туристердің қонуға қала алатындай жерлерін салу жоспарланып отыр екен. Бозжыра жергілікті деңгейдегі «Жабайұшқан» заказнигінде орналасқан. «Жабайұшқан» заказнигі Маңғыстау облысы әкімінің 2012 жылғы 31 шілдедегі №182 қаулысына сәйкес құрылған. Маңғыстау облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарайды. Аумағы – 316 141 гектар, Маңғыстау облысының Қарақия ауданы аумағында орналасқан.Жадыра АҚҚАЙЫР