Зайырлы қоғам құрып, заңнаманы ізгілендірудің даңғыл жолына түскен еліміз үшін адамға қатысты жасалатын қылмыстың ең сорақысы «он екіде бір гүлі ашылмаған» бүлдіршін қыздарды зорлау екені сөзсіз. Мұндай жағдайға душар болмақ түгіл, ондай хабарды естудің өзі жүрекке ауыр, намысқа ашу боп тиеді. Сондықтан да қаншама гуманизацияға бет бұрамыз десек те, ушығып бара жатқан криминогендік ахуалдың бетін қайтару үшін былтыр жыл соңында қатарынан бірнеше заңға жазаны қатаңдата түсетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілген еді. Соның бірі балаларға қарсы жасалатын қылмыстар туралы болды.
Татуласуға жол жоқ
Осы қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық заңнамаларды жетілдіре түсу және жеке бас құқығын қорғауды күшейту мәселелері жөніндегі заңға сәйкес зорлау және сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттер ауыр қылмыстар қатарына ауыстырылды. Енді бұл баптар бойынша зорлықшы бұрынғыдай жәбірленушімен татуласып, жауапкершіліктен құтылып кете алмайды. Соның ішінде балаларға қарсы қылмыс, сексуалды зорлық пен педофилияға да жаза қатаңдай түсті. Ауырлатылған сипатқа жататын бұл қылмыстар үшін 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған. Тіпті, осындай зорлық оқиғасын білетін, бірақ тиісті органдарға хабарламаған тұлғаға қатысты да 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сондықтан да енді кәмелетке, яки 16 жасқа толмаған жас баламен жыныстық қатынасқа түскендер бұл жағдай екіжақты келісіммен болған болса да, жауапкершіліктен құтыла алмайды. Өйткені еліміздегі неке жасы – 18 жас. Соңғы өзгеріс бойынша жазаның ең жеңілі 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру. Мұндай қадамға мемлекет соңғы жылдары қоғамда үлкен резонанс орнатып, азаматтардың наразылығын тудырған оқиғалардан соң барып отыр.Статистика әлі де шошытады
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің деректеріне сүйенсек, 2020 жылдың 10 айында кәмелеттік жасқа толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы 811 қылмыстық іс тіркеліпті. Соның ішінде ішкі істер органдарының күшімен анықталғандар саны – 803 дерек. Бұл көрсеткіш өткен жылғы ұқсас кезеңдегі 735 оқиғамен салыстырғанда 9,3%-ға көп. Дегенмен статистикаға қылмыстық істерді тіркеудегі көпэпизодтық факторы әсер етіп отыр екен. Мәселен, кәмелеттік жасқа толмаған бір балаға қатысты ұзақ уақыт бойы қанша рет қылмыс жасалған болса, сол әр эпизод бөлек қылмыстық іс болып тіркеледі. Сондай-ақ бұл 803 қылмыстың 29,2%-ы, яки 235-і өткен жылдардан биылға ауысып келгендер. Яки, жыл басынан бері тек 568 іс тіркеліп отыр. «Биыл ең көп эпизод саны мен ең жоғары жаза берілген қылмыстық іс Қарағанды облысында тіркелді. Екеуі бір іс. Мұнда Г. есімді ер адам өзінің өгей қызы С. мен оның дос қызы М.-ны 2019 жылдың басынан ұзақ уақыт бойы зорлап, сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттер жасап және азғындық жолына түсіргені үшін 26 жылға сотталды. Мұнда 74 эпизод дәлелденді. Екі қыз бала да 16 жасқа толмаған. Дәл осы С. есімді жасөспірімді сонымен бірге М. есімді ер адам да қосылып зорлап, сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттерін жасаған. Оның қатысуымен 16 эпизод дәлелденді. Ол кісі де ұзақ мерзімге, 25 жылға сотталды. Осылайша, бұл 90 эпизод қылмыстық іс ретінде саналып отыр», – дейді ІІМ Тергеу департаменті Алдын ала тергеуді талдау жұмыстары басқармасының аға тергеушісі, полиция капитаны Саят Мүтән. 2015-2019 жылдар аралығында елімізде кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғушылығына қарсы қылмыс 35%-ға, яки 1 225-тен 787-ге азайыпты. Биыл да осы тенденция сақталып отыр деуге болады. Мұның барлығы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Жасөспірімдер полицияға келіп өздері хабарласпайтындықтан, олардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстың болған-болмағанын анықтаудың өзі қиын. Биылғы тіркелген деректердің 38,8%-ында, яки 312-сінде жыныстық қатынасқа түскендер 16 жасқа толмағандар. Оның 146-сын полиция қызметкерлері денсаулық сақтау органдарының мәліметтерін тексеру кезінде анықтаған. Қазір олар бойынша Қылмыстық кодекстің 122-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүруде. «Бұл қылмыстың алдын алудағы бір қиындық – әрбір екінші оқиға полиция кез келген уақытта басып кіріп бара алмайтын жекеменшік тұрғынжайларда, яки пәтерлерде, үйлерде, бөлмелерде болатыны. Сондай-ақ мұндай қылмыстарды көп ретте олардың жақын адамдары жасайды. Жыл басынан бергі 803 оқиғаның 538-ін, яки 67%-ын (ал былтырғы 10 айдағы 735 оқиғаның 559-ын, яки 76%-ын) әкелері, өгей әкелері, анасымен бірге тұратындар, көршілері, туыстары және таныстары жасаған. Соның ішінде ең көбі – 420 оқиғада жақын таныстарының қатысы бар болып шыққан. Одан кейін өгей әкелер тұр – 36 оқиға. Бұл оқиғалардың тең жартысы екі жақтың келісімімен болған», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Ювенальды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Рүстем Құттыбаев.Шариғаттың шырмауы
Таяуда ішкі істер органдарына Батыс Қазақстан облысында 16 жасар қыз баланың мектептен соң үйіне келмегені туралы ақпарат түскен. Полиция қызметкерлері оның әлеуметтік желідегі парақшасына мониторинг жасай отыра, оны хиджап киіп алып, «күйеуімен» бірге түскен суретін салған кезінде қай жерде жүргенін анықтаған. Сөйтсе, ол алдын ала сөз байласып, ешкімге айтпастан, діни көзқараспен «тұрмысқа» шығып кетіпті. Полицейлер қызды үйіне қайтарып, осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша, «күйеу бала» 5 жылға жазалануы мүмкін. «Шариғат бойынша бала балиғат жасқа толғаннан кейін оның отбасын құруына рұқсат беріледі. Бұл жерде ең бірінші кезекте ата-ананың рұқсаты керек. Екінші мешітте некесін қиғызуы тиіс. Ең әуелі зорлық болмау керек. Ешкімнің ар-абыройы тапталмауы қажет. Үйленетін адамдардың ақыл-есі дұрыс болуы қажет. Содан соң бұл жерде уақытша неке деген болмайды. Мәселен, пайдаланып алған соң «талақ» бере саламын деген дұрыс емес. Ол шариғатқа қарсы. Батыс Қазақстандағы оқиғада қыз бала өзі еркімен барғаны айтылады. Ондағы зорлықтың болу-болмауын анықтау құқық қорғау органдарының еншісінде. Балалықпен жасады ма, басқа себеп болды ма белгісіз. Бірақ ата-анасы білмейді. Қазақ қоғамында неке қиылғанда ата-анасының хабардар болуы маңызды. Бұл енді дін мәселесі. Ал біздің еліміз зайырлы мемлекет. Сол тұрғыдан келгенде мұнда барлығы да заң бойынша жүзеге асқанын дұрыс деп санаймын», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары Жандәулет Сүлейменов.Сақтанудың жалғыз жолы – тәрбие
Тәжірибе көрсеткендей, кәмелеттік жасқа толмағандардың ерте жыныстық қатынасқа түсуінің (екіжақты келісіммен болса да) ең негізгі себебі – отбасында тиісті тәрбиенің берілмеуі. Қылмыстық істерге жасалған талдаулар нәтижесінде жасөспірімдерге қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық жасау қылмысының негізгі себептері ретінде бұқаралық ақпарат құралдарының теріс ықпалы, соның ішінде интернетке қадағалаудың жоқтығы, интернетте жыныстық бетімен кетушілік үлгісінің насихатталуы, ересектер тарапынан азғыру немесе азғындыққа итермелеу, жасөспірімдердің кез келген адамға орынсыз сенім танытуы, қарым-қатынаста мұқият болмауы, зорлық көрсетушілердің моральдық-өнегелік қасиеттерінің өте төмендігі, қандай да бір құндылық туралы ұстанымының жоқтығы, жеке басының азғындауы, ішімдікке салынуы тәрізді факторлар аталады. Сондай-ақ талдау нәтижелерінде зорлықшылардың орташа статистикалық криминологиялық портреті ретінде 20-40 жас аралығындағы жұмыс істемейтін немесе өз бетінше табыс тауып жүрген, орта немесе арнайы орта білімді, жиі ішімдік ішетін ер адамдар анықталған. Ал мұндай қылмысқа жағдай туғызатын шарттар: ата-ана тарапынан қадағалаудың жоқтығы, кәмелет жасқа толмағандардың үйде, далада, басқа біреудің үйінде және тағы басқа жерлерде қараусыз қалуы, көршілердің, таныстардың, достарының келуі немесе өздерінің соларға баруы, олардың таныстарға, туыстарға, көршілерге сенім танытуы және олардың теріс пиғылдарының жоқ екеніне күмәнінің болмауы. Полиция қызметкерлері ең бірінші кезекте балаға сақтанып жүруді үнемі ескертіп отыру керегін айтады. Өйткені көп жағдайда қыз балалар танымайтын адамның шақырғанына сеніп, еріп кетеді екен. Ал оның соңы тіпті өліммен де аяқталып жататын кездер аз емес. Сондықтан да азғындаудан сақтанудың жалғыз жолы тәрбие боп қала бермек.Нұрлан ҚОСАЙ