Аралға алаңдап жүргенімізде Сырдария мен аймақтағы басқа да ірілі-ұсақты өзен-көлдердің тура сол кепке түсуіне аз-ақ қалған. Жыл өткен сайын арнасы тарылып, аңқасы кепкен көлдер мен өзендердің жағдайы дабыл қағатындай жағдайда. Экологтер оларды сақтап қалу үшін жыл сайын 90 мың гектар күріш егуді тоқтату керегін айтады. Әйтпесе, бұл – өңірдегі барлық су атаулының тартылуына апарып соғатын көрінеді. Бірақ бұл мүмкін бе? Күрішпен аты шыққан ырысты өлке тарихында мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған. Онымен қоса, Қызылорда – елді күрішпен қамтамасыз етіп отырған жалғыз өңір. Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының кебі…
Қамыстыбастың қайғысы
Арал ауданына қарасты 2 000-нан аса тұрғыны бар Қамыстыбас деген ауыл бар. Сол ауылдың жанындағы Қамбаш көлі талай жылдан бері жергілікті халықтың басты күнкөріс көзі саналады. Ауыл тұрғындары балық аулап, отбасын асырайды, кейбірі аулағанын сатып бір тиынын екі етіп отыр. Онымен қоса, көл осыдан 10 жыл бұрын туристік аймақ ретінде ашылған. Бірақ сол көлдің жағдайы қазір көңіл көншітпейді. Жергілікті тұрғындар да көл тағдырына қатты алаңдап отыр: 2 жылдан бері көлдің деңгейі тоқтаусыз төмендеп, жағалау 300 метрге дейін алшақтап кеткен. Көл тартылар болса, кәсіпсіз қалатын ауыл халқы мұндай жағдайда үдере көшіп кететіндерін айтады. Себебі төрт түліктің де тіршілік көзі – осы көл. Қамыстыбас тұрғыны Темірлан Сматов та Қамбаш көлінің сарқылып, шағын апат болып отырғанын айтады. – Көлдің жағдайы нашар. Көлге шағын өзендерден құйылатын су да сарқылды. Былтыр қатты білінбеген еді. Биыл көл жағасының кем дегенде 400 метрге тартылғанын аңғардық. Тереңдігі шамамен 2 метрге түскен. Онымен қоса, көлден жағымсыз иіс шығады. Карантин болған соң саяхаттап келіп жатқан адам жоқ. Негізі, ауыл адамдарының күнкөрісі осы көлге қарап отыр. Көл тартыла берсе, әрі қарай не болары белгісіз, – дейді ол.Күріштің көптігі – судың жоқтығы
Аралдың қазіргі мүшкіл халі – суды көп қажет ететін өндіріс орындарын шөлейт аудандарға салудан туындаған, яғни стратегиялық қателіктердің салдарынан пайда болған экологиялық жағдай екені белгілі. Оған көрші өзбек ағайынмен ортақ несібенің дұрыс бөлінбеуін тағы қосыңыз. Бұл мәселе өз алдына бөлек бір тақырыпқа арқау бола алады. Биыл Түркістан облысында болған алапат су тасқынының да себебі осы екені елдің есінде. Арғы жақтан келетін судың мөлшері де жыл өткен сайын азайып бара жатқан сыңайлы. Одан ары күріш егістігіне қарай тоқсан тарауға бөлінетін судың берекесі қашуы – тағы заңдылық. Тарихи деректерде Арал теңізі осыған дейін тоғыз мәрте тартылған деседі. Әлі де біраз зерттеуді қажет ететін болжамның жаны да бар сияқты. Сонымен қатар Арал теңізінің атауы ескі құжаттар мен деректерде өте көп кездеседі. Белгілі орыс ғалымы Владимир Бартольд Аралдың көне замандарда бұдан да арнасы кең де ауқымы үлкен болғанын жазған. Осы тектес деректерді грек авторларынан да кездестіре аласыз. 1627 жылы Ресейде жарық көрген жазбада Арал Көктеңіз деген атаумен кездеседі, тіпті сипаттама да айтылған. Ал ХVІІІ ғасырдың аяғында орыс географы Семен Ремизов «Сібірдің сызба кітабы» атты еңбегінде Арал теңізіне Әмудария мен Сырдарияның құятынын айтады. Сол себепті де теңіздің суы мол екенін алға тартқан. Ал Арал теңізін нақты әрі тиянақты зерттеу 1873 жылдары басталған. 1874 жиһанкез орыс ғалымы Николай Северцов Арал-Каспий және Әмудария өзендеріне экспедиция жасап, маңызды әрі ақпараты мол деректер жазған. Сол мәліметке қарағанда, дәл осы уақытта Арал теңізінде құрғау процесі байқалған. Зерттеуші теңіз маңына бір емес, бірнеше мәрте келген. Нақтырақ айтқанда, 17 жылдың ішінде теңіздің жағдайын салыстырмалы түрде зерттеген. Нәтижесінде, сол жылдар аралығында алғашқы көрген түбектер мен аралдар құрлыққа, шығанақтар ұсақ көлдерге айналғанын айтады. Осылайша, Н.Северцов Орталық Азия мен Арал теңізінің құрғау теориясын ұсынған. Ал 1880 жылдары теңіздің қайта толысқаны байқалған. Бірақ қазіргі Аралдың жағдайына қарасақ, арнасы қайта толысып, кепкен судың кемерін қайта толқын ұрары неғайбіл. Аралға қайта су келіп жатыр деп сүйіншілеп еді жұрт. Тартылған өзен арнасын қолдан толтыру, әрине мүмкін емес. Қысқасы, Аралдың оңалуынан жұрт үміт үзгелі қашан? – Мұнда баланс болмай тұрғаны анық. Белгілі мөлшер бекітілуі керек, мәселен мұнша суды күрішке, мұнша суды жайылымға жібереміз деген секілді. Жыл сайын 90 мың гектар күріш егіледі. Бұл жақсы шығар, бірақ өзен-көлдер тартыла береді. Күріш егуді сәл азайту қажет. Бірақ бұл мүмкін бола қоймайды-ау. Бір жағын ғана ойламай, экологиялық проблемаларға көңіл бөлетін кез келді. Өзбекстан жағы да суды қысып отыр. Ол айтпаса да белгілі. Сонымен, өзен-көлдерге кедергі болып отырған екі фактор – мол күріш егу мен Өзбекстаннан судың дұрыс келмеуі. Екеуін шешпейінше ештеңе өзгермейді, – дейді Аралдағы Су ресурстарын қорғау мекемесінің өкілі Жұмахан Нұрсейітов. Бір сөзбен айтқанда, Аралдың алаңы өзге өзен-көлдерге әсер етіп жатыр. Бұл мәселені катастрофаға балауға толық хақымыз бар. Мұндай жағдай осы өңірге ғана емес, еліміздің барлық аймағына тән. Көрші елдердің су дегенде кесірі көп. Ресей суға сараңдық танытып Жайықты, Қытай Ертісті, ал өзбек тарапы Сырдарияны бөгеп әлек.