Ауданның «екінші толқынға» дайындығын тексерді
Ауданның «екінші толқынға» дайындығын тексерді
128
оқылды

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұмыс сапарымен Жылыой ауданында болып, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Сонымен қатар болжанып отырған коронавирустың екінші толқынына дайындықты пысықтады. Бұл жөнінде  Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.

Махамбет Досмұхамбетов алдымен ау­дандық орталық емханаға барып, болжанып отырған COVID-19-дың екінші толқынына дайындықты пысықтады. 122 дәрігер және 435 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейтін емхана ауысымына 1 250 науқасқа дейін қабылдайды. Дәрігерлердің дайындығын қарап, қоймадағы дәрі-дәрмектер мен бір реттік қорғаныш құралдары қорын тексеріп шықты. – Сіздерге қауіпті инфекциямен күрес­те көрсеткен ерліктеріңіз үшін  арнайы алғы­сым­ды білдіремін. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, әзірлік жұмыстарын қарап шықтым. Тиісті дайындық жұмыстары жа­салып, қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті деңгейде жасақталғанын көрдім. COVID-19 қазір көптеген елді қиын жағдайға қалдырғанын көріп отырмыз. Сондықтан әрқашан дайын болуымыз керек. Аудандарға кез келген уақытта көмек көрсетуге әзірміз, – деді аймақ басшысы дәрігерлермен тілдесу кезінде. Екінші толқынға дайындықты тексеріп болған соң аймақ басшысы аудан әкімі Хәлел Жамаловқа бірқатар нақты тапсырма берді. Маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтауды күшейтуді тапсырды. Халықтың той-томалақтан аулақ болып, қауіпсіздікті арттыруы үшін түсіндіру жұмыстары мен мобильдік топтар рейдін жандандыруды жүк­теді. «Біз үшін әрбір азаматтың денсаулығы мен қауіпсіздігі маңызды. Тұрғындарымыз жаздағы қиын ахуалды ұмытпай, сақтықты қайтадан күшейтуі керек. Өзінің және айналасындағы туған-туыстары үшін жауапты екенін бір сәт те естен шығармағаны абзал», – деді облыс басшысы.    Бұдан кейін облыс әкімі Махамбет Дос­мұхамбетов Құлсары қаласындағы күрделі жөндеуден өткен №16 Д.Жазықбаев атындағы  орта мектепке аялдады. 754 орындық білім ордасына «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, біраз адамға жұмыс берілген. Ау­дан басшысының айтуынша, қиындықтарға қарамастан, экономиканың барлық саласында екі мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Ірі мұнай өнеркәсібі орналасқан Жылыой ауданының 84 мыңға жуық халқының 62 мыңы аудан орталығы Құлсары қаласында тұрады. Аймақ басшысы одан ары аталған қала­дағы «Теңізшевройл» ЖШС компаниясы де­меушілігімен «Игілік» бағдарламасы аясында салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысанды қарап шықты. Заманауи типтегі 275 орындық аудандық ор­талық аурухана құрылысымен танысты. Ең соңғы медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталатын мекеме желтоқсан айында ел игілігіне берілмек. Өңір басшысы Құрсай өзенін тереңдету және абаттандырудың жай-күйін көрді. Мұн­да Қамыскөлден шығар бетте арнайы кө­пір салынып, өзен жағалауына төсем тас төселіп, ою-өрнектермен әрленген. Жағалау бойына жарық шамдар, орындықтар және қоқыс жәшіктері орнатылып, қаланың көрікті орындарының біріне айналмақ. Ал Құлсарыдағы трибуналы 3 000 орындық орталық стадионның құрылысы келер жылы басталып, 2022 жылы аяқталады. Спорт зал мен бассейн салу, жоспарланған нысан аумағын абаттандыру мен көгалдандыру қарастырылған. «Игілік» бағдарламасы аясында салынып жатқан тағы бір әлеуметтік нысан — қаладағы 580 орындық №6 жаңа мектеп құрылысы келер жылы аяқталады. Облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов мердігер компаниялар мен демеушілерге әлеуметтік маңызды нысандардың сапалы салынып, уақытылы тапсырылуы қатаң қадағалауда болатынын ескертті. Өз кезегіне «Теңізшевройл» компа­ниясының бас директоры Имер Боннер «Жылыой ауданы, әсіресе Құлсары қаласы біз үшін өте маңызды. Өндіріс орнымыздың ор­наласқан жері ғана емес, көптеген қыз­меткеріміздің туған өлкесі. Сондықтан ау­дан­ға әрдайым инвестиция құюға тыры­самыз. Бірнеше жылдан бері Жылыой ауда­нындағы «Игілік» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келе жатқан әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын қолдап келеміз.  Жобалар аяқталып, әлеуметтік нысандардың игі­лігін Құлсары тұрғындары көре бастайтын күн­ді асыға күтудеміз», – деді. Бұдан кейін аймақ басшысы «Теңіз­шев­ройл» компаниясы басшылығымен арнайы жиын өткізді. Онда келер жылы жұмыс орын­дары санын арттыру, жергілікті кадрларға ба­сымдық беру, сондай-ақ әлеуметтік нысандар құрылысын жалғастыру мәселелері қаралды. Айта кетелік, бұл облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің Жылыой ауданына биыл жасап отырған бесінші сапары. Өзге алты ауданның әрқайсысына ол жыл басталғалы екі реттен барып, әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, халықтың тұрмыс-тір­ші­лігін өз көзімен көрген болатын.

Жәнібек ҒАЛЫМҰЛЫ