Мақтаның 90 пайызы жиналды
Мақтаның 90 пайызы жиналды
135
оқылды

Түркістан  облысында мақта еккен диқандар өнімнің 90 пайызын жауын-шашынға ұрындырмай жинап үлгерді. Атап айтсақ, бүгінде 300 мың тоннаға жуық ақ алтын шитті мақта қабылдайтын бекеттерге тапсырылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың аймақтағы мақта терімінің барысымен танысу мақсатындағы іссапары кезінде белгілі болды.

Айта кету керек, биыл 125,8 мың га алқапқа мақта да­қылы егілді. Қазіргі таңда терім науқанының 90 пайызы орын­далып, 298,7 мың тонна шитті мақта жиналды. Түсімділігі гек­тарына  24,3 центнер болып отыр. Жалпы, жиналған ақ алтын­ның тең жартысынан астамы 500-ге жуық комбайнның жұмыл­дырылуымен терілген. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев Түркістанның ірге­сіндегі Кентау қаласына қа­расты Қарашық елді мекенінде ор­наласқан  «Тұран» ШҚ-на бар­ды. Аталған кооперативте бүгінде тамшылатып суару технологиясы қолданылған мақтаның егіс алқа­бында мақта және мақта талшығы өнімдері өндіріледі. Облыс әкімі­нің орынбасары іссапар ба­рысында отбасылық ферманың жай-күйімен танысты. – Егіс көлеміне әртарап­тандыру жұмыстары жүргізіліп,  өткен жыл­мен салыстырғанда шитті мақ­та бағасының ұлғайғаны бай­қалады. Нәтижесінде, өнімнің тон­насына орташа бағасы 160-165 мың теңгеден қабылдануда. Бұл өз кезегінде мақта өсі­ру­мен айналысатын 15,0 мың агроқұрылымда жұмыспен қамтылған 125 мың адамның әлеуметтік-экономикалық жағ­дайының жақсаруына оң ық­палын тигізуде, – деді Ұлан Тә­жібаев. Өңірде мақта өнімділігінен Ордабасы және Мақтаарал  аудандары көш бастап тұр.  Шитті мақтаны қабылдаумен 18 мақта өңдеу зауыттарының 166 қабылдау бекеттері айналысуда. Мақта шаруашылығын мем­ле­кеттік қолдау үшін көктемгі және күзгі дала жұмыстарына нарықтағы бағадан литріне 16-18 теңгеден арзан бағамен 76,2 мың тонна жанар-жағармай берілді. Сонымен қатар 30 мың агро­құрылымға минералды тыңайт­қыштар мен зиянкестерге қарсы қолданылатын биоагенттердің 50 пайыз шығындары субсидия­ланып, мемлекеттік қолдау көрсе­тілді. Бұдан бөлек, құны 6,0 млрд тең­ге болатын  891 бірлік ауыл шаруа­шылығы техникалары са­тып алынып, 1,2 млрд теңге ин­вестициялық субсидия төленді.

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы