Қарағанды облысында КВИ-мен ауырғандар саны азайды
Қарағанды облысында КВИ-мен ауырғандар саны азайды
117
оқылды

Қарағанды облысында КВИ-ден емделушілерге арналған төсек саны 5,2 мыңға дейін артты. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Saryarqa телеарнасында өткен брифингте мәлім­деді.

– Статистика бойынша, Қарағанды облысында ауырғандар саны тәулігіне 15-20 адамнан аспайды. Инфекция таралуының орташа көрсеткіші – 1,11%. Стационарлардағы төсектердің толтырылуы 4%-дан аспайды. Бірақ біз әлемде жағдайдың алаңдатарлық екенін көріп отырмыз. Сондықтан ин­фекцияның таралуын болдырмау және алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдаймыз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Дертті ертерек анықтау, науқасты оқшаулау және сапалы емдеу үшін алғашқы көмек беретін 288 мобильді емханалық бригада жұмыс істейді. Оған қосымша 122 жеңіл автокөлік пен 60 реанимобиль сатып алынды. Жедел жәрдемнің санитарлық автокөлік паркі жыл соңына дейін толығымен жаңартылмақ. Сонымен қатар шалғай елді мекендерде жұ­мыс істеу үшін қажетті аппаратурамен жаб­дықталған тоғыз жылжымалы меди­циналық кешен дайын. Көктемнен бастап стационарлардағы төсек қоры 2 есеге артып, 4 427 орынға ұлғайтылды. Бүгінде пациенттерді жоспарлы емдеуге жатқызу жүріп жатыр. Жезқазғанда 200 төсектік жаңа модульді госпиталь өз жұмысын бастады. Ол заманауи медициналық жабдықтармен, компьютерлік томографпен, сандық рентген аппаратымен, медициналық газдар жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, ӨЖЖ және т.б. жабдықталған. Осы аптада Теміртауда 250 орындық инфекциялық стационар ашылмақ. Жыл соңына дейін Шахтинск қаласында жұқпалы аурулар корпусы, Абайда инфекциялық бөлімше және Теміртауда провизорлық бөлімшені жөндеу аяқталады. Қарағанды медуниверситетінің кәсіптік аурулар институтының ғимаратында 150 орындық инфекциялық-провизорлық госпиталь ашылды. Аймақта коронавирусты тексеруге көп көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта облыста жеті ПТР-зертхана жұмыс істейді. Талдау нәтижелері бір тәулікте анықталады. Балқашта ПТР-зертханасын ашу жоспарланған, сондай-ақ Жезқазғанда да ПТР тест өткізу ұлғаяды. Осылайша, зертханалар тәулігіне 10 мыңнан астам тест өткізуге қуатты. Қарағанды облысында дәрі-дәрмек қоры алдағы үш айға жеткілікті.
– Ауруханалар, емханалар мен дәріханалар үшін қажетті дәрі-дәрмек қорын толықтырдық. СҚ «Фармациямен» препараттардың қосымша көлеміне өтінімдер жасалды. Қазір дәрі-дәрмек қоры үш айлық норманы құрайды. Оның ішінде диспансерлік есепте тұрған барлық пациенттер қажетті дәрі-дәрмек қорын қаңтар айын қосқанда үш айға алады, – деп хабарлады өңір басшысы.
Облыста 1 млрд теңгеге дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қоры құрылды. 80 мың пакет вирусқа қарсы препараттар, 1 100 мың пакет ыстықты түсіретін, 200 мың пакет бактерияға қарсы препараттар сатып алынды. Дәрі-дәр­мектің бұл көлемі бөлшек дәріхана желісінде сатуға арналған. Жеңіс Қасымбек ауруханаларға қандай жаңа жабдықтар берілгені туралы да айтып берді. 223 ӨЖЖ аппараты, 2 500 оттегі концентраторы, 2 600 пульсоксиметр, 40 сандық рентген аппараттары сатып алынды. 25 госпитальде орталықтандырылған меди­циналық газ беру жүйесі орнатылған. Қарағанды Облыста 18 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істейді. Тағы 4 компьютерлік томография Шахтинск, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында орнатылған. Қарағанды облысында жұмыс істеуге келген медицина қызметкерлеріне қызметтік тұрғын үй беріледі. Биыл 120 пәтермен қам­тамасыз етілсе, келесі жылы тағы 400 пәтер дайын болады. Облыстық көлік инспекциясының авто­паркі екі жаңа машинамен толықты. Жыл­жымалы бекеттер жүк ағыны толастамайтын бағыттардағы автожолдарда жұмыс істейді. Мобильді бекеттер көліктік бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді. Бекеттердің бірі Жезқазған өңірінде орналасады. Екінші жылжымалы бекет Қарағанды, Абай, Бұқар Жырау, Нұра, Осакаров, Шет және Қарқаралы аудандарының жолдарында жұмыс істейді. Облыс аумағындағы негізгі магистральдарда сегіз санитарлық бекет орнатылған, онда по­лиция қызметкерлері мен дәрігерлер ке­зекшілік етеді. Олар жүргізушілер мен жо­лаушылардың денсаулық жағдайын тексереді. Бақылау термометрия мен сауалнаманы қам­тиды.
– Өнеркәсіптік өңіріміздің экономикасы ірі кәсіпорындардың үздіксіз жұмысымен тығыз байланысты, вахтадағы қызметкерлердің денсаулығын қатаң бақылау маңызды. Біз кәсіпорындарда КВИ-дің өршуіне жол бермеу үшін алдын ала және вахтадан кейінгі тестілеуді өткіземіз, – дейді Жеңіс Қасымбек.
116 мониторингтік топ өз жұмысын жал­ғастыруда. 2020 жылдың шілдесінен қарашаға дейін 4 ай ішінде мобильді топтар 16 715 рейд өткізді. 1 486 карантин талаптарын бұзу анық­талды. Оларға 40 миллион теңгені құрайтын 1 065 әкімшілік айыппұл салынды. Бүгінде Қарағанды облысының кезекші сыныптарында 62 мың бала оқиды. Сондай-ақ, өңірде шағын жинақты мектептер дәстүрлі режимде жұмысын жалғастыруда. Екінші тоқсанда Қарағанды облысында 300-ге жуық бала оқитын мектептер дәстүрлі оқыту форматына көшіріледі. 290-ға жуық мектеп штаттық режимде жұмыс істемек.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы