Күдіктілер Қазақстаннан Ресейге жарты тоннадан астам қара уылдырықты алып өтпек болған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Жүк көлігі Қазақстан-Ресей шекарасындағы Жайсан-авто өткізу бекетінде Ақтөбе облысындағы экспорттық бақылау департаментінің лауазымды тұлғалары ҚР ҰҚК ПҚ қызметкерлерімен бірлесіп өткізіп жатқан тексеру кезінде ұсталды», - делінген хабарламада.
Жүк көлігінің жүргізушісінде «мейіз, жержаңғақ, жарма, күріш» тиеп келе жатқаны туралы құжаттар көрсетілген. Құжаттарға сәйкес, жүк жөнелтуші – Шымкент қаласындағы жеке кәсіпкер, тауарды қабылдап алушы – Мәскеудегі жеке тұлға.
Көлікті тексеру кезінде 43 қорапта жалпы салмағы 516 келі және құны 156 миллион теңгенің қара уылдырығы табылды.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылып отыр.