Сенатта осы айда су қауіпсіздігі мәселелері жеке талқыланады. Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Сенат бюросының отырысы өтті. Онда Жоғарғы палатаның алдағы бейсенбі, 7 қарашаға жоспарланған отырысының күн тәртібі айқындалды.
Бұған қоса, Сенат жоспарына сәйкес 29 қарашада «Қазақстанның су қауіпсіздігі: жағдайы, проблемалар және ұсыныстар» тақырыбында парламенттік тыңдау ұйымдастырылатыны белгілі болды. Оны өткізу палатаның Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жүктелді. Бюро мүшелері осы мәселеге байланысты су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі аса маңызды, көкейкесті мәселелер бойынша өз пікірлерін ортаға салды.
Сенат төрағасы мемлекеттік және жекеменшік су қоймалары үшін бірыңғай талаптар мен стандарттар болуға тиіс екенін атап өтті.
– Жекеменшік су қоймалары да мемлекеттік су қоймасы деңгейінде бақылануға тиіс. Оларға қойылатын талаптар мен стандарттар қандай, оларды мемлекеттік органдар соңғы рет қашан тексерді? – деп Д.Назарбаева басты мәселелерге назар аудартты.
Осы орайда, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед 2010 жылғы 11 наурызда Қызылағашта болған қайғылы оқиғаны мысалға келтірді. Онда бөгеттің бұзылуы салдарынан 45 адам қаза тапты.
– Оны жекешелендіргеннен кейін меншік иесі бірде-бір тиын қаржы салған жоқ. Гидротехникалық жеке құрылыстардың иелеріне ешқандай стандарттар белгіленбеген, – деді ол.
Дариға Назарбаева су қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қазіргі заңдарды, нормативтерді және стандарттарды мұқият зерделеуді және оларды жетілдіруге орай ұсыныстар әзірлеуді жүктеді.
Бұдан бөлек, бюро отырысында Сенат комитеттерінде қаралып жатқан үшжылдық бюджет мәселелері талқыға салынды.
– Бюджеттің игерілуіне қатысты үнемі көп сын айтылатыны мәлім. Республикалық бюджеттің дұрыс қалыптасуы мен орындалуына тек Үкімет пен атқарушы органдар ғана емес, сонымен бірге депутаттар да жауапты деп есептеймін. Өйткені бұл заңды қабылдайтын – Парламент. Сондықтан барлық комитеттерге осы маңызды құжатты мемлекеттік көзқараспен, мұқият, жан-жақты қарауды тапсырамын, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина қазір жұмыс топтарында үшжылдық бюджет пысықталып жатқанын айта келе, өзі басқаратын бейінді комитеттің кеңейтілген отырысы 21 қарашада болатынын және заң жобасы одан кейін Сенаттың жалпы отырысында қарауға берілетінін жеткізді.
Жоғарғы палата төрағасы Сенат материалдары негізінде үздік журналистік зерттеулерге арналған байқау және экологиялық журналистика байқауының басталғаны туралы бюро мүшелерін хабардар етті.
– Бұл конкурстың мақсаты – журналист мамандығын кеңінен насихаттау және кәсіп беделін арттыру, «журналистік зерттеу» жанрын дамыту, Сенаттың қызметі туралы халықтың хабардар болу деңгейін жоғарылату, экология саласындағы заңнаманы жетілдіру, журналистерді көтермелеу, – деді Д.Назарбаева.
Бюрода анықталғандай, Сенаттың осы аптадағы отырысында «Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шартты ратификациялау туралы», «1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралады.
Бюрода Мәжілістен келіп түскен жаңа заң жобалары Сенат комитетіне бөліп берілді. Атап айтқанда, «Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «бас комитет» болып белгіленді. Ал Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы «Әскери ынтымақтастық туралы келісімді» ратификациялайтын заң жобасына Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті қорытынды әзірлейді.