Браконьерлер жазасы ауырлайды
Браконьерлер жазасы ауырлайды
357
оқылды

Қазақстанда енді браконьерлер аяусыз жазаланады. Олар 12 жылға дейін түрмеге отыруы мүмкін. Бұл тура­лы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында журналистермен кездескен Эко­логия, геология және табиғи ресурстар вице-ми­нистрі Ерлан Нысанбаев жария етті.

Оның мәліметінше, мемлекет ақбөкендердің мүйізі мен бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымына қатысқандар үшін жазаны қатайтып, абақтыға жабу мерзімін едәуір ұзартты.

«Қазақстанда киік дериваттары мен бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сатқан адамдар бұдан былай 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын сондай қылмыс жасағандар 5 жылға дейін ғана жазаланатын. Ақбөкен дериваттары мен бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымын қалыптастырған браконьерлерді жауапкершілікке тартатын Қылмыстық кодекстің не­гізгі 339-бабы түпкілікті өзгерді», – деді Е.Нысанбаев.

Бұдан бөлек, жаңа саралау-квалификациялық нышандар қарастырылып отыр. Оларға сәйкес: егер бұрын браконьерлік жасағаны үшін айыпталған адам қайтадан осы қылмысымен қолға түссе; браконьерлікті топ құрып немесе өзге топпен келісіп іске асырса; бұл қылмыс ерекше қорғалатын таби­ғи аумақтарда жасалса; өзі­нің қызметтік жағдайын осы мақ­сат­­тарға пайдаланса; табиғатқа ірі немесе аса ірі көлемде зиян кел­ті­ріл­се, жаза тіптен ауырлай түседі.

– Яғни, санкциялар жан-жақты күшейтілді. Айыппұлдар көлемі де өсірілді. Бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру мерзімдерін ұлғайту қарастырылды, – деді вице-министр Ерлан Нысанбаев.

Әбден басынып алған контра­бан­­­дыға қатаң тоспа құруды Мем­лекет басшысы талап еткен бола­тын.

– Браконьерлер табиғат байлы­ғы киіктерді аулауды тоқтатпай тұр. Алматы облысында ҰҚК қызмет­кер­лері 3 мыңға жуық (!) киікті өлтірген қылмыскерді құрықтады. Қас­­көйлер заңға сәйкес қатаң жа­за­­ға тартылуы тиіс. Құқық қор­ғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге тоқтау салуы керек, – деп нықтады ел Президенті Twitter-дегі парақшасында.

Соның алдында Ұлттық қауіп­сіз­дік қызметі Қытайға 1 тонна 118 келі киік мүйізін жеткізбекші болған қылмыстық топты құрықтады. Жен­­­деттер осынша мүйіз өндіру үшін 3 мыңнан астам ақбөкенді қырған.

Жаза қатайтылған соң, қазақ­стандық түрмелерде шетелдіктер де қаптауы ықтимал. Себебі биыл Қазақстаннан 480-нен астам киік мүйізін заңсыз алып шықпақ болған Ресейдің Астрахан облысының тұрғыны ұсталды.

Ақбөкен – тіпті халықаралық «Қызыл кітапқа» енгізілген, жер бетінен жойылып бара жатқан Ұлы дала түлігі.

 

Елдос СЕНБАЙ