10 қарашада Елбасы кітапханасында «Nur Otan» партиясы «Бірлік» қалалық филиалының бастамасымен кездесу өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, «Nur Otan» партиясы «Тұңғыш» БПҰ төрағасы Әмірхан Рахымжанов, қалалық «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғысхан Қожахметов, елордалық 17 мектеп директорлары қатысты.
– Елбасы кітапханасы білім беру мен мәдени бағыттағы міндеттерді жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізіп отыр. Мекеменің музей, архив, кітапхана қорын ұштастырған жаңа ғимарат қазіргі жастарға рухани, патриоттық тәрбие беруде, құндылықтар жүйесін қалыптастыруда маңызды ісін жалғастырады. Елбасы өзі айтқандай: «Еліңді сүйе білсең, жан аямай қызмет ете білсең, елің де сені алақанға салып аялай біледі». Сол Отан сүйгіштікті тәрбиелеу үшін біз барынша мүмкіндіктерімізді пайдаланып келеміз, – деп Ә.Рахымжанов қонақтарды қарсы алып, пандемия кезеңінде мекеме онлайн-форматта белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті.Еркін әңгімелесу түрінде өткен басқосуда қатысушылар заманауи білім беру мәселелерін, қазіргі жағдайдағы қосымша білімнің рөлін және ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады. Іс-шара барысында білім беру мекемелерінің басшыларына мектеп кітапханаларының қорын толықтыру үшін кітаптар табыс етілді. Олардың ішінде: «Біздің Президент», «Тұңғыш», «Астана – тәуелсіз Қазақстанның символы», «Тарихи таңдау» және т. б. басылымдар бар. Олардың көпшілігін Елбасы Кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдар докторы, профессор М.Б. Қасымбеков жетекшілік ететін Елбасы кітапханасының авторлық ұжымы жарыққа шығарған.
– Елордалық мектептер біздің басты серіктестеріміз болды және солай болып қала береді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерге көпжылдық жемісті ынтымақтастық үшін алғысымды білдіремін және жаңа шығармашылық табыстар тілеймін, – деді Ә.Рахымжанов. – Елбасы кітапханасының музейі – тарихқа терең бойлайтын орын. Менің ойымша, әрбір азамат өз елінің тарихын білуге міндетті. Көптеген адамдар жастарды қалай тәрбиелеу керектігін ойлайды. Жастарға мораль оқудың қажеті жоқ, оларға қалай дұрыс өмір сүру керектігін көрсету қажет. Осындай ұлы жолмен жүру: қарапайым жұмысшыдан Президенттікке дейін көтеріліп Елбасы болу – осындай өмірдің, күрестің, жасампаздықтың жарқын дәлелі. Мұндағы әрбір фотосурет пен жәдігер – бұл Елбасының өмірі мен көпқырлы қызметінің тарихы арқылы көрсетілген, жаңа тәуелсіз мемлекетті құрып қана қоймай, оны бүкіл әлемге танымал елге айналдырған Қазақстан тарихы. Маған бұл жер өте ұнады, оқушыларымызды міндетті түрде осында әкелемін. Елбасы кітапханасына мектеп кітапханаларының кітап қорын толықтыру мақсатында осындай маңызды әрі қажетті бастамасы үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Біз барлық оқушыларды жаңа басылымдармен таныстыруға күш саламыз. Тек оқушыларды ғана емес, олардың ата-аналарын да құнды қазыналармен таныстаратын боламыз», – деп ой бөлісті А.Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназиясының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Рәмзия Өмірбаева.