Ашкөздік опық жегізер
Ашкөздік опық жегізер
5,139
оқылды

Қазақстанда соңғы бес жылда мемлекеттік қызметте төмен жалақы алатын адамдардың 78 пайызы жемқорлық дауына іліккен. Мұны Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Бастықтар параны ашкөздіктен алса, қарапайым мамандар ақша жетпегендіктен, шарасыздықтан алады» деп тәпсірлейді. Былай қарасақ, қисынға саятын сияқты.

Алик Жатқамбайұлы басқаратын агенттік парақорлықтың жолын кесу мақсатында бірнеше заңнама әзір­леген. Аталған жобалар осыған дейін қоғамда сұрақ туғызып, көңіл­дегі түйткілге айналған мә­се­­­­лелерді қамтыпты. Мысалы, қара­­ма­ғындағы адам ұсталса, орган не­месе мекеме бас­шысы да қыз­мет­тен кетуі тиіс. Ба­ғынышты адам­да­рына жем­қор­лықтың зардабын түсін­дірмеген басшы­лардың тәртіптік жауап­кер­шілігі қарастырылады. Айт­пақшы, келе­шекте табысы мен жұм­саған ақшасы сәйкеспей қалған лауа­зым­ды тұлғаларға мансаптық және қар­жылық санкция қолданылуы әбден мүмкін. Алда-жалда бұл тармақ заңға енер болса, онда шенеуніктеріміз сыпыра сотқа тартылмас па екен деген де қаупіміз жоқ емес. Жалпы, осы жыл басталғалы бері жемқорлыққа қатысты 2 121 құқықбұзушылық тір­келген. Осының 1 590 жағдайында адамдар сыбайласа отырып жемқор­лыққа ұрынған. Қылмыстың басым бөлігін парақорлық (850) құрап тұр. Қалғандары ұрлық, билікті асыра пайдалану сияқты фактілер. Әшкере болған 1 028 адамның 23-і республикалық, 86-сы – облыстық деңгейде жұмыс істейтін басшылар екен. Әрине, бұл сорақылық ел қазынасының жырым-жырымын шығарады. Бюджетке тиген залал былтырғыға қарағанда 1,7 есе ар­тып, 23,2 млрд теңгеге жеткен. Әсі­ресе, білім беру, денсаулық сақ­тау, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығындағы басшылар параға бейім көрінеді.

Қарпып қалудан әкімдік қыз­мет­керлері де алдыңғы шепте жүр екен. Олар көбіне қызметін пай­даланып, заңсыз жер телімдерін сату­ды кәсіпке айналдырған. Агент­тік мәліметінше, жыл басынан бері дәл осындай айып 890 адамға тағыл­ған. Антирейтингтің екінші саты­сында тәртіп сақшылары тұр. Жол торыған полицейлер жүргізуші берген сыйақыға бола әкімшілік хаттама толтырудан жалтарған. Бұл ештеңе емес, қылмыстық істі жылы жауып қоя салу үшін қаншама ішкі істер қызметкерлері пара сұрайды. Үштікті Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері түйіндеп тұр екен. Ондағы азаматтар төс қалтаға сүң­гіген ақшаның әсерінен кәсіп­кер­лердің өрескел әкімшілік ереже бұзушылықтарына көз жұма салады. Осы жылдың өзінде пара алу және мем­лекет қаржысын ұрлау фак­тісі бойынша 1 395 қылмыстық іс қоз­ғалыпты. Заңгер Жангелді Сүлей­меновтің айтуынша, пара дегеніміз – заңсыз жасалған келісімшарт іспетті.

– Сыйлықтың өзі алушы тара­пынан өзара жауап, қарсы міндеттеме немесе әрекетті талап етпейді. Пара, керісінше, мүлікті ақылы түрде беру, іс жүзінде бұл заңсыз мәміле. Па­раның мәні бір адамның басқа мүлікті басқасына беруі немесе өзгені қандай да бір әрекетке немесе әрекет­с­іздікке итермелеу үшін өзінің риза­шылығын білдіруі ғой.

Сосын, пара тек ақша түрінде берілмейді. Ол түскі астан басталып, қымбат сағат, әшекей бұйым, жыл­житын һәм жылжымайтын мүлік түрінде де ұсыныла береді. «Парақорлық аса ауыр қылмыс бол­ғандықтан, ол жерде 15 жылға дейін бас бостандығынан айырып жазалайды. Бірақ мұның өзі жем­қорларды тоқтата алмай тұр. Сонымен қатар қосымша жаза да бар, ол – пара көлемінен 50 есе көп айыппұл салу» дейді заңгер.

Жемқорлықпен әлем қалай кү­ресіп жүр? Көп жағдайда корруп­цияның басты өзегі – төмен жалақы. Мәселен, Сингапурда министрлер мен жоғары лауазымды тұлғаларға жалақы жеке сектордағы табысты жұмысшылардың (адвокат, бан­кир) орташа жалақысына бай­ланыстырылған формула бойынша төленеді. Ол жақта карьералық өсу жолы өте қиын, өйткені таныс ар­қылы көтерілу мүлде мүмкін емес. Әркім өз білімі мен білігіне се­неді. Ал Нидерландының жолы, тіпті басқаша әрі ауқымды. Мем­ле­кет­тік ұйымдар жемқорлық дауы­на ұрынбаған және өзгені де итер­мелемеген қызметкерлерін әрдайым марапаттап отырады. Оңтүстік Кореяда мемлекеттік институттарды реформалау арқылы бюрократиялық процедураларды жеңілдету мем­ле­кеттік органдардың сыбайлас жем­қорлық деңгейін әлдеқайда төмендеткен. Бұл ретте 1999 жылы бастау алған OPEN атты Сеул бағ­дар­ламасын атап өтуге болады. Бұл арқылы азаматтар интернеттен өздерінің шенеуніктерге айтқан мәселелерінің процедурасын бақылап отырады. Соның арқасында азаматтар кез келген сәтте құжаттардың қа­ралу процесін бақылай алды. Бұл мемлекеттік қызметтің ашықтығына, тазалығына әсер етіп, шенеуніктер әділеттен аттап кетерлік әрекеттерін азайтқан.

АҚШ болса жыл сайын өз қыз­меткерлерінен мүлік, актив және табыстар тізімі жазылған декларация талап етеді екен. Мұнда шенеуніктер қоғам үшін ашық. Кімнің қанша жалақы алатыны еш құпия емес. Жапония да бұл тәсілді ерте меңгерген. Жалпы, дамыған өркениетті ел­дердің барлығы қоғам үшін ашық болуды ертеден қолға алған. Соның арқасында парақорлықты азайтқан, дамуды арттырған. Дәл қазір бізге парақорлықты жою үшін мемлекеттің батыл бастамасы, қоғамның көмегі қажет секілді.