Қазақстанда соңғы бес жылда мемлекеттік қызметте төмен жалақы алатын адамдардың 78 пайызы жемқорлық дауына іліккен. Мұны Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Бастықтар параны ашкөздіктен алса, қарапайым мамандар ақша жетпегендіктен, шарасыздықтан алады» деп тәпсірлейді. Былай қарасақ, қисынға саятын сияқты.
Алик Жатқамбайұлы басқаратын агенттік парақорлықтың жолын кесу мақсатында бірнеше заңнама әзірлеген. Аталған жобалар осыған дейін қоғамда сұрақ туғызып, көңілдегі түйткілге айналған мәселелерді қамтыпты. Мысалы, қарамағындағы адам ұсталса, орган немесе мекеме басшысы да қызметтен кетуі тиіс. Бағынышты адамдарына жемқорлықтың зардабын түсіндірмеген басшылардың тәртіптік жауапкершілігі қарастырылады. Айтпақшы, келешекте табысы мен жұмсаған ақшасы сәйкеспей қалған лауазымды тұлғаларға мансаптық және қаржылық санкция қолданылуы әбден мүмкін. Алда-жалда бұл тармақ заңға енер болса, онда шенеуніктеріміз сыпыра сотқа тартылмас па екен деген де қаупіміз жоқ емес. Жалпы, осы жыл басталғалы бері жемқорлыққа қатысты 2 121 құқықбұзушылық тіркелген. Осының 1 590 жағдайында адамдар сыбайласа отырып жемқорлыққа ұрынған. Қылмыстың басым бөлігін парақорлық (850) құрап тұр. Қалғандары ұрлық, билікті асыра пайдалану сияқты фактілер. Әшкере болған 1 028 адамның 23-і республикалық, 86-сы – облыстық деңгейде жұмыс істейтін басшылар екен. Әрине, бұл сорақылық ел қазынасының жырым-жырымын шығарады. Бюджетке тиген залал былтырғыға қарағанда 1,7 есе артып, 23,2 млрд теңгеге жеткен. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы басшылар параға бейім көрінеді.
Қарпып қалудан әкімдік қызметкерлері де алдыңғы шепте жүр екен. Олар көбіне қызметін пайдаланып, заңсыз жер телімдерін сатуды кәсіпке айналдырған. Агенттік мәліметінше, жыл басынан бері дәл осындай айып 890 адамға тағылған. Антирейтингтің екінші сатысында тәртіп сақшылары тұр. Жол торыған полицейлер жүргізуші берген сыйақыға бола әкімшілік хаттама толтырудан жалтарған. Бұл ештеңе емес, қылмыстық істі жылы жауып қоя салу үшін қаншама ішкі істер қызметкерлері пара сұрайды. Үштікті Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері түйіндеп тұр екен. Ондағы азаматтар төс қалтаға сүңгіген ақшаның әсерінен кәсіпкерлердің өрескел әкімшілік ереже бұзушылықтарына көз жұма салады. Осы жылдың өзінде пара алу және мемлекет қаржысын ұрлау фактісі бойынша 1 395 қылмыстық іс қозғалыпты. Заңгер Жангелді Сүлейменовтің айтуынша, пара дегеніміз – заңсыз жасалған келісімшарт іспетті.
– Сыйлықтың өзі алушы тарапынан өзара жауап, қарсы міндеттеме немесе әрекетті талап етпейді. Пара, керісінше, мүлікті ақылы түрде беру, іс жүзінде бұл заңсыз мәміле. Параның мәні бір адамның басқа мүлікті басқасына беруі немесе өзгені қандай да бір әрекетке немесе әрекетсіздікке итермелеу үшін өзінің ризашылығын білдіруі ғой.
Сосын, пара тек ақша түрінде берілмейді. Ол түскі астан басталып, қымбат сағат, әшекей бұйым, жылжитын һәм жылжымайтын мүлік түрінде де ұсыныла береді. «Парақорлық аса ауыр қылмыс болғандықтан, ол жерде 15 жылға дейін бас бостандығынан айырып жазалайды. Бірақ мұның өзі жемқорларды тоқтата алмай тұр. Сонымен қатар қосымша жаза да бар, ол – пара көлемінен 50 есе көп айыппұл салу» дейді заңгер.
Жемқорлықпен әлем қалай күресіп жүр? Көп жағдайда коррупцияның басты өзегі – төмен жалақы. Мәселен, Сингапурда министрлер мен жоғары лауазымды тұлғаларға жалақы жеке сектордағы табысты жұмысшылардың (адвокат, банкир) орташа жалақысына байланыстырылған формула бойынша төленеді. Ол жақта карьералық өсу жолы өте қиын, өйткені таныс арқылы көтерілу мүлде мүмкін емес. Әркім өз білімі мен білігіне сенеді. Ал Нидерландының жолы, тіпті басқаша әрі ауқымды. Мемлекеттік ұйымдар жемқорлық дауына ұрынбаған және өзгені де итермелемеген қызметкерлерін әрдайым марапаттап отырады. Оңтүстік Кореяда мемлекеттік институттарды реформалау арқылы бюрократиялық процедураларды жеңілдету мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлық деңгейін әлдеқайда төмендеткен. Бұл ретте 1999 жылы бастау алған OPEN атты Сеул бағдарламасын атап өтуге болады. Бұл арқылы азаматтар интернеттен өздерінің шенеуніктерге айтқан мәселелерінің процедурасын бақылап отырады. Соның арқасында азаматтар кез келген сәтте құжаттардың қаралу процесін бақылай алды. Бұл мемлекеттік қызметтің ашықтығына, тазалығына әсер етіп, шенеуніктер әділеттен аттап кетерлік әрекеттерін азайтқан.
АҚШ болса жыл сайын өз қызметкерлерінен мүлік, актив және табыстар тізімі жазылған декларация талап етеді екен. Мұнда шенеуніктер қоғам үшін ашық. Кімнің қанша жалақы алатыны еш құпия емес. Жапония да бұл тәсілді ерте меңгерген. Жалпы, дамыған өркениетті елдердің барлығы қоғам үшін ашық болуды ертеден қолға алған. Соның арқасында парақорлықты азайтқан, дамуды арттырған. Дәл қазір бізге парақорлықты жою үшін мемлекеттің батыл бастамасы, қоғамның көмегі қажет секілді.