Жемқорлыққа батқан ЖОО-лар
Жемқорлыққа батқан ЖОО-лар
348
оқылды

Қазақстандағы жемқорлық факті­­лері жиі кездесетін 5 уни­вер­си­тет анықталды.Олар­дың ішінде аты­рау­лық универси­тет­тер көш бас­тап тұр. Бұл – Jas Otan Жастар қана­ты жүргіз­ген сауалнама нәтижесі.

«Көптеген жоғары оқу орындарында емтиханды ақшалай сыйақыға тапсы­ратынын барлығымыз да білеміз. Оқуға түсетін кезде болғанын білетін едік. Әдетте сессия кезінде сынақ пен бағаны сатып алатын еді. Студенттерге жатақханада орындарды бөлу, басқа да өмірлік проблемаларды шешу барысында пара беруге мәжбүрлейді» деді Елбасы тамызда өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында. Одан кейін Қауіпсіздік кеңесіне арнайы топтармен бірге университеттерді ішінара іріктеп алып, мәселені зерделеуді тапсырды. Нәтиже бар.

Jas Otan Жастар қанаты жоғары оқу орнында оқитын 15 мыңға жуық студент­пен анонимді сауалнама жүргізген. Сауалнама «Таза сессия» акциясының аясында өткен. Студенттер 38 сұрақтан тұратын сауалнамаға жауап берген. Нәтижесінде, Қазақстандағы жемқорлық фактілері ең көп кездесетін 5 университет белгілі болды. Олар: Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік универси­теті, Атырау мұнай және газ университеті, Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті.

Жастар қанаты сауалнаманы жыл сайын өткізуге құлшынып отыр. Мұны ұйым төрағасы Дәулет Кәрібек те растайды. Оның айтуынша, сауалнама нақты күрес жүргізуге көмектеседі. Респонденттер негізгі себеп ретінде ұстаз жалақысының аз екенін көрсеткен. Екінші себеп – студенттердің оқуға деген қызығушылығы төмен. Дәулет Кәрібектің ойынша, бұл елдегі білім жүйесінің деңгейін көрсетеді. Балон жүйесі мен өзге де сынамаларды қайта сүзгіден өткізген дұрыс дейді. Кейінгі орындарда студент пен ұстаз кәсібилігінің жетіспеуі мен университеттерде бақылаудың жоғы тұр. Шынымен де, жүгенсіз жұмыстың жүйесіз кететіні бар.

Сондай-ақ сауалнамада студенттердің дипломдық жұмысты сатып алу бағасы түзілген. Дипломдық жұмыстың орташа құны – 250 мың теңге. Ең арзан жұмыс бағасы 125 мың теңге екен. Жемқорлық фактісі жиі тіркелетін жағдай да белгілі. Сауалнама көрсеткендей, емтихан кезінде (16,2%) пара беруші мен алушы көп. Кейінгі орында дипломдық жұмыс тапсыру уақыты (11,7%). Үздік үштікті курс­тық жұмыс пен жоба тапсыру(10,4%) қорытындылайды.

«Астана – адалдық алаңы» жобасы білім беру саласындағы сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу мақсатында нәтижелі жұмыс жүргізіп жүр. Жоба кеңесі 2019 жылдан басынан бері ЖОО-ға ерекше назар аударды. Олар наурыз айында елордалық ЖОО студенттері арасында анонимді сауалнама жүргізді. Сауалнамаға Нұр-Сұлтандағы 12 оқу орны қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, студенттердің 87,6%-ы ешқашан пара мен сыйлық бер­мегенін растады. 6,3%-ы мұндай жағ­дайлармен кездескенін жасырмады, 7,1% жауап беруден бас тартқан. Қызығы, студенттердің 26%-ы күресудің пайдасы жоқ, бұл қалыпты құбылыс деп жауап берген.

Астаналық студенттер жемқорлық себебін біліксіз мамандармен байланыс­ты­рады. Содан кейін олар ұстаз жала­қысының төмен екенін, Білім және ғылым министрлігі тарапынан қадағалаудың жоғын атаған. Еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу мәдениетінің жоғын басты фактор ретінде көрсеткен. Агенттік Тұран-Астана, Қазақ бизнес және технология университеті, Астана университеті және Қазақ агротехникалық университеті студенттері диплом сатып алу тәуекелінің жоғары екенін анықтаған. Студенттің пәнге қызықпау факторы бойынша Еуразия ұлттық университетінің көрсеткіші жоғары (59%). Пән бойынша білімді қажет етпейтіндер де аталған уни­верситет студенттері (32%) екен. Ұстаздың дәрісті оқыту деңгейінің төмен екенін Қазақ бизнес және технология универ­ситеті (57 %) растайды. Сауалнама оқы­ту­шылардың әрекетін де әшкерелепті. Нәти­же Медициналық университет (12%), Ас­та­на(14%) және Қазақ бизнес және тех­­нология университеті (37%) оқытушы­лары жиі бопсалаумен айналысатынын көрсетті.

«Астана – адалдық алаңы» ЖОО-дағы жемқорлықпен күресудің бірнеше жолын ұсынады. Елордадағы жоғары оқу орын­да­рында сатушысыз жұмыс істейтін дүкен бар. Бұл студенттерді әділдікке тәрбиелейді. Сондай-ақ ЖОО-ларда ха­лық­қа қызмет көрсету орталықтары ашылған. Бірінші және екінші курс студенттеріне арналған «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы мәдениеттің негіз­дері» таңдамалық пәні жүреді. Департа­мент мамандары студент­терге тұрақты түрде дәріс оқиды.

Агенттік респонденттердің басым көпшілігі, студенттер мен мұғалімдердің 50%-дан астамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға қатысуға дайын екенін анықтаған. Демек, қоғам күреске дайын. Тек билік тарапынан қолдау мен көп­ші­ліктің ішкі сенімі керек. Сауалнама жүр­гіз­ген соң нәтижесіне құрметпен қарауды ұмытпаған жөн. Үлкен іс кішкентай баста­ма­дан туады. Бастамаға басшы болсаң да, қосшы болсаң да қосылған абзал. Бәріміз бірік­кенде ғана жемқорлық тамыры жіби­ді. Қоғам қозғалғанына қарай «жұлып» алып тастауға дайын боламыз.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ