Бюджет 667 миллиардтан қағылды

Бюджет 667 миллиардтан қағылды

Банктер мемлекетке төлейтін төлемдерін миллиардтаған сомаға азайтыпты. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың дерегінше, 2020 жылдың 10 айында бюджетке 6,8 трлн теңге сомасында ғана кіріс түсті. Жоспар тек 94,7%-ға орындалған. Яғни, бюджет жыл басынан бері бақандай 667 миллиард теңгеден қағылыпты.

Бас қаржыгердің айтуынша, бюджет түсімдері жоспарының орындалмауына қосылған құн мен корпоративтік табыс са­лықта­рының азайып кеткені себеп. Өйткені біріншіден, отан­дық компаниялардың экспорты азай­­­ған. Екіншіден, шектеулер және дағдарыс салдарынан жа­былған заңды тұлғалар, кәсіп­керлік нысандары көбейді: әре­кетсіз салық төлеушілер саны бірден 8,1 мыңға артты. Үшін­шіден, екінші деңгейдегі банк­терден түсетін түсімдер 11,8 млрд теңгеге азайды. Қаржы министрлігі амал­сыз­дан бюджет кірісі бойынша тәбетін басуға мәжбүр. Жақында 2020 жылдың нақтыланған бюд­жеті қабылданды, онда салықтар және салықтық емес түсімдер бойынша жоспар тү­зетілді. Өткен 10 айда жалпы сомасы 9,3 трлн теңге үлестірілген 1,3 млн тендер рәсімі камералық бақы­лаумен қамтылды. Тексеру қоры­тындысында жалпы көлемі 698 миллиард теңгенің бұзу­шылығы анықталып, жойылған. 1,6 мың аудиторлық іс-шара өткізіліп, 872 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 198 млрд теңгенің қар­жылық бұзушылығы әшкереленді. «Тауарлар жеткізу, қызмет көрсету және жұмыстарды орын­дау, бюджетке өндірту және есепке алу бойынша көрсету жолымен 172 млрд теңгенің бұзушылығы жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 1 411 ұсыным берілді. Оның ішінде 1 101-і орындалды», – деді министр Е. Жамаубаев. Үкімет мемлекет мүліктерін – активтер мен кәсіпорындарды сатуды жалғастыруда. 2020 жылы 74 нысанды өткізу жоспарланған. Оның 39-ы сатылымға шыға­рылды. «Жыл басынан бері жалпы алғанда 100,4 млрд теңгеге 7 объек­ті сатылды. Саудада тағы 32 объекті тұр. 6 нысан таратуға жіберілді. 16-сы жыл соңына дейін сатуға қойылады. 13 ны­санды сату 2021-2024 жылдарға ауыстырылды», – деді министр.

Айхан ШӘРІП