2019 жылдың соңына дейін Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдер Бірыңғай зейнетақы жүйесі келісіміне қол қояды деп күтіліп отыр. Аталған құжат азаматтардың еңбек өтілін ескеруге, зейнетақы жарналарын экспорттап, жинақталған қаржыны Одақтың кез келген мемлекетінің зейнетақы жүйелерінен алуына мүмкіндік бермек.
Бұл бастама биыл 29 мамыр күні Нұр-Сұлтанда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық саммитінде көтерілді. Естеріңізде болса, 2014 жылы 29 мамырда Қазақстан астанасында Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері ЕАЭО туралы шартқа қол қойған болатын. Кейін шартқа Армения мен Қырғызстан қосылды. Осы оқиғаның 5 жылдығына орай өткен саммитте Ресей президенті Владимир Путин Еуразиялық комиссия зейнетақы жүйесіне өзгеріс енгізетін келісім әзірлеп жатқанын мәлімдеді. «Бұл құжат зейнетақыны есептеген кезде, ЕАЭО-на мүше барлық мемлекеттің аумағындағы еңбек өтілін толық есепке алуға мүмкіндік береді. Өмір бойы жұмыс істеген азамат үшін мұның маңызы зор. Ең бастысы, еңбек өтілін растайтын тиісті құжат болса болғаны»,–деді В.Путин.
Ресей басшысы сол жолы мұндай құжаттың қабылдануы еуразиялық бестік тұрғындарының құқығы мен мүддесін толығымен қамтамасыз етеді деп түсіндірді. Путиннің сөзінен ұққанымыз, Қазақстан азаматы өмір бойы Қазақстанда жұмыс істеп келіп, Ресейге барып белгілі бір уақыт жұмыс істесе, зейнетақы жарнасынан жиналған ақшасын Ресейдің зейнетақы қорына аударып, бірыңғай жүйенің арқасында жинақтарын біріктіре алады-мыс.
Рас, посткеңестік елдерде еңбек миграциясы тұрақты өсіп отыр. Осының есебінен бірқатар ел тұрғындарының басқа мемлекетке ақша аударымдары көбейіп, халықтың кірісі азаюда. Еңбекке қабілетті тұрғындар жұмыс күші жетіспейтін мемлекеттерге уақытша жұмыс істеуге кету жағдайы туындады. Әрине, бір жағынан бұл үдеріс ортақ Одақ ішіндегі «жұмыс ұсынушы» мемлекет пен «артық жұмыс күші көп» мемлекетке тиімді. Алайда еңбек мигранттарына қатысты бірқатар проблема да бар. Соның бірі – зейнетақымен қамтамасыз ету. Себебі еңбек мигранттары еліне оралған кезде еңбек өтілі мен жинақтаған қаржысының аздығынан бейнетінің зейнетін көре алмай жатады.
ЕАЭО ЕЛДЕРІНІҢ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚҰҚЫҒЫ ӘРҚИЛЫ
Әйтсе де, Одаққа мүше бес мемлекеттің зейнетақы жинақтау мен төлеу жүйесінде үлкен айырмашылық бар. Мәселен, Арменияда үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыру, міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі, сондай-ақ ерікті түрде жинақтаушы зейнетақы жүйесі.
Есептелген зейнетақы негізгі зейнетақыдан тұрады – 16 000 драм (13 080 теңге) және еңбек өтілі мен жылдағы баға да өзгеріп отырады. Мысалы, 10 жылға дейінгі жұмыс өтілі бар адамның біржылдық ақшасы 800 драм шамасында болса, 10 жылдан кейін 500 драм көлемінде есептеледі.
Айнымалы коэффициент те жұмыс істеген жылдар көлеміне қарай қалыптасады. Яғни, онжылдық жұмыс тәжірибесіне – 0,1 коэффициент болса, он жылдан қырық жылға дейінгі – 0,01. Сонымен қатар армяндарда зейнетке шығу жасында айырмашылық жоқ. Ерлер де, әйелдер де – 63 жаста зейнеткер атанады.
Беларусьта орташа зейнетақы көлемі – 438 беларусь рублі (82 380 теңге). Елде жасына байланысты зейнетке шыққан азаматтың зейнетақысы жұмыс істеген кезіндегі айлық жалақысының 55% мөлшеріне қарай есептеліп, төленеді. Сондай-ақ жұмыс көлеміне, зияндылығына және т.б. жағдайға орай әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Бұл ретте жасына байланысты зейнетақы заңмен белгіленген ең төменгі мөлшерден (54,23 бел.рублі) кем болмауы тиіс. Беларусьта зейнетке шығу жасы Қырғызстандағыдай: ерлер – 63 жас, әйелдер – 58 жас.
Қырғызстанда зейнетақының орташа мөлшері 5 820 сомды (32 100 теңге) құрайды.
Ресейдегі орташа зейнетақы 14 826 рубльге тең (88 956 теңге) және 2 бөлімнен тұрады: белгіленген және жинақталған. Ресейде ер адамдар – 65 жаста, әйелдер 60 жасқа толғанда зейнетақы алуға құқылы.
Қазақстанда зейнетақы көлемі еңбек өтілі мен күнкөріс құнына тікелей байланысты. Зейнетақы төлеуде 3 көрсеткіш негізге алынады: базалық зейнетақы (16 037 теңге), еңбек зейнетақысы (Кеңес Одағы кезінде жұмыс істеген азаматтарға қатысты, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі аударымдар), сондай-ақ жинақталған зейнетақы (1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі аударымдар).
2019 жылы негізгі әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңге деп есептелген. Осылайша, ең төменгі зейнетақы – 36 000 теңге, орташа зейнетақы – 101 000 теңге. Қазақстанда зейнетке шығу жасы еркектер үшін – 63 жас, ал әйелдер үшін 2027 жылға дейін біртіндеп 63 жасқа ұлғайту жоспарланған.
МИГРАЦИЯЛЫҚ АХУАЛ
Еуразиялық экономикалық комиссия атап өткендей, қазір ЕАЭО ішіндегі жұмысшылар зейнетақысы туралы келісім аяқталуға жақын. Келісім жасалған соң 2020 жылдан бастап ЕАЭО-ның басқа елдерінде кемінде 1 жыл жұмыс істеген азамат жинақталған жарнасын өз еліндегі жинақтау жүйесіне аудара алады. Бұл жаңа жүйенің ойша күтіліп отырған жақсы жағы. Ал оның теріс жағы да болары анық. Ең алдымен, жаңа жүйе белгілі бір мемлекеттер мүддесіне ыңғайлы болғанымен, мигранттардың өзіне тиімді ме? «Екі қолға бір күрек» іздеп, отбасынан жыраққа жұмыс іздеп кеткен азамат бұдан былай салық төлеуге, анықтама жинауға және көші-қон қызметіне үнемі есеп беруге міндетті болады. Өзге ел, бөтен жерде нәпақа табуға келгендер үшін бұл басы артық шаруа, қосымша шығын.
БІРЫҢҒАЙ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІ БӘРІНЕ
ЫҢҒАЙЛЫ МА?
Бірыңғай жүйені ұсынып отырған Ресей мемлекетінің өзі Зейнетақы қорындағы жеке шотқа мигранттардың зейнетақыларын жинауды 2015 жылдан бастаған. Алайда жинақ көрсеткіші мәз емес. 2017 жылғы мәліметтерге сәйкес шетелдік жұмысшылардың жинақталған қаржысы 5,4 млрд рубльді құраған, бұл Ресейдегі зейнетақы қорында жинақталған ақшаның 0,01%-на ғана тең. Ресейде жұмыс істеп жатқан мигранттардың санына шаққанда жоғарыдағы қаржының көлемі өте аз екенін байқауға болады.
Одан бөлек, мамандар ЕАЭО-ның аясында ұсынылып отырған есептеу жүйесі өте күрделі екенін айтады. Бірыңғай зейнетақы жүйесінде инфляция деңгейі ескерілмеген. Мысалы, Одақтағы өзге төрт елге қарағанда ресей рублі салыстырмалы түрде тұрақты валюта, ал өзге мемлекеттердің ақша бірліктеріне қатысты бірқатар сұрақтың басы ашық қалған. Оның үстіне халықаралық аренадағы соңғы сыртқы фактордың айырбас бағамына айтарлықтай әсері болатынына бірнеше мәрте көзіміз жетіп отыр. Мұндай жағдайда экономикасы Ресейден әлдеқайда төмен мүше мемлекеттердің қаржылық ахуалын кім қорғайды? Әдетте, сүт өнімдері, арақ-шарап, бензин акциздері жөнінен жиі келісе алмай, дау туындап отырған Одақта зейнетақы жүйесін оп-оңай біріктіре салу сәтті жүзеге аса қоя ма? Бұл да нақтыланбаған жайттың бірі.
Бірыңғай зейнетақы жүйесінің жұмысы барынша ашық болу үшін әр адам өз шотындағы қаржыны сақтандыруға мәжбүр болады. Дәл қазіргі «жұмыс ұсынушы» мемлекеттің өзінде көлеңкелі экономика дәуірлеп тұрған тұста бұл қаншалықты мүмкін?
Ең алдымен, Одақтағы бестіктің бәрінің бірдей экономикасы аталған жүйеге көшуге дайын ба, жоқ па? Ортақ жүйе Одақ елдерінде бюджеттің бөлінуіне қандай әсер ететіні әлі белгісіз күйде қалып отыр.