Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы ортағасырлық Жанкент қалашығында «Жанкент қалашығындағы аспанасты музейі және далалық зерттеу жұмыстарының нәтижелері» тақырыбында далалық семинар өтті. Жиын нәтижесінде өңірде археологиялық парк құру жоспары бар екені белгілі болды.
Жалпы, Жанкент қалашығы Қазақстанның ортағасырлық тарихын, соның ішінде түркі-оғыз тайпаларының тарихын зерттеуде айрықша орны бар мекен. Көне ескерткішті 2005 жылдан бері «Халықаралық Жанкент архео-логиялық экспедициясы» зерттеп келеді. Археолог, тарихшы, остеолог, топырақтанушы, архитектор, геофизик және басқа да ғалымдардан құралған экспедиция кешенді археологиялық және пәнаралық зерттеу әдістерін пайдалануда. Ал семинарда Жанкент қалашығындағы 2016-2020 жылдары бірлесіп жүргізілген ғылыми-зерттеулердің нәтижелері талқыланып, қалашық аумағында аспанасты музейін ұйымдастыру, ескерткішті сақтап қалу және қайта қалпына келтіру жұмыстары таныстырылды. Облыс аумағындағы археологиялық ескерткіштерге барлау жұмысын жүргізу, мониторинг, сараптама жасау, өңірдің ішкі туризмін дамыту секілді өзекті мәселелер сараланды. Биылғы қазба маусымында археологиялық зерттеулермен қатар, архитектуралық құрылыстарды ыңғайлау, қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Мысалы, ескерткіш цитаделінің солтүстік қорған қабырғасында 5 мұнарасы аршылып, мезгілді жауын-шашыннан қорғау мақсатында сырты саман жабындымен жабылды. Сондай-ақ №1 қазбада орналасқан үйдің орны қалпына келтірілді. Жалпы, бұл қазбаның аумағы 400 шаршы метр темір жабындымен жабылған. Үйдің үш тұрғын бөлмесінің қабырғалары жергілікті халықтың құрылыс әдісіне айналған «каркасты» әдіспен көтерілді. Бөлмелердің төбесі пәшінмен жабылып, ортасына терезесі орнатылды. Бөлмелердің ішіне ер және әйел адамның, баланың мүсіндері қойылды. Осылайша, зерттеушілер қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын қайта жандандырды. «Бұл іс-шаралардың түпкі мақсаты – аршылған нысандарды ашық аспан астындағы музейге айналдыру жолындағы алғашқы қадам болып отыр». Дегенмен келешекте осы бағыттағы жұмыстар Жанкент қалашығының аумағында археологиялық парк қалыптастыруға мүмкіндік бар. 2005 жылы басталған кешенді зерттеудің жалғасы. Осы аралықта ескерткіштің 3000 м² бөлігі зерттеліп, табылған 200-ге жуық экспонат облыс музейлерінің қорына өткізілген. Ал 2014 жылдан бастап қазба жұмыстарын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы облыстық бюджет есебінен жүргізуде. Мұны облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырып келеді. Қазіргі таңда қалашықтың аумағы толық қоршалып, JANKENT стелласы бой көтерді. Қазба жұмыстары нәтижесінде іске асқан жобалар келешекте Жанкентті туристік орынға айналдыруға септігін тигізіп, археологиялық парк қалыптастырмақ.Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы