Бюрократия: экспортшылар жапа шегуде
Бюрократия: экспортшылар жапа шегуде
168
оқылды

Павлодар облысының тауар өндірушілері бюро­кра­тиялық ке­дергілерге тап бо­лып келеді. Әсіресе, өз өнім­дерін шетелге экс­порт­тайтын кәсіп­кер­лерге қиын соғуда. Олар дайын тауар­­ды шетел асыру үшін қажетті рұқ­сат қағаздарын апталап кү­туге мәж­бүр. Сал­­дарынан шы­ғын­ға ба­туда.

Шетелдің нарығынан «Қазақ­стан­да жасалған» деген белгісі бар тауар­ды көріп қалсақ, қуана­ты­ны­мыз рас. «Біздің өндіріс орын­дары­ның экспорттық әлеуе­ті артып ке­ле­ді» деп мар­қаямыз. Бірақ бизнес өз тауарын шетел асырып саудалау үшін бірталай кедергіден өтуге мәж­бүр болып жатқанынан ха­бары­мыз жоқ. Оған Павлодар облы­сы­ның Май ауданындағы «Ақжар Өн­діріс» ЖШС мысалы дәлел бола ала­ды. Бұл – облыстағы өркен жайған ірі шаруашылықтардың бірі. Асыл­тұқым­ды мал өсіретін агро­фир­ма екін­ші жыл қатарынан қы­мыз, кон­серві өнімдерін Ресей нарығында саудалап келеді. Алайда серіктестік бас­шылығы тауа­рын экспорттау үшін талай ке­дергіден өтуге тура ке­летінін ай­туда. – Бірінші кезекте, бұл – бю­ро­к­­ра­тиялық кедергілер. Дайын өнім­ге рұқ­сат қағаздарын алу үшін тым көп уақыт жұмсаймыз. Ал біз­дің өндіріп, ше­тел асыратын өні­міміз тез бұзы­ла­тын тауар­лардың санатына жата­тын­дықтан, әр күніміз санаулы. Мы­салы, қымыздың сақталу мерзімі – бір ай. Құжаттың әлегімен жүріп, уа­қытты өткізіп алған кездеріміз бол­ды. Кейде ресейлік серіктес­те­ріміз тауарымызды кейін қайтарып жі­беріп жатады, – дейді «Ақжар Өн­діріс» ЖШС директоры Гүлзира Қа­зылова. Кәсіпкер дайын өнімге рұқсат алу үшін талай табалдырықты тоз­дырады. Алдымен тиісті өтініш жа­зып, ветеринария бөлімінен анық­тама алады. Одан кейін аумақтық инс­пекцияға жол тартады. Бұл ме­ке­меден тиісті жолдама алып, об­лыс­­тық ветеринарлық зертханаға ба­рады. Дайын нәтижемен аумақ­тық инс­пекцияға қайта келіп, ве­те­ри­нар­лық сертификатқа қол жеткізеді. Мұнымен әлек аяқтала қоймайды. Жер­гілікті кәсіпкерлер палатасынан өн­діріс сертификатын алуы қажет. Соң­ғы сатысы – салық мекемесі. Осы­лайша, кәсіпкер рұқсат қағаз­дарын алу үшін кемінде жарты ай уа­қытын жоғалтады. Гүлзира Қазылова мемлекеттік мекемелер арасында сеңдей со­ғылып жүргенде уақыт жоғалтып, талай мәрте шығынға батқан. Ресейлік тұтынушылар жалпы сомасы 1,5 миллион теңгенің тауарын кері қайтарған. Онымен қоса, салықшылар 3 млн теңге көлемінде айыппұл да арқалатып жі­беріпті. Себебі кәсіпкер әр сауда айналымы кезінде элек­тронды шот-фактураны салық органдарында тіркеуі керек бо­лыпты. Бір сөзбен айтқанда, бю­рократия. Павлодар облысындағы «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасы Өңір­лік кеңесінің төрағасы Қо­быланбек Қожин бұл мәселені ше­шудің бір ғана жолы бар екенін айтады. – Кәсіпкерлерге, әсіресе, экс­порттаушылар үшін рұқсат қа­ғаздарын алудың жолын жеңілдету керек. Ол үшін  бір терезе қа­ғи­дасын іске қосу қажет, – дейді Қо­былан­бек Қожин. Өкінішке қарай, қағаз­бас­ты­лық мәселесі тек экспорт­тау­шыларға ғана қатысты емес. Жер­гілікті кәсіпкерлер ел ішінде де бюрократияның құрбанына ай­налып жатқанын айтып, түрлі ме­кемелерге шағымданып келеді. Бұл мәселе төтенше жағдай режимі кезінде тіптен  өршіп кеткен. Павлодар облыстық іскер әйел­дер қауымдастығының тө­рағасы Райхангүл Сатабаева ай­мақтың барлық қаласы мен ау­дандарын аралап, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдер қа­уымымен жүздескенін айтты. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі бюрократиялық кедергілерге шағым айтып жатқан көрінеді. – Аудан, ауылдардағы кәсіп­керлер санитар дәрігерлер тара­пынан ойға қонымсыз талаптар қойылатынын алға тартып отыр. Бұл ретте, елді мекендегі шағын биз­нес құрылымдар мен қалалық жер­дегі ірі өндіріс орындарының ара­жігін ажыратып алған жөн сияқты. Әйтпеген жағдайда, не­гізсіз айыппұл арқалап жүрген ауыл кәсіпкерлерінің қатары тым көп, – дейді Райхангүл Сатабаева. Бюрократия – тек кәсіпкерлік саласына ғана тән проблема емес. Павлодар облысының әкімі Әбіл­қайыр Ысқақов тұрғындар тара­пынан қағазбастылық мә­селе­сіне қатысты көп шағым естиді. Мемлекеттік мекемелер арасында допша домалап жүретін азаматтардың арызынан аймақ басшысы да шаршаған болса ке­рек, облыстық әкімдікте арыз-шағыммен жұмыс істейтін жеке бөлім құрған болатын. «Ол бө­лімнің жұмысы жаңа форматта жүр­гізіледі. Бюрократияға жол берген шенділер қатаң жазаланады», – деп сендірді әкімдіктегілер. Оның жұмысының нәтижесін алдағы уақытта көре жатармыз. Ендігі кезекте,  Павлодар облысының әкімі бюрократияның құрбанына айналып отырған кәсіпкерлердің де мәселесіне назар аударса екен дейміз.

Данияр ЖҰМАДІЛ, Павлодар облысы