Нөмірлер базасы – біреудің мазасы

Нөмірлер базасы – біреудің мазасы

Күнде болмаса да, күнара не кем дегенде аптасына бір бейтаныс нөмірден қоңырау түсіп, әлдебір компания өз өнімін жарнамалап кетеді. Телефонның арғы жағындағы оператор барын салып түсіндіріп, сізге қалайда жарнамасын өткізуге тырысады. Кейде құрығына түсіп, пайдаланып көруге келісім береміз. Енді бірде «уақытым жоқ» деп шорт кесеміз. Тұтқаны қоя бергенде «осы менің нөмірім бұларда қайдан жүр?» деп ойлайтын боларсыз. Ендеше қайдан жүргенін және заң жүзінде бұған тыйым салуға бола ма, анықтап көрелік.

Расында, кез келген компанияның өзі­нің клиенттер базасы болады. Жеке мә­ліметтерін жаңалықтардан хабардар етіп отыру үшін сұратып алады. Бас салып бір­ден нөмір мен пошта адресін алмайтыны анық. Алдымен параққа сауалнама жүргізіп, бол­маса белгілі бір акция аясында деректер тол­тырту арқылы мәліметтерге қол жеткізеді. Со­дан кейін «спамдату» басталады. Әрине, сүйікті дүкенінде жеңілдік жүріп жатқанын есті­мей қалам деп уайымдайтындар үшін бұл – жақсы әдіс. Бірақ таразының екінші ба­сында мұндай қадамды ұнатпайтындар тұр.
Заңгер Нұра Тынысқызының айтуынша, жеке мәліметтерді тарату-таратпауды әр­кім өзі шешеді. «Компаниялардың жеке мәліметті талап етуі өздерінің ішкі ережелері мен талаптарына байланысты. Мұны заңды не заңсыз дей алмаймыз. Мысалы, банк­ке барғанда телефон нөміріңізді беруге мін­деттісіз. Яғни, жеке мәліметіңізді тара­тасыз. Олар болса, аталған мәліметтерді ала отырып, хабарлама жолдап отырады. Не­гізі, заң бойынша нөміріңізді бермеуге құ­қығыңыз бар», – дейді заңгер.
Әрине, банктің нөмірді талап етуі тү­сінікті. Жеке басыңызды растау үшін де сұ­ралатыны белгілі. Дегенмен коммерциялық мақ­сатта нөмірлер базасын жасайтындардың жөні бөлек. Олар түрлі тәсілмен клиент жи­найды. Соның бір түрі – дайын нөмірлер ба­засын сатып алу. Мұндай жағдайда аса көп еңбек етудің қажеті жоқ. Бар болғаны өзіңізге қан­ша нөмір керегін белгілеп, соған қарай ба­ғасын төлейсіз. Бүгінде мұндай базаның түр-түрі бар. Аймақ, жыныс, жас сынды ка­тегориялар ішінен өзіңізге керек, қармаққа тү­седі-ау дейтін клиентті аласыз. База саудасы ашықтан-ашық сатылып жатыр. Бірақ қолыңызға дайын кесте береді екен деп қалмаңыз. Мұндағы жұмыс принципі басқа. Бір түсінгеніміз, бүгінде электронды пошта не телефон нөмірлерінен бөлек, қазір WhatsApp желісіне бірден топтасқан хат жіберу сәнде екен. Толық ақпарат алу үшін хабарландыру иелерімен байланыстық. Арнайы сайт ашып, 11 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компанияға хабарласып, кеңес алғымыз келетінін айттық. Әрі қарай нөмірлер базасына қалай қол жеткізуге бола­тынын бағамдадық. Ком­панияға тапсырыс беріп, өзіңізге қажет та­рифті таңдайсыз. Смс, WhatsApp және е-mail түрінде жарнама беруге болады. Алғашқысы – смс түріндегісі. 7 000 адамға жолдау – 63 000 теңге, 15 000 адамға – 126 000 теңге, 30 000 адамға – 240 000 теңге, ең қымбаты – 100 000 адамға 580 000 теңге тө­лейтін тариф. Символы шектеулі, сілтеме бір­ден ашылатын, нөмір мен бір атау арқылы ке­летін хат қылуға болады екен. Одан кейінгі түрі – WhatsApp. Мұнда 7 000 адамға 70 000 теңгеден басталып, 100 000 адамды 500 000 теңгеге қамтитын түрге дейін барады. Ал электронды хат болса, ең арзаны 50 000 хатқа 50 000 теңгеден бастап, 300 000 хатқа 210 000 теңгелік тарифпен аяқталады. Нөмірлер базасы туралы сұрағанымызда, агрегаттар арқылы жұмыс істейтінін айтты. Өздеріндегі дайын базаны тегін беретіндерін, болмаса сіздегі базаны қолданып, топтық хат жіберу қызметінін ұсынатынын жеткізді. Сайттарындағы ақпарат бойынша, елге танымал market.kz, krisha.kz, kolesa.kz база­ларын қолданады екен.
Компанияларға клиенттерінің жеке де­рек­терін өзге мақсатта қолдануға болмайды. Егер мәліметтер базасы сатылғаны туралы ақпарат расталса, Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. «Белгілі бір компанияның нөміріңізді рұқ­сат­сыз пайдаланып, сатқанын нақты дә­лел­десеңіз, жауапкершілікке тартуға болады. Дегенмен көп жағдайда базаны са­тып алушылар кімнен алғанын айтпайды. Сон­дықтан анықтау қиын» дейді Нұра Ты­нысқызы. Бір мезетте бірнеше адамға хат жіберіп, кедергілерге тап болмау үшін аталған қыз­мет­ті қолданатындар көп. Солардың бірі – Аида Сұлтанқызы. «Сұлулық салоным бар. Клиент тарту үшін үнемі түрлі акция мен жеңілдік ұйымдастырып отырамын. Сондай кезде топтық хабарлама жіберу қызметіне жүгінемін. Өте ыңғайлы», – дейді ол.
Осыдан екі жыл бұрын қытайлық суретші Денг Юфенг жеке мәліметтерді оңды-солды шашпау керегін білдіретін арт-нысан жасаған болатын. 300 мыңға жуық қытайлық тұрғынның жеке мәліметін ашық «базардан» сатып алады. Базаның ішінде телефон нө­мірі, сатып алған заттарының тізімі, қай жер­ге саяхаттағаны туралы ақпарат болған. Бір қолданушының бағасы бір центтен де аз тұрады екен. Қызығы, арт-нысан жұрт­шылық назарына ұсынылған күннің ер­теңіне көрмені билік жауып тастайды. Артынша Юфенгті жеке мәліметтерді заңсыз жариялады деп айыптайды. Ал суретші болса жеке деректерді жинақтайтын брокерлерден сатып алғанын айтады. Былай қарасаңыз, осылай назар аудартпаса, әркім сатып алып, клиенттер базасын жинақтап жүре берер ме еді, кім білсін. Егер бұрын-соңды бұл мәселеге мән бер­меген болсаңыз, жеке мәліметтерді сақтауға қатысты бірнеше кеңеске құлақ түріңіз. Электронды пошта, жеке нөмірді сұраған сервистің бәріне енгізе бермеген дұрыс. Көп жағдайда сіздің мәліметтеріңізді өңдеуге рұқсат сұралады. «Иә» деп баспас бұрын, не нәрсеге келісім беріп жатқаныңызды бағамдап алғаныңыз жөн болады. Сонымен қатар нөмір не электронды поштасыз шаруаңызды бітіруге болмайтындай жағдай туса, ол үшін жеке деректер ұстанған абзал. Яғни, бөлек нөмір мен поштаңыз болса, жеке қолданыстағыларын мазаламайды. Қалай десек те, көпшілігіміздің нөміріміз тамыры тереңдеп, талай базаның төрінен орын алып үлгерді. Бұған – жиі шалынатын қоңыраулар мен ұсыныстар дәлел. Бұлар сіздің жүйкеңізге тие ме, қалай?

Жадыра АҚҚАЙЫР