Асық атудан чемпионат өтті

Асық атудан чемпионат өтті

5-9 қараша аралығында асық атудан Қазақстан чемпионаты өтті. Чемпионат­қа барлығы 12 команда қатысып, ел­ордалық ерлер құрамасы «Асық атудан» 1-орынға ие болды.

Әдеттегідей онлайн өткен чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналды. Атап айтсақ, БҚО, СҚО, Жамбыл, Қостанай, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ақмола, Түркістан, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан спортшылар келді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының ерлер құрамасын Әділхан Жұмағұлов, Мырзамұрат Қайыпбеков, Нұрқанат Молжігітов сияқты сайыпқырандар бастап шықты. Жігіттердің көш бастауымен елордалық ерлер құрамасы «Асық атудан» төртінші рет ел чемпионы атанды. Бәсекеге бойы Нұр-Сұлтан қаласы ерлер құрамасына үзеңгілес болған Түркістан облысы 2-орынды иеленсе, Ақмола облысы 3-орынға табан тіреді. Бұған қоса, қыздар құрамасы «Бес асық» бойынша сынға түскені бар. Тартысты жарыста Қостанай қыздарына ешкім дес бере алмады.  Анаргүл Ходжаниязова, Айжан Серікова, Ұлжалғас Худайбердиева өнер көрсеткен Нұр-Сұлтан қаласы қыздар құрамасы 2-орын алды. Ал Солтүстік Қазақстан облысының қыздары үздік үштікті түйіндеді. Жарыс қорытындысына көз салсақ, елор­далық құрамалардың жарысқа бар ынтасымен қатысқанын байқаймыз. Оның үстіне, тә­жірибе мен дайындық үлкен рөл ойнайды. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласында 300-ге жуық адам асық ату спорт түрімен шұғылданады. Олардың ішінде мектеп оқушыларымен қатар ересектер де  бар.

Айбике ЖАНАСЫЛ