Канал жөнделіп жатыр
Канал жөнделіп жатыр

Шымкент қаласында Өтеміс елді мекенінде орналасқан «Өтеміс» каналының су өткізу қабілеттілігін, сыйымдылығын арттыру үшін 10 шақырымға бетондалған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жыл соңына дейін аяқталады.

Шымкент қаласының  Ауыл шаруашылығы  және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков пен Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов каналда  атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысу үшін Шапырашты және Өтеміс елді мекеніне барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде елді мекен тұрғындары тарапынан «Өтеміс» каналында жүріп жатқан құрылыс жұмыстары туралы көтерілген мәселелер, өтініш-тілектер тыңдалды. Каналдың жалпы ұзындығы 10 шақырым, ал іргелес жатқан жер көлемі 369 га. Қазір су өткізу қабілеттілігі 1 текше метрді құрайды. Каналдан Өтеміс елді мекені тұр­ғындарының 312 үй іргелік және 15,6 га  же­ріне ағын су жеткізіледі. Каналдың су өткізу қа­білеттілігі төмен болғандықтан, қазір тек 90 гек­тар жер ғана пайдаланылып жатыр. Қалалық Ауыл шаруашылығы және вете­ринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтің айтуынша,  жөндеу жұмыстары толық аяқталар болса, мұнда 369 гa егіс алқабы толығымен игеріліп, су өткізу қабілеттілігі 1,5 текше метрге дейін ұлғаймақ.  Сондай-ақ жылына 250 тонна көкөніс дақылы, 100 тонна дәнді-дақыл және 350 тонна мал азығын дайындауға мүмкіндік мол болмақ.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы