Жамбылда қызылша жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді
Жамбылда қызылша жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді
224
оқылды

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылы  4,5 мың гектарға қант қызылшасы егіліпті. Жоғары сұрыпты тұқым себудің нәтижесінде әр гектардан  327,6 центнерден өнім алынған.

Ал жыл соңына дейін қант зауыттарына 130 мың тонна тәтті түбір өткізіледі деп күтілуде. Одан  17 мың тонна отандық қант өндірілмек. Қазіргі таңда  Тараз қаласы мен  Меркі ауданындағы қант зауыттарына күнделікті 2 тоннаға жуық қант қызылшасы өткерілуде.    width= Бұл ретте Меркі ауданы шаруаларының еңбегін ерекше айтып өту керек.  Мұнда  егістік алқабының көлемі артып, тәтті түбір мөлшері де көбейген. Ағымдағы жылы меркіліктер  1905,4 гектарға қызылша егіп, өнім жинаудан өзгелерден көш ілгері тұр.  Дихандар әр гектардан  302,3 центнерден өнім алуда.  Жалпы түсім 53382,9 тонна болса, тәулігіне қант зауытына 157,7 тонна жіберілуде екен. Ал «Трансфер» шаруа қожалығы тіпті гектарына  1150 центнерден қызылша жинап, бұрын-соңды болмаған рекорд көрсетуде. Бұл әрине заманауи  техника мен жоғары сұрыпты тұқымның арқасы екені анық. Байзақтықтар да тәтті түбірдің бабын тауып, табыстың тайқазанын қайнатуда.  Елді мекендегі 49 шаруашылық биыл  жалпы көлемі 1 321 гектарға қант қызылшасын отырғызып,  24 889,1 тонна өнім жинап отыр.  Қант зауытына 23 мың 553,5 тонна тәтті түбір өткізілген. Әрине, ырыздығын  маңдай терімен тапқан шаруалар үшін ең бірінші мәселе – өнімді дер кезінде өткеру. Бұл тұрғыда былтыр «Меркі қант зауыты» қазылшаны қабылдап алғанымен оның ақшасын бере алмай, дихандарға қарыз болып қалған еді. Оның арты айқай-шуға ұласып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың араласуына тура келген.  «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Бауыржан Мазбаевтың айтуынша, биыл ешқандай қиындық туындамайтын көрінеді. Серіктестік «Сыпатай батыр» шаруа қожалығынан басқасының алдындағы берешегін өтеп, қарызынан құтылған. Жалпы «Меркі қант зауыты» былтырғы қиындықты қант бағасының арзандап кетуімен байланыстырады. Алайда биыл бар мәселе бақылауда екен. Лайым солай болғай. Себебі қазіргідей қиын жағдайда ең бірінші еңбеккерлердің ақысын дер кезінде төлеу маңызды.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы