ҚХА мүшесі: Қазақстанның келешегі қазақ тілінде екенін түсінсек, соған қарап әрекет жасауымыз керек
ҚХА мүшесі: Қазақстанның келешегі қазақ тілінде екенін түсінсек, соған қарап әрекет жасауымыз керек
171
оқылды
"Бүгін Қазақстан халық ассамблеясының отырысы өтті. Оның мақсатын тақырыбының өзі айтып тұр. Бір шаңырақ астында биік мақсатқа деп аталды. Биыл Қазақстан халықтары ассамблеясының 25 жылдығы. Сонау 1995 жылы құрылған. Ол кезде Кеңес Одағы ыдырады. Еуропаның бірқатар елдері бөлінді. Сол кездегі ең үлкен қиындық ұлтаралық қақтығыстар еді. Құдайға шүкір, осы одақ құрамынан тараған елдердің ішінде осындай ірі қақтығыс болмаған Қазақстанымыз ғана. Ешқашан болмасын да. Соны мақтан етеміз. Әрбір этностың өзіндік мәдениеті болады ғой. Осы мәдениеттердің қақтығысы туралы Сэмюель Хантингтон деген американдық жазушының кітабы шықты сол кездерде. Мәдениеттер арасындағы қақтығыстың өршіп тұрған заманы еді. Әртүрлі елдерде тамыр жайып, жағымсыз жағдайлар болған кезде дер кезінде құрылған ассамблеямыз киелі шаңырақ астында ұлтына, тіліне, дініне қарамастан азаматтық құру елбасының идеясы болатын. Соның арқасында еліміз сол кезеңнен аман өтіп қана қоймай биіктерді бағындыра бастады. Бұл жерде айта кететін маңызды нәрсе, әр мәдениеттің өзіндік айырмашылығы, ерекшелігі болады. Елбасының келешекті көре білу қабілетінің арқасында осы айырмашылықты күшке айналдырдық. Бұған дәлел ретінде қандай да бір халқаралық додадан біздің кез-келген отандасымыз жеңіске жететін болса, халқымыз соған бірауыздан қуанып отыр. Бұл тәуелсіздік жылдары жеткен ең үлкен жетістігіміз деп ойлаймын. Ел болғаннан кейін әр түрлі қиын жағдайлар, табиғи құбылыстар болады. Соңғы бес жылға қарайтын болсақ, мынау қарағанды облысындағы су тасқыны, 2016 жылы Солтүстік Қазақстандағы соған ұқсас апаттар, одан кейінгі Арыстағы мәселе, Мақтаралдағы жағдай есімізде. Мұндай жағдайлар болмасын деп тілейміз. Ондай апаттарды ауданға бөлінбей еліміз бір атаның баласындай жұмылып, өз халқымызға көмек көрсеттік. Осындай қиын кездерде біздің ассамблея алғы шепте болып, алғашқылардың бірі болып көмек қолын созуға ұмтылды. Бұл біздің ұлтаралық келісімнің айқын көрінісі деуге болады. Біздің отырысымзда, мысалы, спикерлеріміз Қазақстан азаматтары болғанымен басым бөлігі өзге этностың өкілдері болды. Ішінде әр түрлі саланың азаматтары, әр түрлі қызметтің мамандары бар. Байқағанымыз бәрі қазақша сөйлеп отыр. Елбасымыз айтты ғой «Қазақстан халқының үштен екісі меңгерді және сөйлеп отыр», – деп. ол әрине қуанарлық жағдай. Бірақ, бір ақиқатты түсіну керек. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы алдымыздағы жылда отыз жыл болғалы жатыр. Отыз жыл аз да, көп те емес. атқарылған қызмет орасан зор. Бірақ алда бізді одан да көп жұмыс жауапкершілік күтіп тұр. Қазақстанның келешегі қазақ тілінде екенін түсінсек, соған қарап әрекет жасауымыз керек. Ең бастысы барша отандастарымыз біздің спикерлеріміз сияқты ұлтына қарамай мемлекеттік тілге деген оң көзқарасты дамытуға атсалысса деген тілегіміз бар. Әр елдің болашағы оның адами капиталында. Сол үшін адами капиталға бет бұрып, инвестиция құйып жатыр. Біздің спикерлеріміз сияқты тамаша адамдарды көрген кезде көңіліміз жай тауып, қуанамыз. Менің армандап, аңсаған Қазақстаным бәсекеге қабілетті отыз елдің ішінде емес, алдында болатын потенциалы бар. Елімізде көшті алға сүйреуге қауқарлы мықты азаматтар жетерлік. Сол азаматтар еліміздің дамуына үлес қосып, күш салса алмайтын асуымыз болмайды деп сенем. Барлық отандастарымның жеке табысқа жетіп, бақытты өмір сүруін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болуын тілеймін!"

Аскер Пириев,

Нұр-Сұлтан қаласы түрік этно-мәдени орталығының төрағасы, ҚХА мүшесі