Сенат депутаттары жеке азаматтардың салықтарын жеңілдету, шағын және орта бизнес иелері мен инвесторларға қолдау көрсетуге негізделген заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Сенаттың кезекті отырысында талқыланған Салық мәселесі әсіресе пандемия кезінде зардап шеккен кәсіпкерлердің проблемаларын шешуге негізделген.
«Атамекен ҰКП мәліметі бойынша, шағын және орта бизнес иелерінің 30 пайыздан астамы өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған. Пандемиядан зардап шеккен секторларға қолдау көрсету үшін шағын және орта бизнесті 2 жылға қосылған құн салығынан және әлеуметтік салықтан босату ұсынылды. Оларға табыстың 3 пайызы көлемінде бөлшек салығы енгізіледі» - деді Мәулен Әшімбаев.Сондай-ақ Сенат төрағасы шағын және орта бизнес өкілдері қиын кезеңді бастан өткеріп, пандемияның ауыртпалығын өз мойнындарына алып отырғанын айтты. Сондықтан да Жоғары палатаның депутаттары салық жүктемесін азайтып қана қоймай, бизнеске мемлекет тарапынан басқа да қолдау көрсету қажеттігін алға тартты. Ал ең көп шығынға ұшыраған экономикалық секторлардың тізімін Үкімет алдағы уақытта анықтайтын болды.